Кеше Кабулда лаңкестік жарылыс болды
Ауғанстанның астанасы Кабулдағы қанды жарылыстан кейін осы елдің Президенті Мұхаммад Ашраф Ғани бір күндік аза тұту жариялады.
Ол Кабул қаласындағы лаңкестік жарылыстан құрбан болғандарға құрмет ретінде жексенбі күнді аза күні деп жариялап, теледидар арқылы сөз сөйлегенде: «Ауғанстан лаңкестерді жеңеді»,-деп қуаттады.
Ауғанстан Президенті Кабулдағы лаңкестік әрекетті жасаушыларға тоқталып, олардың қоғам мен халық арасына іріткі салуды көздегенін айтып: «Лаңкестер өздерінің зұлым мақсаттарына жетпейді»,-деді.
Кабулдағы қауіпсіздік және медициналық көздердің хабарлауынша, Ауғанстан астанасы Кабул қаласында сенбі күні болған жарылыс салдарынан 80-ге жуық адам қаза тауып, басқа 300 адам жараланған. Кабулдағы лаңкестік жарылыс мыңдаған хазаре ауғанның Түркіменстанның электр қуатын Бамианның орнына Саланг жолы арқылы жеткізуге наразылық ретінде митинг өткізіп жатқан кезде орын алды. «Жарық» қозғалысы ұйымдастырған бұл митинг бейбіт түрде өтіп жатқан болатын. Кабул жарылысының жауапкершілігін ДАИШ лаңкестік тобы өз мойнына алды.
Саяси бақылаушылардың көзқарасынша, Кабулдағы лаңкестік жарылысқа бірнеше қырдан көңіл аударуға болады: біріншіден, ДАИШ лаңкестік тобы осы жарылысты жасау арқылы өзінің Ауғанстандағы құзыры мен күш-қуатын көрсетуге тырысты; екіншіден, жарылыс шиіт мазхабын ұстанатын хазарелік ауғандардың арасында болды, яғни, ДАИШ лаңкестік тобы Ауғанстан халқы арасындағы шиіттер мен аз ұлттарды нысанаға алу арқылы іріткі тудыруды көздейді; үшіншіден, ДАИШ лаңкестік тобы халық арасында жарылыс жасау арқылы үрей мен қорқыныш тудырып, соңғы кездері Ауғанстан армиясының осы елдің әртүрлі аймақтарында өзін жеңіліске ұшыратқанының кегін алуды көздеді. Саяси бақылаушылардың көзқарасынша, Талибан Кабулдағы жарылысты айыптағанымен, бұл топтың қатігез қатынасы және олардың Ауғанстанның әртүрлі аудандарында, соның ішінде Кабулда қанды шабуылдар жасауы Ауғанстан үкіметінің ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ауыр қиындықтарға ұшырауына себеп болды. Сондықтан Ауғанстан халқы Талибанның Кабул жарылысын айыптап, өз қылмыстарын жасыруын қабылдамайды. Ауғанстан халқының көзқарасынша, егер Талибан осы ел халқының жаны мен малын бағалайтын болса, өзі қанды шабуылдарды жалғастырып, Ауғанстанда ДАИШ лаңкестік тобының пайда болуына жағдай жасаудың орнына Ауғанстанда бейбіт үдерістің орындалу жолында әріптестік жасап, лаңкестермен күресуі тиіс. Бұл жағдайда Батыс елдері, әсіресе 15 жылдан астам уақыт бойы Ауғанстанды өзінің әскери бақылауына алған АҚШ Кабулдағыдай лаңкестік жарылыстарды өздерінің осы елдегі әскери құзырын дәлелдеу үшін пайдаланып отыр.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Кабулдағы жарылыс сияқты шабуылдардың Вашингтонды Ауғанстанда әскери миссиясын жалғастыруға бекінте түседі деген сөздерін осы орайда бағалауға болады. АҚШ лаңкестік және экстремизммен күрес сылтауымен 2001 жылдан бері Ауғанстанға шабуыл жасап, оны басып алды. Алайда 15 жыл өтсе де, Ауғанстанда лаңкестіктің жойылмағаны былай тұрсын, бұл елдің халқы бұрынғыдай қанды қатігездіктер мен тынышсыздыққа душар болып отыр. Сондықтан Ауғанстан халқы үшін мынадай сауал туындайды: АҚШ үшін өзінің Ауғанстанда болу қажеттігін дәлелдеп, оны бір әскери базаға айналдыруы маңыздырақ па, әлде лаңкестікпен күресу басымдырақ па? Ауғанстанда лаңкестіктің жалғасуы АҚШ-на осы елдегі әскери құзырын жалғастыру үшін сылтау болып табылатыны күмәнсіз. Жапа шеккен халықты бәрінен бұрын осы шындық ашындырады.