Нигерия исламдық қозғалысы жетекшісінің жағдайы мүшкіл
Нигерия исламдық қозғалысы жетекшісінің перзенті әкесінің денсаулық жағдайын өте нашар деп сипаттады.
Иран Телерадио ұйымы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Нигерия исламдық қозғалысының жетекшісі Ибраһим Зәкзакидің ұлы Мұхаммад Зәкзаки ашық хатында Нигерия үкіметінің әкесін қорғаудағы әрекетін сынап, Ибраһим әл- Зәкзакидің денсаулығын нашар деп сипаттады.
Мұхаммад Зәкзаки әкесінің бір көзінен айрылғанын, қол-аяғының сал болып қалғанын, тіпті дәрігерге қаралып, адвокатпен жолығуға рұқсаты жоқ екендігін айтып, шейх Зәкзакидің қамауда отырғанын, денсаулығы өте нашар екенін мәлімдеді.
Нигерия исламдық қозғалысы жетекшісінің перзенті Нигерия армиясының мыңнан астам кісіні, соның ішінде үш бауыры мен апасын және көптеген жақын туыстарын өлтіріп, оларды жасырын түрде жерлегенін айтты.
Нигерия армиясы 2015 жылы 12 желтоқсанда исламдық қозғалыс мүшелері армияның штаб басшысының керуені өтетін көшені жауып тастап, оған қастандық жасамақ болды деген сылтаумен оқ атып, 347 адамды өлтірді.
Нигерия исламдық қозғалысы мыңға жуық адам өлтіріліп, олардың көбісі ұжымдық көрге жерленді деп санайды.