Ресей ДАИШ-ке қарсы америкалық коалицияның адамгершілікке жат амалдарын қатты сынады
Ресей Қорғаныс министрлігінің ақпарат өкілі генерал Игорь Конашенков жексенбі күні АҚШ Қорғаныс министрлігінің (Пентагонның) осы елдің әуе шабуылдарында Мосул тұрғындарының үсті-үстіне қырылуын түсіндіруін қабылдауға келмейді деп атап, америкалық коалицияның басқарылатын бомбаларынан халықтың жаппай қырылып жатқанын хабарлады.
Ол Пентагонның АҚШ ұшақтарының бомбалауы кезінде Мосулдың көптеген тұрғынының құрбан болуының себептері жөнінде айтқан уәждерін негізсіз деп атады.
ДАИШ-ке қарсы америкалық коалиция құрылған 2014 жылдың ортасынан бастап осы күнге дейін осы коалицияның ұшақтары Ирак пен Сирия халықтарына қарсы көптеген шабуыл жасады. Бұл шабуылдар көптеген адамдардың қаза болуы мен жаралануына себеп болды.
Бұл шабуылдар ДАИШ лаңкестік тобының позициялары мен мүшелеріне қарсы жасалды деген сылтау айтылса да, неліктен осы коалицияның шабуылдары аталмыш екі елдің көптеген жазықсыз адамдарының қаза болуына әкеліп соқтырады деген сауал туындайды.
Халықаралық сахнада қатты дау тудырған шабуылдардың ең соңғы біреуі америкалық ұшақтардың Ирактың Мосул қаласындағы бір ғимаратқа жасаған шабуылы болды. Соның салдарынан көптеген тұрғындар америкалық ұшақтардың басқарылатын бомбаларының құрбанына айналды.
Осындай жағдайда өздерін адам құқығының негізгі қорғаушысы санайтын америкалықтар осы мәселеге немқұрайлы қарап отыр. Ресейдің жоғары лауазымды қайраткерлері соңғы айларда Сирия мен Ирактағы тұрғын аудандар, соның ішінде Мосулдың америкалық коалиция тарапынан бомбаланғанын бірнеше мәрте сынға алып, шабуылдардың тоқтатылуын талап етті.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жуырда америкалық ұшақтардың Мосулдың тұрғын аудандарын ауқымды түрде бомбалағанына тоқталып, осы қала тұрғындарын жаппай қырудың жалғасып жатқанын талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысын өткізуді талап етті. Оның айтуынша, америкалық ұшақтардың өткен айларда Мосулға жасаған әуе шабуылдарында шамамен 100 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Лавров тоқталған келесі мәселе мынадай: бұл бомбалаудың бір сағаттан артық уақытқа созылғанын ескерсек, америкалықтардың нысананың әскери аймақ емес екенін түсінбей қалуы таңқалдырады.
Батыс елдері Сирия армиясы мен оның одақтас күштері тарапынан жүргізілген Алеппоны тәкфиршіл лаңкестердің қолынан азат ету амалдары кезінде Ресей мен Сирия ұшақтарының бомбалауы барысындағы бейбіт тұрғындардың айтарлықтай шығыны болғаны туралы ауқымды жарнамалық соғыс жүргізген жағдайда АҚШ Мосулдағы бейбіт тұрғындардың қазасына көңіл аудармай отыр.
Мынадай сауал туындайды: егер әуе шабуылдары барысында халықты өлтіру адамгершілікке жат болса, неліктен америкалықтар мен олардың ДАИШ-ке қарсы коалициядағы серіктестері Мосулды бомбалау барысында халықтың қырылу себептері туралы қанағаттандырарлық түсініктеме бермей, керісінше осы мәселеге немқұрайлы қарап, оны қосалқы шығын санайды?
Қолда бар құжаттар мен куәлерді сараптау барысында осы әуе шабуылдарында ДАИШ-ке қарсы америкалық коалицияның, әсіресе америкалық ұшақтардың бейбіт тұрғындардың шығынын азайтуға қажетті сақтық шараларын атқаруда салғырттық танытқанын көрсетеді. Шын мәнінде бұл әуе шабуылдардың көбі қажетсіз, межеден тыс қатал немесе мақсатсыз шабуылдар болған.
Осы салада Ресей ғана емес, адам құқығы ұйымдарының көбі ДАИШ-ке қарсы америкалық коалицияға қатаң сын айтты. Халықаралық Кешірім ұйымы 2016 жылдың қараша айында ДАИШ-ке қарсы америкалық коалицияның Сирияда бейбіт тұрғындардың шығынын болдырмауға қажетті сақтық амалдарын орындамағанын және өз шабуылдарының бейбіт тұрғындарға әсерін мардымсыз деп бағалағанын жариялады.