АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды жою үшін шарт қойды
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпарат хатшысы Джон Корби сәрсенбі күні Ресейге қарсы санкциялардың бұл елдің Қырымды басқарып тұрған кезіне дейін жалғасын табатынын хабарлады.
Қырым түбегі 2014 жылдың наурыз айында өткен референдумның нәтижесінде Украинадан бөлініп шығып, Ресейге қосылды. Украина мен оның одақтастары бұл референдумды қабылдамады. Батыс елдері Қырымның Ресей аумағына қосылғаннан кейін Мәскеуге қарсы санкциялар сала бастады. АҚШ Президенті Барак Обама шамамен екі апта бұрын Ресейдің Украина ісіне араласуына қатысты санкцияларды тағы бір жылға ұзартты. Бұған қарамастан АҚШ-тың бір ресми қайраткері, яғни Мемлекеттік департаменті ақпарат хатшысының Қырымды Украинаға қайтарудың Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын жою шарты ретінде атауы бірінші рет болып отыр. АҚШ бастаған Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкцияларды жалғастырып, Украина мәселесі жөнінде Мәскеуді өз талабына тізе бүктіру үшін қысымдарды жалғастыру қажеттігін қуаттап отыр. АҚШ, Еуроодақ пен Жапония, Канада және Аустралия сияқты кейбір елдердің Ресейге қарсы кең ауқымды санкциялар салудағы ресми сылтауы – Украина дағдарысы, Мәскеудің Украинаның шығысындағы Донбасс аймағында (Луганск пен Донецкте) қарсыластарға қолдау көрсетуі және Қырымның Ресейге қосылуы. Басқа жағынан Ресей Батыстың қысымдарына тізе бүкпей, бұрынғыдай Украинаға қатысты өз ұстанымына табандылық танытып, Қырым түбегін сақтап қалуға күш салуда. Ресей сонымен қатар Еуроодақ пен Батыс блогындағы басқа елдерге қарымта санкциялар салуға кірісті. АҚШ осы үдерістің ілгерілеуін ынталандыруда басты рөл атқарды. АҚШ Батыстың көшбасшысы ретінде Ресейге қатысты жауластық саясат ұстанып, өзінің еуропалық және басқа одақтастарының көмегімен Мәскеуге қарсы әртүрлі шектеулер қабылдауға бағытталған ауқымды шараларды бастады. АҚШ-тың Ресейге қарсы шаралары саяси-экономикалық, қауіпсіздік және әскери салаларды қамтиды. АҚШ-тың экономика саласындағы мақсаты – санкция салып, Ресейдің экономикасын біртіндеп әлсірету арқылы Кремльді Украина дағдарысын шешуге қатысты Батыстың шарттарын қабылдауға мәжбүрлеу. Украина дағдарысын Қырымды қайтарып алу үшін қолайлы мүмкіндік ретінде пайдалана алған Мәскеу үшін АҚШ-тың талабына мойынұсыну мен Қырым түбегін қайта қайтару – орындалмайтын мәселе. Кремль басшыларының көзқарасынша, Қырым ешқашан шынайы түрде Украинаның бөлігі болмаған, тек мансап жолын Украинада өткізген сол кездегі Кеңес одағының Бас хатшысы Никита Хрущев 1954 жылы бұл түбекті Украинаға берген. Кремль басшылары Қырым түбегін Ресейден заңсыз тартып алынып, енді отанына қайтып оралған Ресей аумағының бір бөлігі санайды. Ресейліктер сол себепті оны Украинаға қайтару жайында ойламайды. Мұнымен қоса, Мәскеу Батыстың қысымдарына тізе бүкпей, бұрынғыдай Украинаға қатысты өз ұстанымына табандылық танытып, Қырым түбегінің мәңгілікке Ресейге тиесілі екендігін баса айтып отыр. Осы негізде АҚШ пен Ресейдің әсіресе Украина дағдарысына қатысты қарама-қайшы ұстанымдарын назарға ала отырып, екі елдің текетіресі жалғаса түседі деп болжауға болады.