Иран, Оман мен Үндістанның үшжақты отырысы өтті
(last modified Sun, 24 Sep 2017 10:29:04 GMT )
Қыр 24, 2017 16:29 Asia/Almaty
  • Иран, Оман мен Үндістанның үшжақты отырысы өтті

ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф, Оманның Сыртқы істер министрі Юсеф бен Алави және Үндістан Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж үшжақты отырыста аймақтық және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы осы отырыста талқыланған тақырыптарының бірі болды.

Оман – Иран мен «алтылық» елдері (Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, АҚШ пен Германия) арасындағы ядролық келіссөздер барысында өзіндік рөл атқарған елдердің бірі. АҚШ та «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының бір тарабы ретінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына сәйкес Иранға қарсы салынған санкцияларды жоюға, Иранда экономикалық немесе инвестициялық белсенділіктерге кедергі келтіретін кез келген шарадан қандай сылтау болса да, бас тартуға міндеттеме алды.

Алайда, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы АҚШ тарапынан бұзылды. Мұнда ешқандай күмән жоқ. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының 26,28,29 баптарында барлық тараптардың осы міндеттемелерді орындау қажеттігі қуатталған. Бірақ, АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан кейінгі қатынасы, ұстанымдары мен шешімдері  бұл елдің аталған баптарды бұзғанын көрсетеді. АҚШ «Иран баллистикалық зымырандар сынау арқылы БҰҰ-ның қарарларын сақтамады, сол себепті бұл ел қатер саналады» деген уәж айтып, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы мен ядролық келіссөздерге еш қатысы жоқ сылтаумен Иранға қарсы жаңа санкциялар салды.

Бұл санкциялар үш белгілі тақырыпқа арналды: біріншісі – баллистикалық зымырандарды сынауға қарсылық; екіншісі – Иранның аймақтағы рөлін қауіп деп көрсету; үшіншісі – Иранды лаңкестік топтарды қолдап отыр деп айыптау.

Алайда мынадай сауал туындайды: АҚШ ядролық келіссөздерден тыс тақырыптарды көтеріп, оларды «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасымен байланыстыру арқылы нені көздейді? Трамптың мақсаты «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын әсерсіз келісімге айналдырып, одан біржақты негізде шығу ма, әлде Иранды өзінің аймақтағы авантюристік жолына енуге мәжбүрлеу ме? Немесе АҚШ-тың мақсаты Иранның аймақтағы тежегіш және қорғаныстық қуатын әлсірету ме?

Америкалық сарапшы Джим Уолш Press TV телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Иранға қарсы санкция салу саясатын сынап: «Менің ойымша, санкция салу саясаты – жөнсіз саясат. Санкциялар Иранның зымырандық бағдарламасын тоқтата алмайды»,-деді.

Кейбір бақылаушылардың пайымдауынша, Трамп осындай уәждер арқылы Иранды қатаң реакция көрсетуге итермелегісі келеді. Сол арқылы  Иранды аймақта дағдарыс тудырушы деп  айыптап, содан соң осы сылтаумен өзінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығуын негіздегісі келеді. Қалай болғанда да, Иран АҚШ-тың әрекеттерін «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының орындалуын бақылау комитетінің аясында жіті бақылап отыр. Ислам революциясының жетекшісі  осыдан бұрын Трамп сайлауалды науқанында «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын жыртып тастайтынын айтқан кезде: «Егер АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын жыртатын болса, біз оны өртеп жібереміз»,-деген болатын.

АҚШ-тың қазіргі мақсаты «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын әлсірету сыңайлы, ал Трамптың келесі мақсатының не болары бірнеше факторға байланысты.  Солардың ең маңыздысы – АҚШ тарапынан «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының бұзылуына Иранның реакциясы. Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтау үшін белгілеген қызыл сызығы оның өз мүддесі сақталғанға дейін болатыны анық. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы аталмыш шеңберден шығып кететін болса, Иранның бұл бағдарламада қалуы екіталай.

 

Тегтер