Қарабах аймағында қақтығыстар шиеленісе түсті
(last modified Sun, 03 Apr 2016 09:18:14 GMT )
Сәу 03, 2016 15:18 Asia/Almaty
  • Қарабах аймағында қақтығыстар шиеленісе түсті

Хабардар көздер Әзірбайжан Республикасы мен Армения қарулы күштерінің арасында қақтығыстардың ушыққанын, әзірбайжандық және армениялық күштердің арасында бітім келісімінің бұзылғанын хабарлады.

Мұндай қақтығыстар 1994 жылы екі ел арасында бітім келісімі жасалғаннан бері бұрын-соңды болмаған. Осы қақтығыстарда екі тараптың әскери қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарының қаза болуымен қатар, мамандар аймақтағы соғыстың жалғасуы бөгде үкіметтердің аймақтағы құзыры мен ықпалы үшін жағдай тудырып, бұл мәселенің тіпті жауласушы екі елге де зиянын тигізетінін айтуда. Мұнымен қатар, бөгделерге қарасты әсірешіл топтар қазіргі ушыққан жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, аймаққа бұрынғыдан бетер ықпал етуге талпыныс жасауда.

Шекаралық қақтығыстардың ушығуы туралы хабар жеткеннен кейін Теһран ресми түрде қақтығысушы екі тарапты ұстамдылық танытуға шақырды.

ИИР-ның Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы Хосейн Джабери Ансари: «Аймақ әсірешіл топтардың бүлдіргі іс-әрекеттерінің куәсі болып, тыныштық пен тұрақтылықты қажет етіп отырған жағдайда Қарабах аймағында Әзірбайжан Республикасы мен Армения арасында қақтығыстардың шиеленісуі туралы суыт хабардың жетуі ИИР-ның алаңдаушылығына себеп болды. Теһран солтүстіктегі екі көршісін ұстамдылық танытып, жағдайды қиындататын кез келген іс-әрекеттен аулақ болуға шақырып, оларға қақтығыстарды дереу тоқтатып, бейбітшілік топтары мен БҰҰ шеңберінде бар талпыныстарын екіжақты келіспеушіліктерін шешіп, тыныштықты қайтаруға бағыттауға кеңес береді» деді.

Мамандардың айтуынша, жауласушы екі көршілес елдің арасындағы қақтығыстардың жалғасуы аймақтағы үкіметтердің мүдделеріне қайшы келуімен қатар, аймақтағы халықтардың мүдделері үшін де зиянды болып табылады. Шәксіз, текетірестің жалғасуы аймақтағы шиеленіскен жағдайдың одан ары ушыға түсуіне себеп болып, соғыс отын басқа аймақтарға дейін жеткізуі мүмкін. Бұл оқиға аймақ тыныштық пен қауіпсіздікті қажет етіп отырған жағдайда орын алуда.

Мамандардың пайымдауынша, өткен жиырма жылда Таулы Қарабахқа қатысты дауды шешуде аса табысты болмаған Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск бітімгер тобы қазіргі жағдайда басқа уақытқа қарағанда жағдайды көбірек бақылап, дағдарысты шешуі керек еді.

АҚШ, Ресей мен Франция БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты үш мүшесі әрі Минск бітімгер тобының ортақ басшылары ретінде осы қақтығыстарға араласумен қатар, соғыстың таралуы мен кейбір әсірешіл топтардың оны теріс мақсатта пайдалануының алдын ала алады. Екі тараптың келіспеушіліктерінің әсіресе өткен екі жылда ушығуын назарға алсақ, екі ел арасындағы қақтығыстардың кез келген сәтте шиеленісе түсуі тосын жағдай емес еді. Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск бітімгер тобының бітім келісімінің бірнеше қайтара бұзылуына қатысты немқұрайдылығы мен бұл мәселеге үстіртін қарауы екі ел қарулы күштерінің қазіргі ушыққан жағдайға тап болуына себеп болды.

Бұдан бұрын да бұл мәселенің ушыға түсуі күтілген. Бұған қарамастан, осы уақытқа дейін әзірбайжандық-армениялық текетірес барысында да өзінің экономикалық және саяси мүдделерін көздеп келген Минск бітімгер тобының басшылары қазір дағдарысты қолға алып, Минск тобы басшыларының кейбір кемшіліктерін жасырып, бұл дағдарыстың аймақтан тыс жерлерге өрістеуінің алдын ала алады.

Тегтер