АҚШ-тың Иранға қарсы дұшпандық саясаттары жалғасуда
АҚШ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққаннан кейін түрлі тұрғыдан Иранға қарсы қысымды күшейтуге көшті.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылы мамырдың сегізі күні Иранға қарсы негізсіз уәждерін қайталап, елінің "Ортақ қадам" келісімінен шығып, алдағы 3-6 айдың ішінде ядролық санкцияларды қайтадан күшіне енгізетінін мәлімдеген болатын.
АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларының алғашқы легі 2018 жылы тамыз айының жетісінен бастап күшіне еніп, бұл әрекет халықаралық деңгейде ауқымды айыптауға ұшырады. Мұнай экспортына қатысты санкцияларды да қамтитын АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларының екінші легі 2018 жылдың қараша айының төртінен бастап күшіне енбек. АҚШ-тың қазіргі негізгі мақсаты ядролық санкцияларды екі кезеңде қайта күшіне енгізу арқылы Иранның мұнай сату мен басқа елдермен кез келген қаржылай, банктік, сауда-экономикалық әрекеттестіктеріне жол бермей, ақырында Иранның экономикасын құлдырату саналады. Шынтуайтында, АҚШ Иранмен ауқымды экономикалық соғыс бастады. Осыған байланысты АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бір баспасөз отырысында Мемлекеттік департаменттің Вашингтонның "Ортақ қадам" бағдарламасынан шыққаннан кейінгі Иранға қарсы талпыныстарын басқарып, үйлестіру мақсатында арнайы топ құрғанын мәлімдеді. Помпеоның мәліметіне сәйкес, бұл топты басқару міндеті Вашингтон мен Еуропа одағының ядролық келісімге өзгерістер енгізу туралы келіссөздеріне басшылық еткен АҚШ Мемлекеттік департаментінің саясаттану жөніндегі кеңсесінің басшысы Брайан Хуктың мойнына жүктелді. Шын мәнінде, тиісті шара қолдану тобын құрудың мақсаты басқа мемлекеттерді Вашингтонмен Иранға қарсы қысымдарды күшейту ісінде бағыттас болуға көндіру болып табылады. Бұл арнайы топтың діттегені басшысы айтып өткендей, Иранды АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның жуырда Теһраннан сұраған 12 бөлімнен тұратын шарттарына көндіру саналады. АҚШ Иранның осы салалардағы іс-әрекетін өзгертуді, Иранның ядролық бағдарламасы мен зымырандық бағдарламасын толығымен тоқтатып, Иранның аймақтық саясаттары мен әрекеттерін қойдыруды қалап отыр. АҚШ Иран Ислам Республикасының жүйесін құлатуды көздеп отыр. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік департаментінен құрылған арнайы топ Иранға қарсы санкция мәселесіне қатысты 24-тен астам елге сапармен барып, алдағы айлардың ішінде басқа елдерге де сапар жасайтын болады. Америкалықтар сәтті келіссөздер өткізіп, Ираннан мұнай сатып алып отырған елдердің АҚШ-қа Иранның мұнай экспорты көлемін нөлдік деңгейге жеткізу мақсатын жүзеге асыруда көмектесіп, бұл іске берік болып қалатындықтарына үміттеніп отыр. Алайда, бүгін Вашингтонның Иранның мұнай өндірісіне санкция салу туралы үмітінің бос қиял екендігіне куә болып отырмыз. Себебі, ҚХР мен Түркия секілді Иран мұнайының кейбір негізгі сатып алушылары Ираннан мұнай сатып алуды жалғастыратынын баса айтып, Үндістанның да Ираннан мұнай сатып алуды қалайтынын көріп отырмыз. Мұнай нарығының белсенділері АҚШ-тың Иранның мұнай экспортына қарсы санкциялары салдарынан мұнай бағасы 150 долларға жетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл мәселе әлемдік экономикалық өсімге теріс әсерін тигізіп, көптеген елдер тарапынан қабылданбайды.