Горганнан Ақтау қаласына қатынайтын тікелей әуе рейсі ашылады
Гүлстан провинциясының әкімі бастаған ирандық делегация бір күндік сапармен Қазақстанның Маңғыстау облысына барды.
Сапар барысында өткен келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан мен Иран арасында экономикалық әріптестік пен сауда айналымын жеңілдету мақсатында Горган-Ақтау тікелей әуе рейсі ашылатын болды.
Гүлстан провинциясының Мәдени мұра, қолөнер және туризм департаментінің мәдени істер және қоғамдық қатынастар бөлімінің хабарлауы бойынша, қазан айының 19 күні доктор Сейіт Монаф Хашеми мен Гүлстан провинциясының бірқатар басшылары мен кәсіпкерлері Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың шақыруымен Ақтауға келіп, ұзақ мерзімді экономикалық байланыстар, өзара қарым-қатынас пен әріптестікті нығайту және кеңейту жөнінде түсіністік меморандумдарына қол қойды.
Туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, балық шаруашылығы және сауда салаларында меморандумдарға қол қою мақсатында жасалған сол сапарда Гүлстан провинциясының Мәдени мұра, қолөнер және туризм департаментінің басшысы Ибрахим Карими де делегацияның құрамында болды.
Гүлстан провинциясының әкімі Маңғыстау облысының әкімімен кездесуінде сөйлеген сөзінде Гүлстанның туризм саласында теңдессіз әлеуеттерге ие екенін, Гүлстан мен Маңғыстау қарым-қатынасының туризмнің дамуына септігін тигізе алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, кездесуде Сейіт Монаф Хашеми Маңғыстау облысының әкімін Гүлстан провинциясында өтетін "Ұлттар мәдениеті" атты он екінші халықаралық фестивальға қатысуға шақырды.
Гүлстан провинциясының Мәдени мұра, қолөнер және туризм департаментінің басшысы Ибрахим Карими қол қойылған келісімдерге тоқталып: "Осы сапарда жасалған келісімдердің бірі Горган-Ақтау тікелей әуе рейсін ашу болды. Бұл бастама бірнеше келісімнен кейін сол күйі орындалмай қалған болатын. Кездесуде Гүлстан мен Ақтау әуежайларының басшылары осы әуе рейсін ашу үшін қажет келісімдерге қол жеткізді. Жақында рейстің ашылуына куә боламыз.
Сондай-ақ, Гүлстан провинциясы мен Маңғыстау облысының туризм саласындағы белсенділері келіссөздерде екі облыстың да Горган-Ақтау әуе рейсінің тиімді түрде ашылуына талпыныс жасауына келісті. Өйткені, бұл тақырып екі елдің туристік қарым-қатынасын дамытып, қарқындатуға айтарлықтай әсер етеді",-деді.
Осы сапарда туризм мен тасымалды (темір жол, әуе, автобус және теңіз), ауыл шаруашылығын (ет, ауыл шаруашылығы өнімдері, су жануарларын өсіру, дәнді-дақылдар), сауда мен инженерлік-техникалық қызметтерді дамыту, экспорт және импорт, банкаралық әріптестік, университеттер арасындағы байланыстар, ғылыми-технологиялық қатынастар және денсаулық туризмі салаларын қамтыған 5 топта В2В келіссөздер өткізілді.
Қазақстан – дәнді-дақылдың көп түрін өндіретін елдердің бірі. Гүлстан провинциясы Инче-Бурунның еркін аймағы мен құрғақ айлағының әлеуеттері негізінде Қазақстанмен тиімді сауда жасай алады.