Ресей Тәжікстан мен Қырғызстанда аймақтық әуе қорғанысы жүйесін құрады
Ресей Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Павел Коротченко Тәжікстан мен Қырғызстанда аймақтық әуе қорғанысы жүйесі құрылатынын мәлімдеді.
Ресей мен Армения арасында келісімге қол қойылғаннан кейін Орталық Азияның екі елінде аймақтық әуе қорғанысы жүйесін орнату туралы хабардың жариялануы саяси орталардың назарын өзіне аударды.
ТМД елдерінің басшылары 1995 жылдың 10 ақпан күні Қазақстанның Алматы қаласындағы отырысында аймақтық әуе қорғанысы жүйесін құру туралы келісімге келіп, оның шарттарына сәйкес аймақтағы басқа елдердің де оған қосыла алатынын қуаттаған болатын.
Бүгінде Ресейдің Тәжікстан және Қырғызстанмен әуе қорғанысын құру шешімі жуырда Кремль қайраткерлері Ауғанстан, Тәжікстан мен Қырғызстан арқылы лаңкестік топтардың кіруі туралы алаңдаушылық білдірген жағдайда жарияланды.
Биылғы жылдың басынан бастап Ресейдің Қорғаныс министрінің орынбасары Ауғанстандағы қауіпсіздік жағдайына сілтеме жасап, осы елдегі тұрақсыздықтың Орталық Азия елдеріне өрістеуінің алдын алу мақсатында Тәжікстанға әскери күштер мен құрал-жабдықтар жөнелту қажеттігі туралы қуаттап келеді.
Анатолий Антонов өзінің Тәжікстанға соңғы сапары барысында тәжікстандық әріптесімен кездесіп, осы елге күш пен құрал-жабдықтар жөнелту бағдарламасын баяндаумен қатар, лаңкестік және әсірешілдікпен күресу қажеттігі, сондай-ақ, екі елдің әскери әріптестіктерін арттыру туралы сөз сөйледі.
Осыдан кейін Ресей мен Тәжікстан 50 мыңнан астам ресейлік және тәжікстандық күштің қатысуымен Тәжікстанның Хатлан аймағында лаңкестікке қарсы әскери жаттығулар өткізді.
Бұл мәселеде тұрақсыздықтың үдеуі және Ауғанстанның тұрақсыз жағдайының Тәжікстанға қарай өрістеуіне байланысты алаңдаушылық байқалады. Сонымен қатар, бұл жаттығулар Ресейдің Орталық Азия аймағында, соның ішінде Тәжікстанда болжанбаған әскери қақтығыстарға араласуға әзірлігін көрсетеді.
Аталмыш жаттығулардың Тәжікстанның оңтүстігінен бастап 5 аймақта өткізілуі, Ресейдің 50 брондалған көлігі, СУ-25 қырғи ұшақтары, МИ-24 және МИ-8 тікұшақтары, Тәжікстанның Айни базасы, Ресейдің Новосибирск базасы мен Қырғызстанның Кант базасынан ұшқан ТУ-22М3 бомбалаушы ұшақтарының қатысуы осы пікірді растауға көмектеседі.
Ресейдің Тәжікстан мен Қырғызстанда аймақтық әуе қорғанысы жүйесін құру мәселесі аймақтағы қауіпсіздік және саяси жағдайға байланысты болып отыр.
Пәкістан мен Қытай сияқты кейбір аймақтық ойыншылар да Орталық Азия елдері, соның ішінде, Тәжікстанмен әскери ынтымақтастықтарын нығайтуға мүдделік танытуда.
Тәжікстан мен аймақтағы басқа да елдердің аймақтық белсенділермен әскери әріптестік жасауға деген ынтасы Ресейді шамамен 20 жыл бұрын жасалған келісімді жүзеге асыруға итермелеген көрінеді.
Бақылаушылардың пікірінше, Ресей мен Тәжікстан және Қырғызстан арасында әуе қорғанысы жүйесін құру келісімінің жүзеге асырылуына не себеп болса да, Ресейдің бұрынғы Кеңес үкіметінің шекаралары шеңберіндегі саяси, әскери және қауіпсіздік қатынастары, сондай-ақ, аймақтық және халықаралық деңгейдегі қатынастардағы ықпалына қайта оралуды көздеп отырғанын ұмытпаған жөн.