Лаңкестік пен қолдаушылардың жеңіліс тапқан қастандық жобасы қайталанды
Батыс елдері мен аймақтың кейбір кертартпа елдері Ислам революциясы жеңіске жеткен кезден бастап Иран халқына зиян тигізу үшін лаңкестерге қолдау көрсетіп келеді.
Лаңкестерді демеушілер осы сценарийде «Мұнафықтардан» бастап, Комала мен ДАИШ-ке дейінгі лаңкестік топтарды қолдады. Бірнеше ай бұрын олардың «әл-Ахвазия» атты лаңкестік топты қолдайтыны әшкере болды. Кешегі Чабаһардағы лаңкестік оқиғасы да осы тізімнің қатарында.
Бір лаңкес бейсенбі күні жарылғыш зат қойылған бір жеңіл көлікті пайдаланып, Иранның Систан мен Балучистан облысындағы Чабаһар ауданында тәртіп сақтау күштерінің бөлімшесіне шабуыл жасауды мақсат тұтты. Бірақ ол тәртіп сақтау күштерінің қарсылығына ұшырағанда жарылғыш зат қойылған көлікті штабқа кіре берісте жарып жіберді.
Шабуылда 2 адам шәһид болып, 40 азамат, соның ішінде бірнеше әйел мен бала қатты жарақат алды. Шабуыл жасаған адам өлтірілді.
Бұл лаңкестік шабуыл дұшпандардың Иранның тыныштығы мен тұрақтылығын бұзып, оны қауіпті етуді көздеп отырғанын көрсетті.
Дұшпандардың ИИР-ның абырой-айбыны мен беріктігіне төзбейтіні айқын. Өйткені, ИИР жүйесі оларға қатты қарсылық білдіріп, лаңкестер мен олардың демеушілеріне ауыр соққы берді.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының ақпарат хатшысы сардар Рамазан Шарифтің айтуынша, лаңкестік топтар көбінесе Сауд Арабиясы сияқты бөгде елдердің қауіпсіздік қызметтерімен байланыста және әрдайым Иранның шекаралық аймақтарында тынышсыздық тудыруға күш салып жатыр.
Қылмыстық үштіктің, яғни АҚШ, Сауд Арабиясы мен Израильдің осы лаңкестік әрекеттердің, соның ішінде кешегі Чабаһар оқиғасының артында тұрғаны айқын.
Парсы шығанағы маңындағы кейбір кертартпа елдердің Иранның оңтүстігі мен шығысындағы лаңкестік топтарға ауқымды қолдау көрсетіп отырғаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, саудиялық тақ мұрагері Мұхаммад бен Салман асқан ерсілікпен тұрақсыздық пен қақтығыс отын Иран территориясына кіргізуге уәде беріп, сан рет ИИР жүйесін құлатуға бағытталған әрекеттерді қолдады.
Мұндай әрекеттердің сұрқия мақсаттарының бірі – оларды тайпалық және мазхабтық мәселелермен байланыстыру. Мұндай мәселелер Вашингтон, Тель-Авив пен эр-Риядта да ұйымдастырылады.
Халықаралық мәселелердің сарапшысы Сейіт Хади Сейіт Афқахи АҚШ-тың Иранға қарсы лаңкестік шабуылдардағы рөлі туралы: «Трамптың осы оқиғаларға қатысты сөздері ойландырады. Ол бірнеше рет кез келген құралмен Иранның режимін өзгерту қажеттігін айтты. Трамптың назарға алған жолдарының бірі – осындай лаңкестік шабуылдар. Ол «Иранның ішінде бейберекеттік тудыра аламыз» деп сан рет ашық қоқан-лоққы жасады»,-деді.
Лаңкестік топтардың рухын көтеріп, ИИР пен Пәкістанның қарым-қатынасын бұзу да осы лаңкестік әрекеттің мақсаттарының қатарында.
Әрине мұндай лаңкестік әрекеттердің әскери маңызы жоқ әрі жобалаушыларды алдын ала белгілеген мақсаттарға жеткізе алмайды. Алайда, бұл арада қай топтың қандай қолдауда болғанына қарамастан, лаңкестердің өз әрекеттерінің сазайын толық тартатыны күмәнсіз.