АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы жобасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде қабылданбады
Венесуэлада жуырда болған саяси өзгерістер мен АҚШ-тың осы елдің ішкі ісіне ашық түрде араласып, қолдау көрсетуі әлемде, әсіресе Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдердің теріс реакциясына ұшырады.
Венесуэла Ұлттық конгресінің бұрынғы басшысы Хуан Гуайдо сәрсенбі күні өзін осы елдің уақытша президенті ретінде таныстырып, артынан ант қабылдағаннан кейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Венесуэладағы заңды үкімет пен сайлау үдерісін назарға алмастан, Гуайдоны осы елдің Президенті ретінде ресми түрде таныды.
Вашингтон Венесуэлада демократия орнату үшін экономикалық және дипломатиялық барлық құралдарды пайдаланатынын жариялады.
0АҚШ сенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Венесуэла оппозиционерлерінің басшысы Гуайдоны қолдау туралы қарардың жобасын ұсынды.
Жобада Венесуэланың соңғы президенттік сайлауы заңсыз деп саналып, Мадуро үкіметі оппозиционерлерге күш қолданды деп айыпталды. Бұған қарамастан, Ресей мен Қытай АҚШ-тың ұстанымына қарсылық білдіріп, Вашингтон ұсынған қарардың жобасына вето жариялады.
Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя Қауіпсіздік кеңесінің Венесуэла туралы күн тәртібіндегі мәселесіне қарсылық білдіріп: «АҚШ Венесуэладағы төңкеріске қолдау көрсетті»,-деді.
Соның артынша АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Гуайдоны Венесуэла Президенті деп атап, оған қолдау көрсетуді сұрағанымен оның талпыныстары нәтиже бермеді.
АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі екі алпауыт ел – Ресей және Қытаймен текетіресін біржақтылық пен көпжақтылық арасындағы әлемдік тайталас аясында сараптауға болады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Вашингтонның Мәскеу және Бейжіңмен бетпе-бет келу сахнасына айналуы алғаш рет емес. Соңғы бірнеше жылда кейбір маңызды халықаралық мәселелерді, әсіресе Сирия дағдарысын талқылауда осындай текетірес орын алған.
Шын мәнінде, АҚШ Кеңес одағы құлағаннан кейінгі кезеңдегідей өзін әлемдегі жалғыз алпауыт санайды. Оның ойынша, аймақтық және халықаралық оқиғалар оның талап-тілектері мен мүдделері аясында орындалып қана қоймай, басқа елдер де оның көзқарастары мен тәсілдерін ешбір себепсіз ұстануға міндетті.
Бұл біржақтылық АҚШ-тың жанжалды Президенті Дональд Трамптың кезінде қатты күшейіп, саясат, сауда және қауіпсіздік салаларында әлем бойынша қарсылық тудырған әртүрлі саясаттар мен шаралардың қабылдануына себеп болды.
Қазіргі таңда АҚШ-тың халықаралық деңгейдегі ең маңызды бәсекелестері – Ресей мен Қытай. Бұл елдердің пайымдауы бойынша, Трамп үкіметінің қазіргі саясаттары мен шаралары әлемдегі көпжақтылық пен БҰҰ-ның маңызды рөліне күн сайын қауіп төндіріп отыр.
Шын мәнінде, Вашингтон халықаралық заңдар мен ережелерге, басқа елдердің ішкі істеріне араласпау принципі мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің міндеттеріне көңіл аудармастан, іс жүзінде өзін «әлемнің полициясы» санап, әртүрлі елдерге, әсіресе Венесуэлаға қатысты шешім қабылдауға мүдделі.
Бұған қарамастан, әлемдегі үдерістер мен АҚШ-пен бәсекелес елдердің, әсіресе Ресей мен Қытайдың күш-қуатының артуы іс жүзінде Вашингтонның талап-тілектері мен шараларына мықты тосқауыл болып, Трамп үкіметінің талай рет, соның ішінде Қауіпсіздік кеңесінде Венесуэланың заңды үкіметіне қарсы шарасында айқын сәтсіздікке ұшырауына себеп болды.