ДАИШ-ке қарсы коалицияның отырысында Вашингтон бұрынғы уәждерін қайталады
АҚШ Президенті Дональд Трамп 2018 жылдың желтоқсан айының 19 күні америкалық күштердің Сириядан шығарылатынын мәлімдеді. Ол бұл істің себебін ДАИШ-тың Сириядағы жеңілісі деп атады.
Вашингтонда өткен ДАИШ-ке қарсы халықаралық коалицияға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің біркүндік отырысы барысында сөз сөйлеген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Сириядан шығуды ДАИШ-пен күрес деп аталатын ескі майданның жаңа кезеңі деп атап, Вашингтонның бұған қатысты саясаты мен стратегиясының өзгермегенін мәлімдеді.
Америкалық күштердің Сириядан шығарылуының басты себебін ДАИШ-тың жеңілісі санайтын Трамптың сөзіне керісінше, Помпео Вашингтонда ДАИШ-ке қарсы халықаралық коалицияға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің біркүндік отырысында сөйлеген сөзінде ДАИШ-ты толық жеңіліске ұшыратқанға дейін күресу қажеттігін қуаттап: "АҚШ күштерінің Сириядан шығарылуы АҚШ-тың ДАИШ-пен күресінің соңы саналмайды",-деген уәж айтты. АҚШ Мемлекеттік хатшысы ДАИШ лаңкестік тобының әлі күнге дейін Иракта жүргеніне тоқталып, ДАИШ-тың тармақтарына шабуыл жасап, оларды жеңу керектігін баса айтты.
Осындай жағдайда Трамп жуырда Сирия мен Иракта ДАИШ-тың жойылғанын мәлімдейтінін айтты. Шын мәнінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы мен Президентінің ДАИШ-тың жағдайы туралы сөздері бір-біріне қарама-қайшы. Бұл АҚШ үкіметінің осы елдің басты сыртқы мәселелері жөнінде біртұтас әрі үйлесімді көзқарасқа ие емес екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, Трамп АҚШ-тың ДАИШ-тың әрбір бөлшегін жоюға міндетті екендігі және халықты лаңкестіктен қорғайтыны туралы уәж айтты. Трамптың бұл уәжі де шындыққа жанаспайды. Трамп 2016 жылы АҚШ-та президенттік сайлау науқаны барысында Обама үкіметін ДАИШ лаңкестік тобын құрды деп айыптағанын есінен шығарып алған сыңайлы.
2011 жылы Сирияда дағдарыс басталғанда АҚШ батыс-араб коалициясын басқарып, өз мүдделері мен мақсаттарын ілгерілету үшін лаңкестік және экстремизммен күресудің орнына ДАИШ пен басқа да лаңкестік топтарды қолдауды бастады. Саяси сарапшы Иван Ипполитовтың айтуы бойынша, АҚШ-тың соңғы жылдардағы мақсаты өзінің сыртқы саясатын ілгерілету үшін ұдайы терроризм мен экстремизмді құрал ретінде пайдалануы болды. Соның салдарынан Таяу Шығыс елдері әлсіреп, терроризм мен экстремизмнің дамуына жағдай жасалды.
2011-2014 жылдары ДАИШ Сириядағы кейбір аудандарды ғана емес, Ирактың бірқатар қалалары мен аудандарын да басып алған кезде АҚШ солардың қызметінде болып, лаңкестік-тәкфирлік топтарды, соның ішінде ДАИШ-ты логистикалық тұрғыдан және қаржымен қамтамасыз етуде басты рөл атқарды. 2014 жылдан кейін ДАИШ-ке қарсы халықаралық коалиция құрылған соң АҚШ-тың мақсаты бұл лаңкестік топты бақылауға алынған аяда ұстап, сол арқылы оны Сирия үкіметі мен армиясы және оның одақтастарына қарсы қолдануды көздеді. Осылайша америкалықтардың ДАИШ-пен күрестегі шынайылығына күмән туындады.