Украина Президенті Ресеймен келіссөзге дайын екенін мәлімдеді
Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы 2014 жылы Киевте билік басына батысшыл үкімет келіп, Қырым Ресейге қосылып, Украинаның шығысында азаматтық соғыс басталған соң ушығып кетті. Ал 2018 жылы Керчь бұғазындағы теңіз қақтығыстарынан кейін қазіргі текетірес одан әрі өрши түсті.
2019 жылдың сәуір айында Украинада президенттік сайлау болып, Владимир Зеленский жеңгеннен кейін Ресей мен Украинаның қарым-қатынасында жаңа перспектива пайда болды. Украина Президенті 20 мамырда өтетін инаугурация қарсаңында осы елдің шығысындағы Донбасс аймағы дағдарысын шешу үшін Украина, Ресей, Франция мен Германия елдерінен тұратын "Нормандық төрттік" тобы аясында Ресеймен келіссөзді бастауға дайын екенін айтты.
Владимир Зеленский бұдан бұрын Ресеймен келіссөзді өзінің басты басымдықтарының бірі деп атап, Ресей Президенті Владимир Путинмен ықтималды кездесуінде талқыланатын мәселелерді санамалап өтті. Мәскеу басшылары Украина тарапынан арандатушы әрекеттер жасалмаған жағдайда диалог өткізуге дайын екенін растады. Ал бұл жағдайда Украина СІМ-нің ақпарат хатшысы осы ел Президентінің инаугурациясына Ресейдің шақырылмағанын хабарлады.
Минск келісімінің толық орындалмауы салдарынан Украинаның шығысында тығырықты жағдайдың жалғасуы және жалпы экономикалық жағдайдың ауырлығы бұл елдің саяси жағдайына да тынышсыздық әкелді. Еуропа мен АҚШ-тың Украинаның батысшыл үкіметіне экономикалық жағдайды тұрақтандырып, әскери қуатты нығайту үшін берген көмектеріне қарамастан, бұл ел халқы қазіргі тұрақсыз жағдайдан шығу үшін түбегейлі өзгерістердің жасалуын талап етіп отыр. Зеленский өз еліндегі бейбіт үдерісті Ресейдің әріптестігімен қайта жандандыруды мақсат тұтады. Зеленский өзінің жақтастарына олардың үміттерін ақтайтынын, Ресейдің көмегімен елде бейбітшілік орнататынын мәлімдеді.
Кейбір ақпарат құралдары Зеленскийді "Украина Трампты" деп атап, саяси сахнадағы жаңа тұлға санайды. Украина халқының Зеленскийге үміт артуы бәрінен бұрын олардың қазіргі саясаткерлерден көңілі қалғанын білдіреді. Мұнымен қатар, Зеленский Ресеймен текетіресті шешуге және Украинаны Еуроодаққа кіргізуге талпыну сияқты уәделер берді.
Әрине, Мәскеу Зеленскийдің сайлануына оң реакция көрсетіп, Украинадағы саяси өзгерістің екі елдің қарым-қатынасына оңтайлы ықпал ететініне үміттенеді.
Ресей СІМ мәлімдемесінде Зеленскийдің президенттік сайлауда жеңіске жетуі Украина халқының өзгеріске ұмтылысының нышаны деп аталды. Осы мәлімдемеде: "Жаңа Президент елдің ішкі және сыртқы саясатында өзгеріс боларына үміт сыйлады",-деді.
Зеленский сайлауалды уәделеріне сай Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға қадам жасайды деп күтіледі. Мәскеу де бұл жөнінде пікір білдіруді Зеленский басқаратын Украинаның жаңа үкіметінің сындарлы қадамдарымен байланыстырып отыр.