Ресей БҰҰ-ға Парсы шығанағының қауіпсіздігі туралы жоба ұсынды
(last modified Tue, 30 Jul 2019 16:08:28 GMT )
Шіл 30, 2019 22:08 Asia/Almaty
  • Ресей БҰҰ-ға Парсы шығанағының қауіпсіздігі туралы жоба ұсынды

Парсы шығанағында трансаймақтық елдердің әскери күштерінің орналасуы және соның салдарынан саяси және әскери қайшылықтардың артуы Ресей тарапынан осы геостратегиялық аймақтың қауіпсіздігі туралы жоба ұсынылуына себеп болды. Ресей СІМ осы аймақтың ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында доктрина ұсынды.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов "Парсы шығанағындағы ұжымдық қауіпсіздік ұғымы" атты құжатты өткен сейсенбіде Мәскеудегі шетелдік дипломаттарға ұсынды.  

Бұл құжат дүйсенбі, 29 шілдеде БҰҰ-да жарияланды. Бұл доктринаның басты негіздері кезең-кезеңмен әрекет ету, көпжақтылық және халықаралық заңдар, БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын нақты орындау сынды жайттарды қамтиды. Мәскеудің пайымдауынша, бұл құжаттың стратегиялық міндеті – аймақтағы барлық елдердің бірдей қатысуымен Парсы шығанағында ұжымдық қауіпсіздік және ынтымақтастық механизмін қалыптастыру.

Ресей СІМ-нің ресми сайтында жарияланған бұл құжаттың мәтініне сәйкес, көпжақты келіссөздер негізінде кеңестер өткізіп, нәтижесінде Парсы шығанағы аймағында әріптестік жасау және қауіпсіздікті сақтау саласында бір халықаралық конференция өткізудің алғышарттарын дайындау үшін бір бастамашыл топ құруға ұсыныс жасалды. Осы конференция барысында қауіпсіздік жүйесі мен оны қамтамасыз етуге қажетті шаралар туралы келісімдер жасалады деп жоспарланып отыр.

Мәскеу ұсынған шаралар қатарына аймақ елдерінің саяси-әскери басшылары мен мамандары арасында диалогты нығайту, әскери амалдар мен маневрлер орындау және әскери ұшақтардың ұшуын үйлестіру, бақылаушылардың құпия емес нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, тараптардың әскери қару-жарақтарымен танысу, Парсы шығанағында трансаймақтық елдердің әскери топтарын орналастырудан бас тарту және жалпы аймақта шетелдік әскерилердің санын азайту жатады.

АҚШ ішкі іске араласушы трансаймақтық алпауыт ел ретінде Ираннан үркіту саясатын жалғастырып, өзінің аймақта болуын түсіндіру үшін аймақтық коалициялар құруды көздеп отыр. Ал бұл жағдайда Ресей АҚШ-тың аймақтағы бейберекеттіктің бастауы санайтын Иранға қарсы айыптарын қабылдамай, Иранды қолдау позициясын ұстанып отыр.

ИИР аймақтың қауіпсіздігін аймақ елдерінің әріптестігі арқылы сақтау қажеттігін және аймақ мәселелерін диалог арқылы шешу қажеттігін талай рет айтып, осы салада жобалар ұсынды. Бұл жобалар Иранның мынадай көзқарасынан туындап отыр: Парсы шығанағының қауіпсіздігі оның маңындағы барлық елдердің әріптестігі арқылы қамтамасыз етіледі және аймақ үшін тиімді де тұрақты қауіпсіздік жүйесі шетелдік араласушылықсыз-ақ қалыптастырылады.

Қазір Мәскеу БҰҰ-да "Парсы шығанағындағы ұжымдық қауіпсіздік ұғымы" атты құжатты ілгерілету арқылы Парсы шығанағында қайшылықтарды азайту үшін жасалатын жаңа қадам ретінде оның аталмыш ұйым тарапынан қабылданып, орындалуына жағдай жасауды мақсат тұтып отыр.  

Тегтер