Ресей Каспий теңізі экономикалық саммитының маңыздылығын қуаттады
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: "Мәскеу алғашқы Каспий теңізі экономикалық саммитына қатты көңіл бөліп отыр. Бұл теңіз әлемнің ең ірі транзиттік жолына айналу потенциалына ие",-деді.
Сергей Лавров, сондай-ақ, Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдарының тілшілеріне берген сұхбатында: "Каспий теңізі аймағының экономикалық даму мәселелерін шешу – осы теңіз маңындағы елдердің оның құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғаннан кейін талқылайтын басты басымдықтарының бірі. Сол себепті Ресей Түркіменстанда өтетін Каспий теңізі экономикалық саммитына жоғары деңгейде қатысады",-деп мәлімдеді.
Ресей Сыртқы істер министрінің Каспий теңізі экономикалық саммитының маңыздылығы туралы сөздері бұдан бұрын ИИР басшыларының бірнеше рет Каспий теңізінің экономикалық әріптестік кеңесін құру қажеттігін айтып, соған қатысты бірнеше жоба ұсынған жағдайында айтылды. Алайда Ресей мен Каспий теңізі маңындағы басқа елдер Иранның ұсыныстарына көңіл аудармаған болатын. Алғаш рет 1993 жылы Иранның сол кездегі Сыртқы істер министрі доктор Әли Акбар Велаяти Каспий теңізінің экономикалық әріптестік кеңесін құру және теңіз маңы елдері арасында сауда қатынасын дамыту мәселесін көтерген болатын. Бұл ұсыныс Теһран басшылары тарапынан талай рет Каспий теңізі саммиттерінде айтылды. Осы ұсыныстардың жалғасында Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи да 2014 жылы Каспий теңізі диалогы халықаралық отырысында Иранның өкілі ретінде "Каспий теңізінің экономикалық әріптестік кеңесін құруға" ұсыныс жасады. "Каспий теңізі диалогы" халықаралық отырысы осы теңіз маңы елдерінің жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуымен Мәскеуде өткен болатын. Мехди Санаи Мәскеу отырысында: "Каспий теңізінің экономикалық әріптестік ұйымын құру көршілес елдердің мол әлеуетін көпжақты қарым-қатынасты кеңейту жолында пайдалануға мүмкіндік береді",-деді.
Каспий теңізі маңындағы елдердің экономикалық ынтымақтастығын қамтамасыз ету мақсатында айтылған Теһранның ұсыныстарына қарамастан, Ресей үкіметі өз мүдделері аясында тек Түркіменстанның ұсынысына оң реакция білдірді. Каспий теңізі мәселелеріне қатысты кейбір сарапшылар Ресейдің теңіз маңындағы елдерге осындай біржақты көзқарасын Мәскеудің Кеңес одағынан бөлініп шыққан елдерді қайта біріктіру мақсатында жасап жатқан талпыныстарынан туындап отыр деп санайды. Ал бұл жағдайда экономикалық ынтымақтастық орнату Каспий теңізі маңындағы елдерді құқықтық және басқа да әріптестік салаларында бір-біріне жақындата түсе алады. Каспий теңізі мұнай мен табиғи газ көздерімен қоса, алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктер әлеміне ие. Осы шындықтарды ескере отырып, Теһран Каспий теңізі мәселелерін шешу және теңіз маңындағы елдердің мүдделерін қамтамасыз етуді тек аймақ елдерінің ұжымдық келісімі арқылы ғана орындауға болады деп санайды. Сол себепті ИИР осы күнге дейін Каспий теңізіне қатысты барлық бастамалар мен тақырыптарға белсенді түрде қатысып, әртүрлі отырыстарда барлық елдердің мүдделерінің сақталуын жақтап келеді.