АҚШ Сауд Арабиясының мұнай зауыттарына жасалған шабуылдарға салғырт реакция білдірді
Сауд Арабиясының шығысында Aramco мұнай компаниясының зауыттарына жасалған шабуылдарға Трамп үкіметі салғырт реакция білдіріп, Иранды айыптаумен қоса, Сауд Арабиясындағы мұнай тапшылығының орнын толтыруға әзір екенін жариялады. Йеменнің қарсыласу қозғалысы осы шабуылдарға жауапкершілікті өз мойнына алды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жексенбі күні таңертең, 15 қыркүйекте ИИР-ға қарсы негізсіз уәждерін қайталап, Йемен қарсыласу қозғалысының Сауд Арабиясының мұнай зауыттарына ұшқышсыз ұшақтармен жасаған шабуылдарының артында Теһран тұрғанын айтты.
Бұл америкалық қайраткер Йемен қарсыласу қозғалысының Сауд Арабиясының ішкері жерлеріндегі стратегиялық және экономикалық нысандарға қарсы ұшқышсыз ұшақтармен шабуылдарының бірінші рет жасалмағанын ұмытып кеткен сияқты. Осыдан біраз бұрын, яғни 2019 жылдың тамыз айының ортасында Ансаролла қозғалысы Сауд Арабиясының ішкері жерлеріндегі мұнай нысандарына 10 ұшқышсыз ұшақпен ең үлкен шабуыл жасалатынын хабарлап, осы елдің оңтүстік-шығысында БАӘ-нің оңтүстік шекарасынан 10 шақырым жерде орналасқан "әш-Шибе" мұнай кенішінің ұшқышсыз ұшақ шабуылына ұшырағанын хабарлады.
14 қыркүйек күні таңертең Сауд Арабиясының шекарасынан 1200-ден аса қашықтықта орналасқан Aramco компаниясына тиесілі "Бақиқ" және "Харис" мұнай өңдеу зауыттары нысанаға алынып, соның салдарынан саудиялық мұнай экспорты үдерісінде қиындық туындағанда саудиялық режим ғана емес, оның америкалық демеушілері де есеңгіреп қалды. Олар ұшқышсыз ұшақтар шабуылына қарсы тұруға дәрменсіздігін түсіндіру үшін бұл оқиғаға Иранның қатысы бар деп уәж айтып отыр.
Бүгінде Трамп үкіметі осы сылтаумен аймақта Ираннан үркітуді қайта қоздыруға талпынып жатыр. Сөйтіп, осы шабуылдарға қатысты Теһранды айыптауда әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болғысы келеді. Помпео әлемде Ираннан үрку сезімін күшейту мақсатында: "Барлық елдерден ашық та бірауыздан Иранның шабуылдарын айыптауды сұраймыз. АҚШ пен оның одақтастары нарықтарды қуат көздерімен қамтамасыз ету үшін әріптестік жасап, Иранды осы шабуылдар үшін жауапқа тартады",-деп уәж айтты. АҚШ-тың бұл қайраткері осы орайда ешқандай айғақ-дерек келтірмей, тек құрғақ айыптауға сүйену арқылы Иранның шабуылға қатысы бар деп уәж айтып отыр. Помпеоның бұл уәжі көптеген теріс реакциялар тудырды. Демократтар партиясының өкілі сенатор Крис Мерфи мұндай сөздерді "жауапкершіліксіз" деп атап, Twitter-дегі жеке парақшасында: "Бұл бір жауапсыз әрекет, біздің ақылға сыйымсыз соғыстарға кірісу тәсіліміз",-деп жазды. Вашингтон осындай қатынас ұстануға мәжбүр, өйткені Йемен қарсыласу қозғалысының осы шабуылардағы рөлін мойындау саудиялықтардың Ансаролла қозғалысының зымырандық және ұшқышсыз ұшақпен шабуылдарына қарсы тұруға дәрменсіздігін мойындаумен бірдей болмақ. Және де мынадай сауал тудырады: Сауд режимінің АҚШ-тан ондаған миллиард доллар тұратын қару-жарақтар, соның ішінде зымырандарға қарсы "Патриот" әуе-қорғаныс кешендерін сатып алып, орналастыруының пайдасы не?