BRICS басшыларының отырысында Путин біржақты санкцияларға ескерту жасады
(last modified Sat, 16 Nov 2019 05:18:20 GMT )
Қар 16, 2019 11:18 Asia/Almaty
  • BRICS басшыларының отырысында Путин біржақты санкцияларға ескерту жасады

Ресей, Қытай, Үндістан, Бразилия және Оңтүстік Африка республикасынан тұратын BRICS тобы – жаңа халықаралық ұйым. Оның мақсаты – мүше елдер арасында қаржы-экономикалық ынтымақтастықтарды дамытып, қазіргі халықаралық құрылымға өзгеріс енгізу.

Бразилияның астанасы Бразилиада 13-14 қарашада BRICS тобының отырысы өтті. Болжамдар бойынша, осы топқа мүше елдердің ортақ экономикасы 2035 жылға дейін әлемнің 7 индустриалды елінен асады. Бұл BRICS тобының халықаралық саясат, сауда және экономика салаларында күн сайын маңыздылығының арта түсетінін білдіреді.   

Осы тұрғыдан АҚШ BRICS тобының күш-қуатының артуына, яғни көпқырлылықтың артуына қатты қарсы. Ол халықаралық деңгейде зорлық көрсетіп, өзінің талап-тілектерін таңу арқылы басқа елдерге гегемониясын сақтап қалғысы келеді. АҚШ-тың бұл қатынасы Дональд Трамптың билігі кезінде күшейе түсті. Оның айқын мысалы – АҚШ пен Қытай арасында бұрын‑соңды болмаған сауда соғысының басталуы. Бұл соғыс BRICS тобының басты мүшелерінің бірі Ресейдің қатаң сынына ұшырады. Ресей Президенті Владимир Путин BRICS тобы басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде: «Дүниежүзілік сауда саласында әділетсіз бәсекелестік бұрыннан бетер белең алып барады. Қазіргі жағдайда әлемдік экономиканың әділетсіз бәсекелестік тәсілдерінің, соның ішінде біржақты санкциялардың ықпалында қалатынында күмән жоқ. Бұл тәсілдердің көбі саяси сипатқа ие. Осы мәселе елдер арасында әділ экономиканың дамуына кедергі келтіріп отыр»,-деді.   

Путин АҚШ Президенті Дональд Трамптың саясаттары мен сауда ұстанымдарына меңзеп отыр. Трамп АҚШ-тың артықшылығын тура айтып, басқа елдердің Вашингтонның саясаттарын ұстанып, АҚШ-тың сауда-экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуі қажеттігін қуаттады. Трамп экономикалық протекционизм саясатын ұстануда. Бұл ішкі өндірісті қолдау  сылтауымен тарифтерді арттыру және әртүрлі шектеулер қою, сондай-ақ Вашингтонның сауда бәсекелестерін ойыннан шығару үшін біржақты санкциялар салу деген сөз.

BRICS тобының мүшелері әлемдік саудадағы өз міндеттемелерін сақтауды баса айтумен қатар кемсітушілік пен тежегіш сипаттағы сауда шараларына, соның ішінде Трамп үкіметінің  сауда шараларына қарсы тұруды қалайды. Осыған орай, Путин Мәскеудің 2020 жылдың шілде айында Санкт-Петербург қаласында өтетін  отырыста  BRICS тобына мүше елдердің ынтымақтастығын дамыту үшін арнайы ауқымды экономикалық бағдарламаны ұсынуды көздеп отырғанын мәлімдеді.   

Ресейдің пайымдауынша, халықаралық өзгерістер мен әлемдік жүйедегі оқиғалар бірнеше полюсті жүйеге өтудің қажеттігін көрсетеді. АҚШ бірполюсті жүйені сақтап, жаһандық полицияның рөлін ойнауға тырысып, санкциялар мен кедендік тарифтер салу арқылы өз шарттары мен талаптарын  таңып, біржақты мақсаттарын орындауды көздеп отыр.

 

Тегтер