АҚШ-та мұнай бағасының тарихи құлдырау оқиғасы болды
2020 жылдың 20 сәуірі мұнай тарихында ұмытылмайтын күн болады. Бұл күні АҚШ шикі мұнайының әр баррелінің бағасы нөлден түсті.
Әлемдік мұнай нарығында бірнеше күн бойы бағаның біртіндеп төмендеуі байқалғанымен, 20 сәуір күні АҚШ базалық West Texas Intermediate мұнайы бірнеше сағат ішінде 17 долларға дейін төмендеп, мамыр айында әр баррелі -37 доллардан сатылатын болды. Өткен аптада ОПЕК+ тобына мүше және мүше емес елдердің төтенше отырысында күнделікті өндірілетін мұнай мөлшерін шамамен 20 миллион баррельге азайту туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ бұл келісімге қарамастан әлемдік мұнай бағасы көтерілудің орнына 20 сәуірде күрт төмендеді. Мұнай нарығының белсенділері «қара алтын» бағасының бұрын-соңды болмағандай құлдырауын ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңгерімнің бұзылуымен байланыстырды.
Қазіргі таңда әлемдік экономика біріншіден, коронавирустың таралуы салдарынан шамамен тоқтап қалды; екіншіден, Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы мұнай соғысы мұнайдың бұрын-соңды болмаған мөлшерде артылуына соқтырды. Коронавирус өткен 3 айда әлемнің түкпір-түкпіріндегі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне себеп болып, соңғы онжылдықтарда қазба отынына деген сұраныс күрт төмендеді. Өткен 90 жылдағы жаһандық құлдыраудың бұлыңғыр болашағы көптеген ірі мұнай сатып алушыларды абай болуға итермеледі. Дәл осы жағдай өндірушілерге бағаны мүмкіндігінше төмендетуге қысым жасады. Бұл жағдайда мұнай өндірушілер әдеттегі жағдайға керісінше мұнай құбырларын ашық қалдырып, нарықтың артық мұнайға батуына жеткізді. ОПЕК мүшелерінің өткен аптадағы кеш қабылданған шешімі нарықтың бұрын-соңды болмаған құлдырауына тосқауыл қоя алмады. Сөйтіп, АҚШ мұнайының әр баррелінің бағасы шамамен -40 долларға жетті. Басқаша айтқанда, АҚШ-тағы мұнай өндірушілер өдірілген мұнай қорының толық болуына байланысты сатып алушыларға мұнайды алып кетуі үшін өздері ақша төлеуге мәжбүр болды. Өйткені кері жағдайда келісімдерін бұзғаны үшін одан да көп шығын төлейтін болады. Бұл құлдырау АҚШ секілді ірі экономикаларға үлкен шығын келтіреді. Қалай болғанда да коронавирусқа шалдыққан әлемнің экономикасы көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп жатыр. Әрине бұл жағдай ОПЕК+ мүшелерінің видеоконференциясы және АҚШ Президентінің бірнеше твитімен тынышталмайды. Қазір АҚШ шикі мұнайы бағасының құлдырауы басқа нарықтарға әсерін тигізеді деп болжауға болады. Алдағы күндері мұнайдың құлдырауы азайғанымен 2020 жылдың 20 сәуір күнгі қорқыныштың психологиялық әсері ұмытылмайды.