Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау – Иранның кесімді саясаты
Иран Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнауын қолдайды.
ИИР Сыртқы істер министрінің Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Мұхаммед Ибраһим Таһерианфәрд жексенбі күні АҚШ-тың Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілінің сөздеріне реакциясында: «Иран Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнауын қолдайды. Және ауғандықтардың жетекшілігімен өтетін ауғанаралық диалогтың нәтижесі негізінде бейбітшіліктің іргетасын қалау қажеттігін баса айтады»,-деді.
АҚШ-тың Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Залмай Халилзад жуырдағы бір уәжінде Иранның Ауғанстанда бейбітшілік орнату үшін жасалып жатқан талпыныстарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпейтінін айтты.
Таһерианфәрд америкалық басшыларға: «ИИР басшыларының аймақ және Ауғанстан істеріне қатысты көзқарастары жайлы пікір білдірмес бұрын алдымен олардың ұстанымдарын нақтылап оқығандарыңыз дұрыс»,-деп кеңес берді.
ИИР белгілі себептермен Ауғанстанда жан-жақты әрі тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға көмектесетін кез келген өзгерісті қолдайды.
Осы негізде ИИР СІМ АҚШ пен Талибан арасында келісімге қол қойылғанына реакциясында мәлімдеме жасап: «Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік келісімі тек осы елдің саяси топтарының, соның ішінде Талибан тобының қатысуымен ауғанаралық диалог барысында және көршілес елдердің ескертпелерін назарға ала отырып қана қабылданады»,-деді.
Бұл көзқараста екі жайт баса айтылған. Бұлар АҚШ-тың Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Залмай Халилзадтың Иранды Ауғанстанда тұрақты бейбітшілік орнату үдерісін қолдамайды деп айыптауын бағалауда маңызды.
Бірінші жайт: Иран Ауғанстанда ішкі ойыншылар арасындағы келісім ауғанаралық диалог арқылы жасалуы тиіс деп санайды. Бұл мәселе – шын мәнінде Ауғанстанда тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге қажетті алғышарт.
Екінші жайт: Ауғанстан көршілес елдердің саяси-қауіпсіздік ескертпелеріне көңіл аударуы қажет. Ал АҚШ-тың мақсаты – Ауғанстанның көршілес елдермен қарым-қатынасында қайшылық пен сенімсіздік тудыру.
АҚШ бейбітшілік үдерісіне қарсы бағытта әрекет етіп, өзінің екіжүзді саясатымен аймақ елдері арасында жауластықты арттырып, лаңкестікке қолдау көрсетіп, текетірес пен қақтығыстарды үдетіп, тынышсыздық, тұрақсыздық, кедейлік, соғыс пен экстремизді таратып отыр.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтон жуырда жарық көрген «Бірлесу бөлмесі» атты кітабында АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік жобасын құрал ретінде пайдаланып отырғанын әшкерелеп: «АҚШ Ауғанстан соғысында жеңіліс тапты. Бейбітшілік жобасы тек Трампты Ақ үйде қалдыру мақсатында америкалықтардың дауысына ие болу үшін ғана ұсынылды»,-деп жазды.
АҚШ өзінің Ауғанстан істеріне араласуына заңды сипат беруді көздейтіні айқын. Алайда Ауғанстанда тұрақты бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз әсерлі жолы – БҰҰ-ның бақылауы мен қолдауы аясында ауғанаралық келіссөз өткізу. БҰҰ ауғанаралық келіссөздерді жеңілдетуге және қол жеткізілген келісімдердің орындалуын кепілдендіріп, бақылауға қажетті әлеуеттерге ие.
ИИР Ауғанстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрмет білдіре отырып, өзінің ұлттық қауіпсіздігін сақтау аясында Ауғанстанда бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік орнатуға қажетті кез келген көмекті ұсынуға дайындығын мәлімдеді.