Әлемдік қауымдастық АҚШ-тың зорлықшыл әрі заңсыз талап-тілектеріне бас ұрмайды
«Әлемдік қауымдастық АҚШ-тың зорлықшыл әрі заңсыз талап-тілектеріне бас ұрмайды. Вашингтон босқа әуреленіп жатыр».
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы сейіт Аббас Мусави дүйсенбі күнгі баспасөз конференциясында бұл сөздерді АҚШ-тың Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының мерзімін ұзарту үшін басқа елдерге жасап жатқан қысымына жауап ретінде айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарына сәйкес, Иранға қару-жарақ сатуға қатысты тыйымдар 2020 жылдың 18 қазанында күшін жояды.
Трамп 2018 жылы 8 мамырда «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шыққаннан кейін екі кезеңде Иранға қарсы ядролық санкцияларды қайта салды және басқа елдер мен экономикалық институттарға сес көрсету немесе пара беріп, сатып алу арқылы басқа серіктестердің ядролық келісімді орындауына кедергі жасады. АҚШ үкіметі қазіргі таңда «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына шешуші соққы беруді көздеп отыр, сөйтіп бір жағынан ядролық келісімді басқа мүше елдер үшін маңызсыз хаттамаға айналдыруды, ал екінші жағынан бұл жағдайды өзінің жеңіліс тапқан сыртқы саясатындағы бір жетістік деп көрсетіп, президенттік сайлауда пайдалануды көздеп отыр. Әрине Ақ үй басшылары осы мақсатқа жету үшін ауыр түйткілдерге ұшырап отыр, сол себепті кез келген сылтауды пайдаланып, алдымен басқа елдерді Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының мерзімін ұзартуға көндіруге тырысып жатыр. Бұлай болмаған жағдайда қоқан-лоққы мен қысым құралын пайдаланады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің Иран істері жөніндегі арнайы өкілі Брайан Хук жексенбі күні Ресей мен Қытайға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының мерзімін ұзартудың алдын алуға талпыныстарын жалғастыра беретін болса, оқшауланатындарын ескертті.
АҚШ-тың біржақтылығынан туындап отырған осындай қатынастарға шолу жасағанда үш мәселені назардан тыс қалдырмау керек:
Біріншіден, АҚШ аймақта Ираннан үркіту саясатын жүргізу аясында Иранның зымырандық қуатын әлсірету мақсатында осы елдің қорғаныс қабілетін шектеуге талпынып жатыр.
Екіншіден, АҚШ «қару-жарақ санкциясы» атты құралмен халықаралық сахнада Иранның әскери әріптестіктері мен байланыстарын түйткілге ұшыратуды көздейді.
Үшіншіден, АҚШ Иранға қарсы қару-жарақ санкциясының күшін жоюға кедергі келтіру арқылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде шешім қабылдауда өзінің үстем тұрғанын дәлелдегісі келіп отыр. Бұл халықаралық қатынастардағы принциптерді масқаралап, құрметсіздік көрсету деген мағына береді.
Иранның да басқа кез келген ел сияқты өзін-өзі қорғау құқығына ие екендігі айқын. Осы стратегиялық принцип негізінде ИИР Қарулы күштері қорғаныс және электронды құрал-жабдықтардың басым бөлігін ел ішінде жасап шығаруға күш салып жатыр. Осы саладағы ең жаңа жетістік әуежайға арналған диспетчерлік мұнара болып табылады. Дүйсенбі күні ИИР Қорғаныс министрі генерал Амир Хатамидің қатысуымен осы мұнараның ашылу рәсімі өтті.