Трамп Джорджия штатында сайлау нәтижесін өзгертуге тырысқан
Дональд Трампты жақтайтын республикашылдар АҚШ-тың 2020 жылғы президенттік сайлауының нәтижесін түйткілге ұшыратуға ауқымды дайындық жасап жатқан шақта Трампқа қарсы коалиция АҚШ Президенті мен Джорджия штаты ішкі істер министрінің телефон арқылы сұхбатын жариялады.
Бұл сұхбатта Дональд Трамп Брэд Раффенспенгерден Джорджия штатындағы сайлау барысында өзіне берілген дауыстарды арттыруға шара қолдануды сұраған. Трамп Раффенспенгерді мақтап-мадақтағаннан кейін: «Қарашы, маған 11780 дауыс табу керек. Бұл бізде бар дауыстан бір дауысқа артық. Өйткені біз бұл штатта жеңіске жеттік»,-деді.
Трамптың бұл сөзі сайлауда жеңіліске ұшыраған үміткердің сайлауды ұйымдастырушыдан оның нәтижесін өзгертуді сұрауымен бірдей бағаланып отыр.
АҚШ Өкілдер палатасының барлау комитетінің демократ басшысы Адам Шифф: «Трамптың жария болған сұхбаты билікті теріс пайдаланудың ең нашар түрі саналады. Оның тіпті қылмыстық құрамы бар»,-деді.
Әрине бұған дейін Трамптың дауыс санауға араласып, нәтижені өзгертуге талпынып жатқаны жайлы болжалдар айтылды. Бұған қарамастан, бұрынғы болжалдар Джорджия штатының ішкі істер министрімен телефон арқылы сұхбат сияқты Трамптың 2020 жылғы сайлауға араласқанын дәлелдей алмайды. Бұл сұхбаттың аудиофайлын «Вашингтон пост» газеті өз сайтында жариялады.
Аудиофайл жария болғаннан кейін АҚШ Президентінің билікте қалу үшін қандай өтініштер айтқаны айқын болды. Бұған қарамастан, жанжалды аудиофайлдың жариялануы Трампты жақтаушылардың ойын өзгерте алмайтын сияқты. Бұл адамдардың ойынша, Трамп көнекөз саясаткерлер, барлау қызметінің мүшелері, басты ақпарат құралдары және бәрінен маңыздысы радикал солшылдардан тұратын ірі коалиция тарапынан президенттік сайлау нәтижесін ұрлау үшін ұйымдастырылған үлкен қастандықтың құрбаны болып отыр.
Бірақ Трамп пен оның жақтастары өздері «жасырын үкімет» деп атайтын күшпен күрес жолында сәттілікке жете алмауы мүмкін. Электорлар алқасы берген дауыс нәтижесіндегі кез келген өзгеріс Конрестің екі палатасының да келісуіне тікелей байланысты. Ал бұл жағдайда Өкілдер палатасындағы көпшілік пен Сенат палатасындағы азшылық та бұл мәселеге қарсы. Тіпті республикашылдар арасында да алауыздық байқалады. Сол себепті республикашыл сенаторлар арасында кейбір штаттардағы даулы сайлау нәтижесін теріске шығаруда үйлесімдік болуы екіталай. Сондықтан 20 қаңтарда Джо Байден президент креслосына отыруы әбден мүмкін.