Байден Пентагонда: АҚШ-тың жаңа ұстанымы
Джо Байден 20 қаңтарда АҚШ Президенті ретінде билік басына келгелі бері біртіндеп осы елдің түрлі ішкі-сыртқы мәселелеріне қатысты жаңа ұстанымдар жариялауда.
Джо Байден АҚШ Қорғаныс министрлігінде (Пентагон) алғаш рет сөйлеген сөзінде өз билігі кезіндегі елдің әскери саясатын жариялады. Байден қазіргі әлемдегі дағдарыстар мен мәселелерге тоқталып: «Әлем елдерінің басшылары және Қорғаныс министрлерімен ақылдаса отырып, соғыстарды тоқтатуға және терроризммен күресуге бар күшімді саламын»,-деп уәж айтты. Ол сөзінің жалғасында АҚШ-қа төнген қатерлерге тоқталып: «Күш жұмсаудың соңғы шешім жолы болуы керек екеніне сенсем де, қажет болған жағдайда оны қолдануда ешқашан ойланып қалмаймын»,-деді.
Байден соғыстарды тоқтатуға және лаңкестікпен күресуге талпынатынын айтып отыр. Ал негізі АҚШ-тың өзі 21 ғасырдың басынан бастап соғыс отын тұтатуда басты рөл ойнап келеді. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Джордж Буш 2001 жылы 11 қыркүйек шабуылдарынан кейін лаңкестікпен күрес сылтауымен 2001 жылы Ауғанстанға, 2003 жылы Иракқа шабуыл жасап, осы екі елді басып алды. Осындай әскери әрекеттермен қоса, Буш кезінен бүгінге дейін АҚШ лаңкестікпен күрес сылтауымен көптеген елдерде, әсіресе Батыс Азия мен Африкада әскер орналастырып, ұшқышсыз ұшақтармен көп іс-қимыл атқарды, соның салдарынан көптеген бейбіт тұрғындар қаза тапты. АҚШ Батыс және араб одақтастарымен бірге Сирияда лаңкестік топтарға тікелей қолдау көрсету арқылы азаматтық соғыс тудырып, жалғастыруда тікелей рөл атқарды. Вашингтон, сондай-ақ, өз одақтастарына аймақта соғыс отын тұтату үшін мағлұмат, тасымал және қару-жарақпен көмектесті. Мысалы, Сауд Арабиясы бастаған коалиция 2015 жылы Йеменге қарсы соғыс бастады. Қазір Байден үкіметі саудиялық коалицияға Йемен соғысында мағлұматпен қолдауын тоқтатып, қатынасын өзгерпекші. Бұған қарамастан, бұл Вашингтонның эр-Риядты тікелей қолдауды тоқтатады деген сөз емес. Сондықтан бұл шараны көзбояушылық деп санауға болады.
Байденнің АҚШ-тың әскери-қауіпсіздік саласындағы жаңа саясатын жариялауда байқалған тағы бір тақырып – Вашингтонның халықаралық бәсекелестері, әсіресе Қытайға қатысты жауластық қатынасы. Байден: «Қытайдың бізге қарсы тудыратын түйткілдерімен күресу керек. Сол себепті Пентагонда Қытайға қатысты саясатты бағалау және оған қарсы тұру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажет»,-деп баса айтты.
Бұл жағдай АҚШ-тың Қытайға қарсы әскери қоқан-лоққысын жалғастырып, аймаққа әскер жіберуін арттыратынын білдіреді. АҚШ-тың құжаттарында бұл аймақ «Үнді-Тынық мұхиты» (Indo-Pacific) деп аталады. Байден үкіметінің кейбір басшыларының, соның ішінде Қорғаныс министрі мен Сыртқы істер министрінің Қытай туралы жуырдағы сөздері көрсеткендей, олар да Трамп үкіметінің жауластық саясатын ұстанады.
АҚШ мәселелері жөніндегі сарапшы Мұхаммедхұсейн Ашрафидің айтуынша, Байден халықаралық жүйе құрылымындағы өзінің ең маңызды түйткілімен күресу үшін басқа елдермен одақты арттыру және Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытайды саяси қоршауға алып, әлсірету үшін осы елге қарсы біртұтас шеп құруды күн тәртібіне қойып отыр.