«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты бірлескен комиссияның отырысы өтті
(last modified Sun, 18 Apr 2021 17:58:14 GMT )
Сәу 18, 2021 23:58 Asia/Almaty
  • «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты бірлескен комиссияның отырысы өтті

Сенбі күні «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты бірлескен комиссияның отырысы өткеннен кейін Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары әрі Иран келісімгерлер делегациясының басшысы сейіт Аббас Арақчи: «Жаңа бір түсіністік қалыптасып келе жатқан сыңайлы»,-деп мәлімдеді. Бұған қарамастан ол: «Ұзаққа созылатын келіссөз жүргізуге құлқымыз жоқ. Ортақ көзқарас бар кезде тым болмағанда минималды мәтін жаза бастайтын кез келді»,-деді.

«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты бірлескен комиссия отырысының бірнеше кезеңі өткізіліп, санкцияларды жойып, ядролық келісімдегі міндеттемелердің орындалуын талқылайтын жұмыс топтары құрылғаннан кейін келешек бағыт анықталған сияқты. Бұған қарамастан, қазір АҚШ Иранға ұпай берер болса, тек минималды деңгеймен шектеліп, санкциялардың аз бөлігін ғана жоюға көндіргісі келіп отыр. Батыс ақпарат құралдары АҚШ санкцияларын жоюға болатын, талқылауға болатын және жоюға болмайтын деп үш бөлікке бөлу туралы сөз қозғады. Вашингтон басшыларының айтуынша, санкциялардың тек бірінші бөлігі Иранмен қандай да бір келісімде назарға алына алады. Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ барлық санкцияларды жоюды көздемейді. Бұл ел жояйын деп отырған санкциялар тек Теһран беруі тиіс қосымша ұпайдан кейін жойылатын болады. Вашингтон: «Егер Иран бүкіл санкциялардың жойылуына табандылық танытатын болса, келіссөздер тығырыққа тіреледі»,-деп сес көрсетті. Бұған қарама-қарсы Иран өзінің түбегейлі ұстанымынан айнымай, санкцияларды үшке бөліп қарастыруды қабылдамайтынын және бүкіл санкциялар бір мезгілде біржолата жойылуы қажеттігін баса айтып отыр. ИИР-ның кесімді саясатына сәйкес, барлық санкциялар, соның ішінде «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты санкциялар, Трамп кезінде түрлі салаларға салыған санкциялар және ядролық келісім орындала бастағаннан кейін салынған Обама кезіндегі санкциялар жойылып, белгілі бір уақыт аралығында олардың жойылғаны расталғаннан кейін Иран қарымта шараларын тоқтататын болады. Шын мәнінде ИИР санкцияларды бір мезгілде жоюды Вена келіссөздерін құтқарудың жалғыз жолы санайды. АҚШ Президенті Джо Байден осы елдің Иранға қарсы санкцияларын жою қажеттігіне тоқталмастан, АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта оралуы үшін Иран осы келісімдегі міндеттемелеріне қайта оралуы тиіс деп санайды. АҚШ Сенат палатасының демократ өкілі Крис Мерфи Твиттердегі жеке парақшасында: «Менің ойымша, біз Иранмен ядролық келісімнен шыққан бірінші ел ретінде бұл келісімге бірінші болып қайта кіруіміз ақлақ тұрғысынан дұрыс болмақ»,-деп жазды. Байден үкіметінің пайымдауынша, АҚШ-тың кейбір санкцияларын жою сияқты шағын ұпай берілгеннен кейін Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты түбегейлі саясатынан бас тартатын болады. Мұнымен қоса, Вашингтон Иранмен ядролық келісімнен тыс зымырандық қуат және аймақтық саясат туралы келіссөздерді бастауға үміттеніп отыр. Бұған қарамастан, «Иран халқының құқықтарын қорғау және санкцияларды жоюға бағытталған стратегиялық шаралар» туралы заң бекітілгеннен кейін Иранның ядролық келісімдегі міндеттемелерін азайтып, одан тыс шараларда уранды 60 пайызға байытқаны Теһран үкіметінің өзінің негізгі талаптарынан бір табан артқа шегінбейтінін көрсетеді.

Тегтер