Сауд Арабиясының Иранға қатысты ұстанымы неге өзгерді?
https://parstoday.ir/kz/news/world-i52218-Сауд_Арабиясының_Иранға_қатысты_ұстанымы_неге_өзгерді
Сауд Арабиясының тақ мұрагері сейсенбі күні Al-Arabia арнасына берген сұхбатында өз ұстанымына айқын өзгеріс жасап: «Иран – көршілес ел. Эр-Рияд Теһранмен жақсы қарым-қатынас орната алатынына үміттенеді»,-деді.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Сәу 29, 2021 16:43 Asia/Almaty

Сауд Арабиясының тақ мұрагері сейсенбі күні Al-Arabia арнасына берген сұхбатында өз ұстанымына айқын өзгеріс жасап: «Иран – көршілес ел. Эр-Рияд Теһранмен жақсы қарым-қатынас орната алатынына үміттенеді»,-деді.

Мұхаммед бен Салман 2015 жылы әкесі Малек Салман Сауд Арабиясында билікке жеткеннен кейін біртіндеп осы елдегі екінші ықпалды адамға айналды. АҚШ-та 2017 жылы Дональд Трамптың билік басына келуі Бен Салманның Сауд Арабиясының билік құрылымындағы орны мен ықпалының арта түсуіне себеп болды. Өйткені АҚШ-тың бұрынғы басшысы долларлық келісімшарттардың есесіне саудиялық тақ мұрагеріне жан-жақты қолдау көрсетуді күн тәртібіне қойды.  

Мұхаммед бен Салманның аймақ елдері, әсіресе Иранға қатысты зорлықшыл қатынасы Израиль режимі мен АҚШ үкіметінің қолдауына ие болды.

Саудиялық тақ мұрагерінің Иранмен жауластығы күшейгені сондай, ол 2017 жылы маусым айында Батыс Азия аймағындағы соғысты Иранның ішіне тартатынын ашық түрде мәлімдеді. Шын мәнінде осы дипломатиядан тыс сөздер Мұхаммед бен Салманның Иранға жауластығының шарықтау шегі болды. Бұл қатынас Батыс Азия аймағының саяси-қауіпсіздік жүйесіне теріс әсер етті.

Қазіргі таңда саудиялық тақ мұрагері жұмсақ дипломатиялық көзқарас білдіріп, Сауд Арабиясының Иранмен жақсы қарым-қатынаста болуын қалайтынын айтты.

Сауд Арабиясының Иранмен жауластықта оқшауланып жалғыз қалуы, Йемен батпағына батуы және ішкі алаңдаушылықтар саудиялық тақ мұрагерінің ұстанымын өзгертуге әсер еткен сыңайлы. Мұхаммед бен Салманның жанында қазір Дональд Трамп жоқ, тіпті Беньямин Нетаньяхудың Израильдегі жағдайы тұрақсыз.  Шын мәнінде Иранмен жауластықты жалғастыру Мұхаммед бен Салманның мүддесін қамтамасыз етпейді, бірақ Израильдің мүддесіне сай келеді. Бұл жағдайда саудиялық тақ мұрагері Йемендегі адами апат пен 6 жылдық соғыстың нәтижесіз болғанына байланысты қысымға алынып отыр. Иранмен қарым-қатынасты жақсарту Йеменде өздері тудырған батпақтан шығуға жағдай жасайды.