Вена келіссөздерінің төртінші кезеңі аяқталды
Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары Вена келіссөздерінің төртінші кезеңінің соңында: «Венадағы ядролық келіссөздерде жақсы ілгерілеу байқалады, бірақ іс бітті деп айта алмаймыз»,-деді.
Аббас Арақчи «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қайта жандандыру келісімінің құрылымы мен аясы анықталған, бірақ кейбір маңызды тақырыптарда әлі де қайшылықтардың барын айтып: «Иранның ұстанымы толығымен айқын. АҚШ алдымен барлық санкцияларды жоюы керек. Иран тек АҚШ санкцияларының жойылғаны расталғаннан кейін ғана өзінің ядролық бағдарламасындағы міндеттемелеріне қайтып оралады»,-деді.
Венада мамандар деңгейіндегі екі апталық саяси кеңестен кейін сәрсенбі күні кешке ядролық келіссөздердің төртінші кезеңі аяқталды. Келісімгер топтар өз басшыларымен ақылдасу үшін елдеріне қайтты. Вена келіссөздерінің күн тәртібінде АҚШ-тың «Ортақ қадам» бағдарламасына қайта оралу шарттарын белгілеу тұр. Қайта оралудың жалғыз жолы – АҚШ санкцияларының күшін жою және Иран тарапынан олардың жойылғанын растау.
АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шыққаннан кейін түрлі салаларда Иранға қарсы жаңа санкциялар салды. Иранның осы бағдарламадағы міндеттемелеріне қайта оралу үшін қойған жалғыз шарты – шынайы орындау туралы кепілдік негізінде осы санкцияларды әсерлі түрде жою. Иранның келісімгерлер командасы осы мақсатта Вена келіссөздеріне қатысып жатыр.
«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының орындалу барысы және Иранның осы келісімнің экономикалық артықшылықтарын пайдалана алмауын ескеріп, енді Венада ядролық келіссөздерін қайта жаңғырту үшін өтіп жатқан кеңестер Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің жіті бақылауына алынған.
Иран Ислам Кеңесінің Мәжілісі Вена келіссөздерінің әрбір кезеңінің соңында ирандық келісімгерлер командасының мүшелерін шақыртып, ядролық келіссөздердің соңғы жағдайынан хабардар болады.
Осы салада Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат комиссиясының баспасөз өкілі Абулфазл Амуи Iran Press ақпарат агентігіне берген сұхбатында Венадағы қай келісімнің Мәжіліс тарапынан расталатыны туралы: «Мәжілістің ұстанымы санкцияларды жоюға бағытталған стратегиялық шаралар заңы қалыбында жарияланды. Санкциялар толық жойылып, жойылғаны расталған соң Иран ядролық келісімдегі міндеттемелеріне қайтып оралады»,-деді.
Еуропа мен АҚШ тараптарының ядролық келісімнің нақты орындалуында уағда бұзғанын ескеріп, Иран Ислам Кеңесінің Мәжілісі осы келісімді қайта жандандыруға бағытталған Вена келіссөздерін жіті бақылап, Иран халқы мен Ислам революциясының жетекшісінің талап-тілектеріне сай ұлттық мүдделердің дұрыс сақталуын қадағалайды.
Осы салада Иран Ислам Кеңесі Мәжілісі төрағасының бірінші орынбасары Амир Хұсейн Қазизаде Хашеми сәрсенбі күні Iran Press ақпарат агентігіне берген сұхбатында Вена келіссөздерінің әсерлі әрі практикалық шараларды қабылдауға ұласуы керектігін айтып: «Егер келіссөздер тек екі мәтінге қол қоюмен аяқталса, бұл келісімнің еш құны жоқ»,-деді.
«Санкцияларды жоюға бағытталған стратегиялық шаралар» заңы Вена келіссөздерінің бағытын айқындады. Венада қол жеткізілетін кез келген келісім ИИР жүйесінің принципті ұстанымы аясында елдің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы керек.