Байден АҚШ-тың әл-Каидаға төтеп бере алмағанын мойындады
(last modified Sun, 12 Sep 2021 18:18:28 GMT )
Қыр 13, 2021 00:18 Asia/Almaty
  • Байден АҚШ-тың әл-Каидаға төтеп бере алмағанын мойындады

АҚШ Президенті Джо Байден сенбі 11 қыркүйек терактісіне 20 жыл толуына орай оқиға құрбандарын еске алу рәсімінде әл-Каида лаңкестік тобының Ауғанстанға қайтып оралуы ықтималын мойындап: «Вашингтон әл-Каида орналасқан кез келген жерге әскер жібере алмайды»,-деді.

Байден «Әл-Каида Ауғанстанға қайтып келе ала ма?» деген сұраққа «Иә» деп жауап берді.

Байден бейсенбі күні кешке 11 қыркүйек оқиғасының жылдығы қарсаңында Конгреске жолдаған хатында алғаш рет 2001 жылы қабылданған АҚШ-қа төнген лаңкестік қатерге қатысты төтенше жағдайды тағы бір жылға ұзартты. Бұл шара АҚШ-тың саяси-қауіпсіздік басшыларының елге әлі де лаңкестік қауіп-қатер төніп тұрғанына сенетінін білдіреді.

Лаңкестікке қарсы дүниежүзілік соғыста Ирак, Ауғанстан, Сирия, Ливия мен Йеменде 1 млн-нан аса адам қаза тапты. Бұған қарамастан қазір 11 қыркүйек оқиғасынан 20 жыл өткенде АҚШ Президенті Джо Байден әл-Каиданың әлі күнге дейін жойылмағанын мойындауымен қоса, АҚШ-тың осы лаңкестік топқа төтеп бере алмағанын ашық айтты.  

Шын мәнінде ол АҚШ тарапынан әл-Каидаға көп соққы берілгенімен, тіпті Обама кезінде осы топтың жетекшісі Усама бен Ладен өлтірілсе де, бұл топ жаңа орынбасар тағайындап, соңғы жылдарда әлемнің түрлі жерлерінде, соның ішінде Батыс Азия мен Африкада белсенділіктерін арттыра түскенін жақсы біледі.  

Бұл жайт АҚШ-тың лаңкестікке қарсы жаһандық соғыс стратегиясында толық жеңіліске ұшырағанын көрсетеді. Бұл стратегия 20 жыл бойы Вашингтонның әлемдегі, әсіресе 2001 жылы Ауғанстанға, 2003 жылы Иракқа шабуылдарының және Йемен, Пәкістан және Африка елдерінде лаңкестікке қарсы амалдарының басты сылтауы болды.

Қазіргі таңда Ауғанстанда Талибан билік басына келіп, әл-Каида мен ДАИШ сияқты тәкфиршіл лаңкестік топтар осы елді өздерінің белсенділіктерін арттыруға және көршілес елдерге қарсы лаңкестік әрекеттер жасауға қолайлы жер деп тапты. Бұған Ресей Президенті Владимир Путин сияқты басшылар қатты алаңдап, ескерту жасады.   

Тегтер