Путин Ресейге қарсы қысымдардың күшейгені туралы Батысқа ескерту жасады
Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға шабуылды ақтап, Мәскеу үкіметінің Украинадағы орыстілділерді қорғауы қажеттігін айтып: "Батыстың Ресейге қарсы санкция салуы соғыс жариялаумен бірдей",-деді.
Ол: "Ұлыбритания үкіметі министрлерінің бірі бұл қақтығысқа НАТО-ның да қатысы барын айтқаннан кейін Ресей өзінің тежегіш ядролық күштерін "Дайын бол" жағдайына көшіруге шешім қабылдады",-деді.
Путиннің Ресейге қарсы қысымдардың күшейгені туралы Батысқа ескерту жасап, оны Ресейге соғыс ашу деп түсінгенін мәлімдеуін Мәскеудің батыстықтарға ультиматумы деуге болады.
АҚШ бастаған Батыс блогы Ресейдің Украинада әскери операциясы басталғаннан кейін бұл мүмкіндікті Ресейді әлсірету үшін теңдессіз мұрсат ретінде қолданып, Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған қатаң санкциялар салды. Санкциялар сауда, экономика, банк, медиа, спорт, саяхат және тасымал салаларын қамтыды.
Әрине әзірге Батыс елдері, әсіресе АҚШ Ресейдің мұнай және газ саласына өздеріне қажет болған соң ғана санкция салудан тартынып отыр. Бұған қарамастан, бұл секторда да жарияланбаған санкция біртіндеп орындалып жатыр. The Washington Post газеті: "АҚШ пен оның еуропалық одақтастары Украинаға шабуыл жасағаны үшін Ресейге қарсы санкцияларды күшейтсе де, мұнай экспортын нысанаға алудан бас тартты. Бұған қарамастан, кейбір кәсіпкерлер "өз-өзіне санкция салу" деп атағандай Ресейдің шикі мұнайы нарық белсенділерінің назарынан тыс қалды. Түрлі елдер ресейлік танкерлердің өз айлақтарына кіруіне тыйым салды",-деп жазды.
Әрине қазіргі жағдайда да кейбір компаниялар бұрынғыдай Ресейдің мұнайын сатып алуды қалайтын сияқты. Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кульба Shell мұнай компаниясын Ресейден жеңілдікпен жасырын мұнай сатып алады деп айыптап, қатты сынады.
Кейбір сарапшылардың ескертуінше, Ресейге қарсы экономикалық соғыс осы елдің мұнайы мен газын экспорттауға санкция салуға жететін болса, Мәскеу қатаң реакция білдіреді.
Ресейлік сарапшы Александр Назаров: "Батыс Ресейге қарсы мұнай мен газ экспортына санкция салудан тұратын экономикалық бомбаны әлі қолданған жоқ. Мұның себебі түсінікті. Өйткені бұл салада Ресейден тәуелсіз болу мүмкін емес. Бірақ Батыс елдері қолда барымен ойнап, Ресей мұнайы мен газын экспорттауға санкция салуға тырысады. Олар өздері ыдырағанға дейін Путиннен құтылуға үміттенеді. Содан кейін Батыс елдері Ресейдің мұнайы мен газын әлем нарықтарына жылдам қайтарады",-деп жазды.
Батыс үшін мұндай сценарийді орындау өте қатерлі болары анық. Бұл Ресейдің қатаң реакциясын тудырып қана қоймай, әлемде мұнай мен газ саласында бейберекеттік туындауына себеп болады. Әрине оның салдары сауда мен экономиканың басқа салаларына да таралады. Сондықтан АҚШ пен Еуропаның Ресеймен энергетика саласындағы ойыны болжап болмайтын салдарларға ие әлемдік дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін.