АҚШ-тың Путинге қарсы психологиялық соғысы күшейді
АҚШ Президенті Джо Байден сəрсенбі күні Украинаға 800 млн долларға əскери көмек беретінін жариялағаннан кейін бірінші рет Ресей Президенті Владимир Путинді соғыс қылмыскері деп атады.
Байден алдымен "Путин соғыс қылмыскері ме, жоқ па?" деген сұраққа "Жоқ" деп жауап берді. Бірақ іле-шала тілшілерге қайта оралып, өз жауабын түсіндірді. Тілшілер қайтадан "Путин соғыс қылмыскері ме?" деп сұрағанда ол оң жауап беріп: "Менің ойымша, ол соғыс қылмыскері",-деді.
АҚШ Ресейді саяси-экономикалық жəне əскери салаларда түйткілге ұшыратумен қоймай, қазір түрлі айыптар тағып осы ел басшысының келбетін бұзуды көздеп отыр. Бұл дипломатиялық этикаға толығымен қайшы. Мəскеу Украинаға қарсы арнайы əскери операция бастағаннан кейін Вашингтон Ресейге қарсы ақпараттық майданнан енді психологиялық соғыс саласына ауысты, əсіресе Владимир Путинді нысанаға алып отыр.
Кейбір америкалық сарапшылардың сенімінше, Байденнің Путинге қарсы соғыс қылмыскері деген сөзді қолдануы Вашингтонның бұрынғы ұстанымының өзгергенін көрсетеді. АҚШ басшылары, соның ішінде Байден бұған дейін "соғыс қылмысы" жəне "соғыс қылмыскері" атты сөз тіркестерін тікелей қолданудан бас тартып, "Тексеріс жүргізілуі керек" деп мəлімдейтін. Бірақ енді америкалық басшылар: "Украинада қылмыс жасалып жатыр. Бейбіт тұрғындарды қасақана нысанаға алу соғыс қылмысы саналады",-деп ашық мəлімдеді.Сол себепті Вашингтонның басты мақсаты Путинді Халықаралық қылмыстық сот тарапынан қудаланған Суданның бұрынғы президенті Омар əл-Башир сияқты диктаторлардың қатарына қосып, Украинада соғыс қылмыстарын жасады деген уəжбен Ресей Президентін осы əрекеттерге жауапты деп тауып, оны сотқа тарту болып табылады.
Байден мен Путин бір-бірімен жүзбе-жүз жəне виртуалды түрде кездесіп, екіжақты қайшылықтар мен түрлі мəселелерді талқылады. Бірақ бұл АҚШ-тың Путинге қарсы түрлі тəсілмен айыптаулар жасап, психологиялық соғысты күшейтуіне кедергі бола алмады.
Бұл мəселеден бөлек, Байденнің Путинге қарсы əдеттен тыс ұстаным білдіріп, оны соғыс қылмыскері деп атауы шын мәнінде Ресей Президентін суық əрі рақымсыз етіп көрсету мақсатында Путинге қарсы психологиялық соғыс бастаумен бірдей. Путин соғыс қылмысын оп-оңай жасайтын адамдай көрсетілу көзделіп отыр.