Иран Украина дағдарысын саяси жолмен шешу қажеттігін қуаттады
Иран Сыртқы істер министрі: «Иран Украина дағдарысын саяси жолмен шешу қажет деп санайды»,-деді.
Хұсейн Амир Абдуллахиан сәрсенбі күні Венгрия Сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен телефон арқылы сұхбатында екіжақты қарым-қатынас, Вена келіссөздері және Украина дағдарысы туралы пікір алмасты.
Иран Сыртқы істер министрі Украина дағдарысы туралы: «Соғыс пен санкцияны қабылдамаймыз»,-деді.
ИИР Украина дағдарысы басталғалы бері халықаралық заңдар негізінде қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу қажеттігі туралы ұстанымын жариялап, барлық тараптардан БҰҰ жарғысының баптары мен халықаралық заңдарға құрметпен қарауға шақырды. Иран барлық елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтап, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Осы орайда Иран Сыртқы істер министрі 14 наурызда Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кульбамен телефон арқылы сұхбатында Теһран үкіметінің соғысқа қарсы екенін және қайшылықты саяси жолмен шешу керегін айтып: «Иран Украина дағдарысын шешу үшін кез келген саяси талпынысты қолдайды»,-деді.
Иран, сондай-ақ, соғысқа қарсылық білдірумен қоса, Украина дағдарысының түп тамырының АҚШ-тың саяси-әскери шешімдері мен шараларында және әлемде дағдарыс тудыруға талпыныстарында жатқанын айтты.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи 1 наурызда сөйлеген сөзінде «дағдарыс тудыруды» АҚШ-тың саяси-экономикалық мафиялық жүйелері мен қару жасаушы компанияларының негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атап: «Олар дағдарыстардың кеңеюімен қоректенеді»,-деді. Аятолла Хаменеи АҚШ-тың Украинаның ішкі ісіне араласатынына тоқталып, АҚШ-тың түрлі түсті төңкерістер жасап, үкіметтерді алмастыруға көмектесуін осы елдің дағдарыс тудыру саясатының ашық үлгісі деп атады.
Қазіргі таңда Украина дағдарысына қатысты Батыс елдері мен Ресейдің текетірес аясы кеңейе түсті. Ресейге қарсы сауда-экономикалық және қаржы санкциялары салынғаннан кейін Батыс елдері Мәскеуге қарсы дипломатиялық соғыс бастап, 330-дан аса ресейлік дипломатты қайтарып жіберді. Ал бұл жағдайда Ресейге санкция салған елдер осы текетірестен туындаған экономикалық салдарға ұшырап отыр.
Ресей Президенті Владимир Путин: «Батыстың Ресейге қарсы санкциялары әлемнің кедей аймақтарында азық-түлік тапшылығын тудырды. Мигранттардың жаңа толқыны пайда болды. Азық-түлік бағасы өсті»,-деп ескертті.
ИИР Украина мен оның айналасындағы елдерде гуманитарлық жағдайды алаңдатарлық деп атап, осы елде зардап шеккен аудандардан босқындар мен мигранттарды қауіпсіз жерге көшіру үшін шұғыл әрекет жасауды сұрады.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Маджид Тахтраванчи 24 наурызда қос тараптың Украина дағдарысын шешу үшін өткізген келіссөздерін қолдап, тағы да Теһран үкіметінің қақтығыстарды тез арада тоқтатуды сұрайтынын, өз елінің қақтығыстарда зардап шеккендерге гуманитарлық көмек беріп, әріптестік жасауға дайын екенін мәлімдеді.