Дүниежүзілік банк Ауғанстанның нашар экономикалық жағдайы жайлы ескертті
Дүниежүзілік банк Ауғанстанның нашар экономикалық жағдайының салдары жайлы ескертті.
Дүниежүзілік банк өзінің соңғы есебінде: «Ауғанстанның жалпы ішкі өнімі 2022 жылдың аяғына дейін шамамен 30 пайызға төмендеуі мүмкін»,-деп мәлімдеді.
Дүниежүзілік банктің пайымдауынша, Ауғанстандағы экономикалық дағдарыстың жалғасуының салдарынан кедейлік артады, босқындар саны көбейеді, экстремизмнің таралуынан туындайтын қауіп-қатерлер күшейеді.
Дүниежүзілік банктің сарапшысы Хенри Крани Ауғанстанның экономикалық жағдайы туралы: «Соңғы жылдардағы құрғақшылықтан кейін Ауғанстан экономикасындағы ең маңызды түйткіл – елдің саяси-қауіпсіздік жағдайына сенімсіздік және тынышсыздықтың жалғасуы. Бұл елдің перспективасын нашарлатып отыр»,-деді.
Ауғанстанда Талибан тобы билік басына келгеннен кейін халықаралық көмектер азайды. Соңғы екі жылда саяси дағдарыс күшейген соң Ауғанстанға шетелден инвестиция тартылмады. Ең маңызды заңды табыс көзі саналатын ауыл шаруашылығы өте төмен өнім берді. Ауғанстан халқының 60 пайыздан астамының табысы ауыл шаруашылығына байланысты. Осының барлығы Дүниежүзілік банктің Ауғанстан экономикасына теріс баға беруіне себеп болды.
Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, Ауғанстанда жеке сектор өте әлсіз. Тынышсыздықтың жалғасуы Ауғанстанда осы саланың дамуына кедергі болып отыр.
Ауғанстан мәселелері жөніндегі сарапшы Абулфазл Зоһреванд осы жайлы: «Контрабанда, көкнәр егу және есірткі заттарын жасау сияқты заңсыз жолдармен заңсыз табыс табу соңғы жылдары Ауғанстанның өте әлсіз экономикасын реттеуге кедергі болып отыр. Бұл Ауғанстанды заңсыз экономикаға ие ел ретінде танытты»,-деді.
Қалай болғанда да, Ауғанстан жоғары экономикалық потенциалға ие. Бұл елде мыс, көмір, лазурит, темір және литий сияқты көптеген кен орындары бар. Олармен бірге мұнай мен газ кеніштерін де назарға алу керек. Осы тұрғыдан Ауғанстанда саяси тұрақтылық пен тыныштық орнаған жағдайда бұл ел дұрыс бағдарламалар қабылдау арқылы тез арада өз экономикасын жақсы дамытумен қоса, кедейлік, жұмыссыздық және босқындық сияқты түйткілдерді де жеңе алады.