Антониу Гутерриштің хаты Израильдің Сыртқы істер министрінің ашуын туғызды
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің осы ұйым жарғысының 99-бабына сәйкес Қауіпсіздік кеңесіне хат жазып, Газада тез арада атысты тоқтату бітімін орнатуды талап етуі Израильдің Сыртқы істер министрінің ашуын туғызды.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Эли Коэн: "Антониу Гутерриштің БҰҰ-ны басқаруы – әлемдегі бейбітшілікке қатер",-деді.
Израильдің Сыртқы істер министрі Гутерриштің БҰҰ жарғысының 99-бабын іске қосу туралы талабын "ХАМАС-ты қолдау" деп атады.
Антониу Гутерриш сәрсенбі күні кешке БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Газадағы жағдай туралы хат жіберді.
БҰҰ Бас хатшысы осы хатта: "Газадағы жағдай халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Халықаралық қауымдастық осы дағдарысты тоқтату үшін өзінің ықпалын пайдалануы тиіс",-деп ескертті.
Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерінен қысым жасау арқылы гуманитарлық дағдарыстың алдын алып, Газа секторында атысты тоқтату бітімін орнатуды талап етті.