Maм 27, 2024 18:29 Asia/Almaty
  • Батыс Азиядағы оқиғаларға шолу

Рафахтағы қанды түн; 12 жылдық үзілістен кейін Сауд Арабиясының Сириядағы жаңа елшісі тағайындалды.

Сионистік режим жексенбі күні кешке жаңа қылмыс жасап, Газа секторының  оңтүстігіндегі Рафахтың солтүстік-батысында босқындар орналасқан күркелерді бомбалады. Бұл шабуылда ондаған палестиналық шәһид болды.   

Рафахтағы қанды түн, адам құқығын қорғаушы 70 ұйымның Газада ашаршылық болып жатқанын ресми түрде жариялауға өтініш білдіруі, 12 жылдық үзілістен кейін Сауд Арабиясының Сирияда жаңа елшісінің тағайындалуы, Йеменнің ұлтты құтқару үкіметінің 112 тұтқынды босатуы, Арбағин зияратшыларын қабылдау үшін Ирактың Иранмен су шекарасында бақылау-өткізу пунктін ашуға келісуі, Иранның Израильдің ядролық қаупі туралы ескертуі, Имам Хаменеидің сейіт Хасан Насроллаға анасының қазасына байланысты көңіл айтуы – осының бәрі өткен сағаттарда Батыс Азияда болған оқиғалар легіне жатады.

Рафахтағы қанды түн

Газа секторын жан-жақты бомбалаумен қоса, осы сектордың оңтүстігінде орналасқан Рафах қаласы жексенбі күні кешке жойқын шабуылға ұшырады.

Al-Mayadeen арнасының хабарлауынша, сионистік режим 100 мыңнан аса палестиналық босқын орналасқан лагерьді нысанаға алып, бірнеше ауыр зымыран атты. Осы шабуылда кемінде 50 адам шәһид болып, ондаған адам жараланды.

Адам құқығын қорғаушы 70 ұйым Газада ашаршылық болып жатқанын ресми түрде жариялауды сұрады

Tasnim ақпарат агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ-ға қарасты адам құқығын қорғаушы 70 ұйым жексенбі күні мәлімдеме жасап, ашаршылық күшейіп, барлық әлеуметтік топ өкілдері, әсіресе балалар арасында жеткілікті тамақтанбау жайттары көбейгеннен кейін Газада ашаршылық болып жатқанын ресми түрде жариялауды сұрады.

12 жылдық үзілістен кейін Сауд Арабиясы Сирияда жаңа елші тағайындады

Сауд Арабиясының ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жексенбі күні 12 жылдық үзілістен кейін Сириядағы Сауд Арабиясының жаңа елшісі тағайындалды. Сауд Арабиясының патшасы Малек Салман Фейсал бен Сауд әл-Маджфалды осы елдің Сириядағы елшісі етіп тағайындады.

Сауд Арабиясы 2011 жылы Сирияда дағдарыс басталғаннан кейін осы елдегі қарулы қақтығыстарды қолдап, Дамаск үкіметімен қатынасын үзген болатын.

Сирия үкіметі лаңкестерді жеңгеннен кейін екі жыл бойы Сауд Арабиясы осы елмен қарым-қатынасын қайта жандандыруға ниетін білдіріп, өткен жылы Башар Асадты Араб лигасына мүше елдер басшыларының саммитына қатысу үшін эр-Риядқа шақырды.

Йеменнің ұлтты құтқару үкіметі 112 тұтқынды босатты

ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Йеменнің ұлтты құтқару үкіметі жексенбі күні біржақты негізде 112 әскери тұтқынды босатты. Осы үкіметке қарасты тұтқындар ісі жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Әбдіқадыр әл-Мұртаза осы жайлы: "Бұл бастама Йемен Ансаролла қозғалысының бас хатшысы Әбдімәлік Бәдреддин әл-Хусидің бұйрықтарын орындау мақсатында және гуманистік стимулдар негізінде жүзеге асырылды",-деді.

Арбағин зияратшыларын қабылдау үшін Ирак Иранмен су шекарасында бақылау-өткізу пунктін ашуға келісті

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ирактың Ішкі істер министрі Әбділамир әш-Шемри жексенбі күні: "Ирактың Премьер-министрі мен Қарулы күштердің бас қолбасшысы Арбағин зияратшыларын қабылдау үшін Басрадағы Әбу Фолус айлағынан Иранның Хоррамшахр қаласына дейін жаңа теңіз бақылау-өткізу пунктін ашуға келісті",-деді.

Мұсылмандар Арбағин күніне орай Ислам пайғамбарының немересі имам Хұсейннің (ғ.) кесенесін зиярат етіп, әлемдегі ең үлкен діни жиынға қатысу үшін Кербала қаласына қарай жаяу ағылады.   

Арақчи: Израильдің ядролық қоқан-лоқылары аймақтағы қауіпсіздік теңгерімін өзгертеді

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ИИР Стратегиялық сыртқы қатынастар кеңесінің хатшысы сейіт Аббас Арақчи жексенбі күні Катардың Доха қаласында Al-Jazeera арнасының ұйымдастыруымен өткен "Әл-Ақса дауылы" операциясынан кейінгі аймақтық теңгерім" атты семинарда сөйлеген сөзінде Израильдің ядролық қоқан-лоқыларының аймақтағы қауіпсіздік теңгерімін өзгертетінін айтып: "Басқалардың осындай қоқан-лоқылары кейбір елдердің ядролық мәселені қайта қарастыруына итермелейді",-деді.

Арақчи: "Батыс Азия аймағы ядролық қарудан ада болуы тиіс. Сионистік режимді ядролық қарусыздандыру керек",-деді.

Имам Хаменеи сейіт Хасан Насроллаға анасының қазасына байланысты көңіл айтты

Ислам революциясы жетекшісінің кеңсесі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  Имам Хаменеи дүйсенбі күні сейіт Хасан Насроллаға оның ардақты анасының қазасына байланысты көңіл айтты.

Ислам революциясы жетекшісінің көңіл айту хатының мәтіні төмендегідей:

Алланың атымен бастаймыз!

Ливан қарсыласу қозғалысының басшысы әрі ұлы мұджахед қажы сейіт Хасан Насроллаға

Ассаламуалейкум!

Ардақты анаңыздың қайтыс болғанына байланысты шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Оның кереметі – қарсыласу қозғалысының сіздей қайталанбас күрескерін өмірге әкелгені. Алланың оған мейірімі мен рақымы болсын! Сіз бен қарсыласу майданындағы серіктеріңізге Алланың сәлемі мен берекеті болсын!

Тегтер