Ислам революциясы жетекшісінің елдің таңдаулы тұлғаларын қабылдауында жасаған баяндамасы
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сәрсенбі күні елдің дарынды жастары мен ғылым саласындағы көрнекті тұлғаларын қабылдады. Хазірет осы кездесуде елдің ғылымын дамыту, экономикалық, мәдени және ғылыми тәуелділікті жою, сондай-ақ, «Ортақ қадам» келісімінің болашағына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сәрсенбі күні елдің дарынды жастары және ғылым саласындағы көрнекті тұлғаларын қабылдады. Хазірет елдің дарынды жастарын илаһи нығмет әрі Иранның жарқын болашағының үміті деп атап, басшылардан дарынды жастардың елдің тағдырын өзгерте алатындығына сенуді сұрады. Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында елдің ғылымын дамыту, экономикалық, мәдени және ғылыми тәуелділікті жою, сондай-ақ, «Ортақ қадам» келісімінің болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша маңызды нұсқаулар берді.
Ислам революциясының жетекшісі ғылыми дамуды елдің күш-құдіреті мен мақтанышының қайнар көзі деп атап, мүміндердің жетекшісі имам Әлидің (ғ.с.): «Ғылым – күш-құдірет» деген сөзіне еске салып: «АҚШ пен кейбір еуропалық елдер тарихтың бұрынғы кезеңінде қол жеткізген ғылым саласындағы басымдылыққа арқа сүйеп, жылдар бойы басқа елдерді басып алумен айналысып, көптеген халықтардың болмысын жойды. Хазірет Әли (ғ.с.) Наһдж-ол-Балағе кітабында айтып өткендей: «Ғылым – күш-құдірет». Бұл күш-құдіретке қол жеткізген адам басқалардан басым болады. Бұл күштен кенде қалғандар басқаларға тәуелді болады. Біз басқалардың үстемдігінің алдында бас имес үшін ғылымдағы артта қалушылықтан құтылып, дамуға бет алуымыз қажет» деп қуаттады. Хазірет батысшылдықты дамудың басты жолы санайтын ой-пікірді сынға алып: «Пехлеви дәуірі кезінде елу жол бойы Иран АҚШ-тың қарамағындағы ел саналып, Батысқа толығымен тәуелді болып келді. Бұл дәуірдің Иранға берген жалғыз нәрсесі артта қалушылық пен елдің капиталының жоғалуы болды. Иранның дамуын Батысқа тәуелділік пен еліктеудің нәтижесі деп санайтын адам, егер ол надан емес бола тұра бұл сөздерді қасақана айтатын болса, өз елі үшін сатқын болып табылады» деді.
Ислам революциясының жетекшісі тәуелділіктен құтылуды дамудың алғашқы қадамы деп атап: «Ислам революциясынан кейін тәуелділіктің ең басты түрі, яғни, саяси тәуелділік жойылды. Бірақ, басқа тәуелділіктен, яғни, ғылыми, мәдени және экономикалық тәуелділіктен құтылу толассыз талпынысты қажет етеді» деді. Хазірет ғылыми дамуды тәуелділіктен құтылудың басты элементтерінің бірі санап: «Ғылыми-технологиялық даму жолында құзырлы органдар тарапынан ешқандай кедергі жасалмауы тиіс. Ғылым мен технологияның бюджеті де азаймауы керек» деді. Хазірет аятолла Хаменеи дарынды жастардың жаңа құрылған ұйымдары мен іргелі ғылым команияларының жетістіктеріне ризашылық білдіріп: «Алайда мұнымен шектеліп қалмау керек. Үкімет басшылары ауысқан кезде ғылыми дамудың қарқыны тоқтап немесе азайып қалмайтындай етіп, ғылыми даму үдерісін бір ізге түсіру керек» деп қуаттады.
Хазірет аятолла Хаменеи ирандық дарынды жастарды қабылдауында сөйлеген сөзінің жалғасында ғылыми-зерттеу мақалаларының сапасын жоғарылатып, олардың елдің қажеттіліктерімен байланысын арттыру керектігін қуаттады. Хазірет инновацияны елдің өнеркәсібіне қажет элементтердің бірі деп атап, құрастыру жұмыстарының инновацияларға кедергі тудырып отырғанын айтты. Аятолла Хаменеи басшыларға алдағы он жылда елдің өнеркәсібінің басты бағдары құрастыру жұмыстарынан инновацияға қарай ауысатындай етіп жоспар құруды тапсырып: «Тек осындай жағдайда ғана өнеркәсіптер дарынды жастардың зерттеу жұмыстарын қажет етіп, өнеркәсіп пен университет арасында байланыс орнайды» деп қуаттады. Хазірет сонымен қатар, мәдениет пен технологияның қатар жүретіндігіне тоқталып, мәдени шаралар өткізудің қажеттігін қуаттады.
Хазірет аятолла Хаменеи баяндамасының екінші бөлімінде саяси тәуелсіздік пен ғылыми тәуелсіздіктің байланысына тоқталып: «Ғылыми даму тәуелділікке қарсы тұрады. Дәл сол себепті дұшпандар сендер сияқты жастардың ғылыми дамуға деген ынталарын көріп, ашуланады. Барлық халықаралық бақылаушылар бүгінгі күнгі Иранның қырық жыл бұрынғы Иранмен арасының жер мен көктей екенін көріп отыр. Біз артта қалған, біресе ананың, біресе мынаның нұсқауымен жүрген ел болдық. Бірақ, қазір ықпалды әрі күш-құдірет жолында қадам басып келе жатқан елміз. Саяси күш-құдірет пен ғылыми күш-құдіреттің жолында әрекет етіп келеміз. Мұны тіпті көзбен көруге болады. Дұшпандар да осы себептен ашу-ызаға беріліп отыр. Себебі олар Иранның мүдделеріне қатысты үстемдігінен айрылды» деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі Иранның әскери жетістіктеріне, әсіресе, зымырандық өнеркәсіптегі ілгерілеушіліктеріне санкция кезінде қол жеткізілгенін баса айтып: «Иран халқы басқа елдер мен ұлттарға алпауыт елдерден қорықпай, оларға қарсы табандылық көрсетіп, сонымен бір мезгілде дамуға болатынын көрсететін үлгі бола алады» деді.
Ирактың Иранға қарсы таңылған соғысы кезінде Ирактың Саддам басқарған Баас режимі АҚШ пен Еуропаның жан-жақты қолдауына ие болды. Ирактың қолында жаппай қырып-жою қарулары, тіпті химиялық қарулар да болды. Алайда, Иран әділетсіз санкциялардың кесірінен өз халқын қорғау үшін қажет қару-жарақ сатып ала алмады. Сол себепті көптеген қалалар Саддамның зымырандық шабуылдарының нысанасына айналып, мыңдаған бейкүнә адам жан тапсырды. Соған қарамастан, таңылған соғыс Исламдық Иранның батыл жастарының арқасында Ирактың жеңілісімен аяқталды. Зорлықшылдар өз мақсаттарының біреуіне де жете алмаған күйі Иран жерінен қуылды. Сегіз жылдық шайқастың тәжірибесі ирандық мамандардың өз күштеріне сүйене отырып, елді қорғау үшін қажет заттарды жобалау және өндіруге бет бұруына себеп болды. Бұл талпыныстар қазіргі кезде өз жемісін беріп жатыр. Иран түрлі әскери жабдықтарды, соның ішінде, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды елдің ішінде жасап шығарады. Алайда қазір АҚШ пен кейбір батыстық ашкөз елдер Иранның қорғаныстық күш-құдіретін азайту туралы айта бастады. Алайда олар Ислам революциясының жетекшісі мен басқа да қайраткерлердің реакциясы және қорғаныстық күш-құдірет туралы келіссөздер жүргізілмейтіні туралы сөздерімен бетпе-бет келді.
Иран Ислам революциясының жетекшісі АҚШ президенті Трамптың жуырдағы Иран халқына қарсы сөздерін тілге тиек етіп, бұл сөздерді мағынасыз, бос сөз деп атап, мұндай сөздерге жауап беруді уақытты босқа өткізумен теңестірумен қатар: «Мұндай жерде айта кетер жалғыз жайт, дұшпанды дұрыс тану және оның қастандық жасау тәсілдерін анықтау мен қателіктен аулақ болуға тырысу керек» деп қуаттады. Хазірет дұшпандар қаншалықты өздерін ақымақ көрсеткенімен, олардың айла-шарғыларынан хабарсыз қалмау керек екенін ескертті. Хазірет аятолла Хаменеи АҚШ-тың ирандық белсенді, революцияшыл әрі дамуға бет алған жастарын елу жыл бұрынғы жағдайға қайтару бағытында жасап жатқан талпыныстарын АҚШ-тың басқарма аппараты санасының артта қалғанын көрсететінін қуаттап: «Дұшпан Иран мен аймақта не болып жатқанын түсіне алмайды. Сол себепті жеңілетін болады. Біраз бұрын да олардың Ирак пен Сирия және басқа да аймақтық елдерге қатысты есептеулері қате болып, жеңіліс тапты» деді.
Хазірет аятолла Хаменеи аймақтағы тұрақсыз жағдайдың түп-тамырының әлемдегі сионизмнің агенті болып отырған АҚШ-тағы үстемшіл режимінен бастау алатынын баса айтып: «АҚШ-тың демократтары өздері мойындағандай ДАИШ-ты құрды. Сол себепті АҚШ-тың ДАИШ-пен күресіп отырған Ислам революциясының Сақшылар корпусына қарсы шығуы қалыпты іс» деді. Ислам революциясының жетекшісі сөзінің жалғасында Иранның АҚШ-тың Ливан, Сирия, Ирак пен аймақтағы басқа елдерге қатысты сұм жоспарларын бұзғанын, осы себепті АҚШ-тың Иранға ашулы екенін және ирандықтармен өштесіп отырғанын айтты. Хазірет ғылыми даму, қорғаныстық күш-құдірет пен экономикалық күшті мақтан тұтарлық маңызды жетістіктер деп атап: «Иранға инвестиция салам деушілерге еш шектеу жоқ. Алайда, елдің экономикасы ішкі мүмкіндіктерге арқа сүйеуі керек» деді.
Иран Ислам революциясының жетекшісі АҚШ-тың «Ортақ қадам» бағдарламасына қарсы жуырдағы ұстанымдарына тоқталып: «Егер АҚШ бұл келісімді жыртатын болса, біз оны одан да ұсақ бөліктерге жыртып тастаймыз. Еуропаның «Ортақ қадам» келісімінің күшін жою мәселесі бойынша АҚШ-қа сөз жүзінде ғана қарсы шығуы жеткіліксіз. Еуропа АҚШ-тың санкция салу әрекеттеріне қарсы тұруы керек. Сондай-ақ, Иранның қорғаныстық күш-құдіреті сияқты аса маңызды мәселелеріне араласудан аулақ болсын» деп баса айтты.
Ислам революциясының жетекшісі сөзінің соңында дарынды жастарға жастық шақтың мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып, қазіргі кездегі тыныштық пен қауіпсіздіктің қадірін білуге кеңес беріп: «Бүгін сіздер үшін өз еліңіздің болашағын қалыптастыратын мүмкіндік бар. Сіздер қауіпсіз, тыныш, ғылыми мүмкіндіктері бар елде өмір сүріп жатырсыздар. Біліктілікке иесіздер. Қолдау көріп, тіпті дәріптелесіздер. Мұның қадірін біліп, мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Сіздердің қолдарыңызда жастық шақтың асыл тасы тұр. Бұл асыл тасты Қиямет күні Алла бізден талап етіп, жастық шақты қалай өткізгенімізді сұрайды. Алла Тағаланың сіздерге көмектесетінін біліңіздер. Жаратушы жолында талпыныс жасаңыздар. Алла Тағала сіздердің жүректеріңізді жасалуы керек жұмыстарға қарай бағыттайды. Ниеттеріңіз жауапкершілікті сезініп, өз міндеттеріңізді орындауға бағытталсын. Жаратушының өзі көмектеседі. Ондаған жылдардан кейін өз алдарыңызда бұдан да дамыған, жүйелендірілген әрі жақсара түскен елді көріп, өздеріңіздің сол елді басқарып отыратындықтарыңызға сенімдімін» деді.