Ақп 25, 2016 10:53 Asia/Almaty
  • Жетекшінің Батыс жастарына хаты

«Жетекшінің Батыс жастарына хаты» атты бағдарламаның келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бағдарлама Иран Ислам революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнап жазған хатын талдауға арналған.

Бұл хазірет аятолла Хаменеидің соңғы бір жылдың ішінде Еуропа мен Батыс жастарына арнаған екінші хаты болып табылады. Онда хазірет Батыстың ислам мен қазіргі әлемдегі мұсылмандармен қарым-қатынас тәсілі туралы тікелей сөз қозғаған. Хазірет аятолла Хаменеи хатта терроризмді Батыс пен ислам әлемінің ортақ індеті деп атап: «Батыстың терроризммен екіқырлы қатынасы мен лаңкестікті «жақсы», «жаман» деп бөлуі – терроризмнің маңызды тамырларының бірі. Қауіпсіздік орнатудың алғашқы сатысы – Батыстың қатігездік тудыратын ойын түзету»,-деп қуаттады.

Батыс ақпарат құралдары кең ауқымды жарнамалар мен сараптамалардың көмегімен исламдық ойларды терроризмнің тамыры деп таныстыруға талпынып жатыр. Бұл ақпарат құралдары Батыстың қазіргі әлемде өкінішті жағдайдың қалыптасуында қандай рөл атқарғанына көңіл аударып жатқан жоқ. Бұл арада Иран Ислам революциясының жетекшісі өзінің Батыс жастарына арнаған хатының бір бөлігінде: «Еуропада туып, сол ортаның ойы мен рухани дүниесінде тәрбиеленген адамдар неліктен осындай топтарға қосылады деп сұрау қажет? Адамдар соғыс аймақтарына бір-екі рет барғаннан кейін қысқа уақытта экстремистке айналып, өз отандастарына оқ жаудыра бастайды дегенге қалай сенуге болады? Зиянды ортада өмір бойы қатігездік тудыратын бұрыс мәдени азықпен коректенуді естен шығармау қажет. Бұған қатысты жан-жақты сараптама жасалуы тиіс. Бұл сараптама қоғамның ашық та жасырын залалдарын айқындайды. Өнеркәсіп пен экономиканың гүлденген жылдарында пайда болған теңсіздіктер, кейін заңдық және құрылымдық кемсітушіліктердің әсерінен Батыс қоғамдарының әртүрлі әлеуметтік топтарының жүрегіне ұялаған жиіркеніш сезімі кей уақыттарда ауру сияқты осындай түрде көрініс табады»,-деп жазды.

Стратегиялық мәліметтер көрсеткендей, ИСИМ лаңкестері арасында әлемнің 90-нан астам елінің азаматтары бар. Олардың арасынан Бельгия, Франция, Швейцария, Италия, Аустрия мен Германияның азаматтарын көруге болады. Кейбір дереккөздері ИСИМ-нің еуропалық мүшелерінің санын 3000 адам деп көрсетсе, ал басқалар ондаған мың адам деп санаған. Осыдан біраз бұрын франциялық «Le Figaro» газеті: «ИСИМ лаңкестік тобының мүшелерінің кемінде үштен бірі еуропалық елдерден шыққан»,-деп мәлімдеме жасады.

Сарапшылар жастардың ИСИМ-ге қосылуының әртүрлі себептерін келтірген. Біреулер ИСИМ-нің ақшаға қатысты уәделері қаражаттан қысылып жүрген кейбір адамдарды ИСИМ-ге мүшелікке қабылдануға ынталандырады дейді. Бірақ ИСИМ-ге қосылған батыстық адамдардың көбі материалдық тұрғыдан жақсы өмір сүрген, тіпті олардың кейбіреулері лаңкестік топтарға қосылу үшін жақсырақ позициялардан бас тартқан. Сондықтан осы тақырып жөнінде нақтырақ ойлануымыз қажет.

Батыстықтардың ислам жайлы танымы толық емес. Батыста исламға бет бұратын адамдардың көбі ислам діні мен адами құндылықтар туралы аз және үстірт хабарға ие. Олар Сауд Арабиясында және Батыста кең көлемде жарыққа шығатын вахаббилерге қатысты көптеген еңбектерді оқиды. Тәкфирлік ойлардың тамыры болып табылатын вахаббилік – исламдағы бұрмаланған ағым. Ол Англия мен АҚШ-тың қолдауымен ислам пайда болғаннан кейінгі ғасырларда қалыптасып, исламдық мектептер тарапынан сынға алынған. Бірақ бұл бұрмаланған ой бүгінде ислам әлемінің тарихи орталығы, яғни Меккені қолына алып, исламның келбеті мен тілі ретінде танылып отыр. Сауд Арабиясының үгіт-насихаты мен Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың Сауд әулеті режиміне көрсететін қолдаулары кейбір батыс мұсылмандары мен жаңа мұсылмандардың исламның шынайы құндылықтарынан толық хабарларының болмауына себеп болды. Тәкфирлік топтар осы хабарсыздықты пайдаланып, исламның жоғары да құнды ұғымдары, яғни джиһад пен шаһадатты өздерінің мүдделеріне сай түсіндіріп келеді.

Еуропа мен АҚШ-та тұратын мұсылмандар үнемі азшылық топты құраған. Бұл азшылық ешқашан басқа азаматтармен тең дәрежеде болмаған. Ұзақ жылдар бойы зайырлылық саясатының басымдығы салдарынан діни құндылықтарға шабуыл жасалып, дінді сақтау белгілеріне құрметсіздік көрсетілді. Батыста діннен қашу және соның артынша дінмен жауласу модернизмнің қажеттіліктері ретінде танылды. Осындай жағдайда мұсылман азшылығы кемсітушіліктер мен рухани қысымдарға ұшырады. Осылайша Батыс өзінің басқа мәдениеттерден басымдығын көрсетіп, қорлаушы қатынасы арқылы Батыстың мәдениетіне қарсы қатты әрі негізсіз реакцияның потенциалын тудырды. Осы себепті Батыстан ИСИМ-ге қосылатын кейбір жастардың бойында кек сезімі қатты өршіген. Әрине, бұл негізсіз қатынастың ешқандай діни тамыры жоқ, алайда оны лаңкестердегі психикалық дерттің бір түрі деп санауға болады.

Батыс жастарының ИСИМ-ге қосылуына жағдай жасайтын келесі бір маңызды фактор – Батыстың ерекше мәдениеті. Батыста дүниеге келген жастар Батыстың тәлім-тәрбие жүйесінде өсіп, Батыстың өмір салты бойынша өмір сүреді. Сөйте тұра қазіргі таңдағы өте дөрекі бір лаңкестік топқа қатысу үшін материалдық позициялардан бас тартады. ИСИМ жасайтын жабайы қылмыстарға бару дұрыс тәрбиеленген адамның қолынан келмейді. Бір адам қандай ойға ие болса да, өзінің рухы мен ар-ұжданын аман сақтап қала алса, бейкүнә сәбиді бауыздамас еді немесе басқа бір адамды тірідей отқа жақпас еді. Бұл қылмыстар күн сайын ИСИМ-нің мүшелері тарапынан атқарылып жатыр. Мәселе мынада: мұндай адамның тәлім-тәрбие жағдайын түбегейлі зерттеу қажет. Дұрыс тәрбиеленген адам қақтығыстар аймағына бір-екі рет сапар шеккеннен кейін бірден қылмыскерге айналып кете алмайды ғой? Олай десек, әрине, бұл асығыс жасалған сараптама болмақ.

Қатігездік пен жыныстық жүгенсіздік Батыс мәдениетінің танымал екі ерекшелігі болып табылады. Батыс ойшылдары осы екі ерекшеліктің бүлдіргі сипаты туралы ондаған жыл бұрын ескерту жасап, шешім жолын табуды ойластырған. Бірақ ақлақтық құлдырау – материализм мен индивидуализмнің қашып құтыла алмайтын салдары. Бұл екеуі Батыстың құлдырап бара жатқан өркениетінің ойлау негізі болған және әлі де болып келеді. ИСИМ дамыған қару-жарақ, бетпе-бет қақтығыстар мен бұрын-соңды болмаған қатігездіктерді көрсету арқылы экстремисттердің авантюристік сезімін қоздырады. Батыс мәдениетінің символы болған голливудтік фильмдердің өз көрермендерінің талғамын қатігездік пен жыныстық қатынастарға қарай итермелеп жатқанына жылдар болды. Ал ИСИМ шын мәнінде осы мәдениетте тәрбиеленген адамдардың психикалық қажеттіліктерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Шексіз-шетсіз қатігездікпен қатар ИСИМ жұмақ пен мәңгілік бақыт туралы жалған уәделермен көптеген әйелдер мен қыздарды жыныстық тұрғыдан теріс пайдалану үшін қызметке алады. Мұнымен қоса, қақтығыстар барысында тұтқынға алынған көптеген әйелдер айуандық тәсілмен жыныстық құлдыққа түседі. Исламның жалған қорғаушысы саналатын ИСИМ жыныстық қатынастарға қатысты барлық исламдық құндылықтарды бұзып, ресми түрде жыныстық қатынасты саудалауға кірісті. Бұл лаңкестік топ «неке мен құлдықтың джиһады» деген жыныстық тартымдылық тудыру арқылы көбірек адам жинауға күш салуда.

Батыс әлемі материалдық дүниелерге батып, рухани құндылықтарды ұмытқандықтан мән-мағына дағдарысына ұшырады. Батыс жастары мән-мағына дағдарысынан құтылу үшін қолдан жасалған діндер мен жалған мистикаға бет бұрады. Францияның этнограф мамандарының зерттеулері көрсеткендей, Батыс жастарының ИСИМ сияқты лаңкестік топтарға қосылудағы себептері – бөтендік сезіну, дағдарушылық, идеологиялық және әлеуметтік үлгілердің болмауы. Бұл вакуум Батыстың ұлы ойшылдарының философиялары, идеологиялары мен ойларының тартымдылығының аяқталғандығына байланысты туындап отыр. Марксизм мен либерализм сияқты ойлар бір кездері Батыс жастарының санасын жаулап алған еді. Жастар мұндай жағдайда осы вакуумды толтырып, өздерінің бір нәрсеге тиесілі екендігін және үлкен де құнды істерді атқарып жатқанын сезіну үшін белгілі бір ой немесе мекенді табуды көздейді. Олар осылайша өздері сенетін немесе әлемде маңызды рөл атқарып жатыр деп санайтын топқа қосылады. Батыстағы зайырлылық ойы бағбандық сияқты кішкентай жұмыс та өмірді мағыналы ете алады деп айтқан, бірақ адам жаратылысынан үлкен мақсатқа құштар, онсыз тыныштық пен мағыналылықты сезінбейді. ИСИМ осы вакуум, яғни Батыстағы өмірдің мәнін жоғалту дағдарысын пайдаланып, қайырымды қала, мәңгілік бақыт, бүкіл әлемді қамтитын билік құру және сол сияқты уәделер беру арқылы Батыс жастарын жалған мағынаға толы сағыммен тартады.

Осы бағдарламада айтып өткеніміздей, шынайы исламды танымау, Батыстың басқа мәдениеттерге қатысты кемсітушіліктері мен қорлықтарынан кек алу, мән-мағына дағдарысы, болмыс-бітім дағдарысы, сонымен қатар Батыс қоғамындағы қатігездік пен ақлақтық жүгенсіздік еуропалықтардың ИСИМ сияқты лаңкестік топтарға күн сайын бет бұруына жағдай жасайтын кейбір факторлар болып табылады. Сондықтан лаңкестікпен күресу үшін оның мәдени тамырларын дұрыстап анықтау қажет. Бұл іс Батыс жастарының атсалысуымен жүзеге асырылып, сыналуы тиіс.

Тегтер