Қаз 25, 2016 17:36 Asia/Almaty

шұғыра-сүресі,-646-шы-бөлім,-63-68-аяттар

«Шұғыра» сүресінің 63-64-65-66 аяттары:

 

 «فَأَوْحَیْنَا إِلَى مُوسَى أَنِ اضْرِ‌بْ بِعَصَاکَ الْبَحْرَ‌ فَانْفَلَقَ فَکَانَ کُلُّ فِرْ‌قٍ کَالطَّوْدِ الْعَظِیمِ»، «وَأَزْلَفْنَا ثَمَّ الْآخَرِ‌ینَ»، «وَأَنْجَیْنَا مُوسَى وَمَنْ مَعَهُ أَجْمَعِینَ»، «ثُمَّ أَغْرَ‌قْنَا الْآخَرِ‌ینَ»

 Мұса (Ғ.С.)-ға: "Таяғыңмен теңізді ұр!",- деп уахи еттік. Сонда (теңіз) жарылып, әр бөлімі асқар таудай болды. (63) Артқыларды да сол жерге жақындаттық. (64) Мұса (Ғ.С.) мен онымен бірге болған адамдардың барлығын құтқардық. (65) Сосын басқаларды суға батырдық (66).

Алдыңғы бағдарламада Перғауынның қару-жарақпен жабдықталған үлкен қолмен Мұса пайғамбар мен ол хазіреттің серіктерінің соңынан қуғынға түскенін айтқан болатынбыз. Олар үлкен Ніл өзеніне жеткен кезде хазірет Мұса мен серіктері өздерін Перғауынның әскерінің қоршауында қалғандарын көрді. Олардың алдарында судың асау толқындары, арттарында бақайшақтарына дейін қаруланған дұшпан тұрды. Перғауындықтардың шеңгелінен құтылатын жолды көрмеген Мұса пайғамбардың серіктері алаңдап, салдары суға кетіп, үмітсіздікке бой ұрды. Алайда Құдайға тәуекел еткен хазірет Мұса Исраил ұрпағын құтқару туралы Құдайдың уәделерінің кесімді екендігін білді. Сол себепті оларды үміттендіріп, жұбатып: «Олар ешқашан бізге үстемдік етпейді. Сендерді Мысырдан шығарып әкетуге бұйырған Құдай бізге шешім жолын көрсетеді» деді.

Бұл аяттарда Құдай хазірет Мұсаға былай дейді: «Перғауынның алдына тастаған асатаяқ үлкен жыланға айналды. Енді соны тасып жатқан Ніл өзеніне лақтыр. Сонда судың ортасынан әртүрлі жолдардың пайда болып, толқынға толқынның ілесіп, асқар таудың бой көтергенін  көресің». Хазірет Мұса да солай етіп, асатаяқты өзенге сілтеді. Кенеттен су жарылып, толқындар көз ілеспес жылдамдықпен жиналып, олардың арасынан жол көрінді. Хазірет Мұсаның әмірімен серіктері Ніл өзеніне аяқ басып, пайда болған жол арқылы аман-есен өзеннен өтті. Перғауын мен перғауындықтар мұндай айқын мұғжизаны көрсе де  бәрібір тәкәппарлықтарын қоймастан Мұса пайғамбар мен оның серіктерін қууды жалғастыра берді.  Олар өмірлерінің соңғы сәттері жеткенін білместен Ніл өзеніне қойып кетті. Хазірет Мұсаның серіктерінің соңғысының теңізден өтуімен Алланың әмірімен су бұрынғы қалпына қайтып, судың ауыр толқындары Перғауын мен оның әскерін жұтып қойды. Осылайша тәкәппар, кеудемсоқ перғауындықтар замана сахнасынан жойылды. «Құдаймын» деп уәж айтқан Перғауын өзінің үлкен байлығы мен күшіне масаттанып, күндердің бірінде Ніл өзеніне өз әскерімен батып кетемін деп ешқашан ойлаған жоқ.  Перғауын Мұса хазіреттің асатаяғының жыланға айналғанын көзімен көргенімен ол кезде Мұса пайғамбардың ісінің сиқыршылардың ісінен айырмашылығы бар екенін түсінбеді. Бүгін тасыған Ніл өзенінің ортасынан құрғақ жолдың пайда болғанын көрген кезде ол неліктен Мұса пайғамбардың дінінің растығын түсінбеді? Егер Перғауын хазірет Мұсаға иман келтіруді көздемесе де сондай мұғжизаны өз көзімен көрген кезде Мұса пайғамбар мен хазіреттің серіктерінің соңына түсуін қойып, өзі мен әскерінің жанын қатерден сақтап қалу үшін оларды жөндеріне қалдырған болар еді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Табиғат пен су, топырақ сынды табиғи факторлар Құдайдың бұйрығымен Құдайдың ерекше пенделерінің ықтиярына беріліп, оларға бағынады.

2. Алланың бұйрығы баршаға үстем. Оның бұйрығымен асатаяқ бір күні жыланға айналса, бір күні теңіздің құрғап, мүміндер үшін жолдың ашылуына себеп болады. Бірақ бір күні асатаяқ жерден суды атқылататын құрал да болады. («Бақара» сүресінің 60 аятына сілтеме жасалған).

3. Егер Құдай құп көрсе өзінің дінінің жақтастарын, тіпті ең қиын деген жағдайда да тығырықтан шығарады.

«Шұғыра» сүресінің 67-68 аяттары:

 «إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَةً وَمَا کَانَ أَکْثَرُ‌هُمْ مُؤْمِنِینَ»، «وَإِنَّ رَ‌بَّکَ لَهُوَ الْعَزِیزُ الرَّ‌حِیمُ»

 

Әрине бұнда ашық белгі мен ғибрат бар. Сонда да олардың көбі нанбады. (67) Расында Раббың Ол аса үстем, тым мейірімді. (68)

Осы сүредегі хазірет Мұса мен Перғауын оқиғасының соңында Құдай ислам пайғамбары мен мұсылмандарға қаратып: «Ніл өзеніне Перғауын мен әскерінің батып кету оқиғасында һәм үстемшіл басшыларға, һәм езгідегі адамдар үшін көптеген ғибрат бар» дейді. Үстемшілдер, егер Құдай қаласа олардың тақтарын жарты-ақ күнде құлатып, ешбір әскер мен жасақ оларды құтқара алмайтын болады деген ғибрат алуы керек. Езгідегілер де, егер Алла жолындағы жетекшілердің бірінің басшылығымен үстемшілдердің билігіне қарсы төңкеріске шықса Құдай оларға жәрдемдесіп, құтқарады деген маңызды сабақты үйренулері керек. Бұл – пенделеріне қатысты Құдайдың сүннеті. Құдай осы оқиғада залымдарға қарсы Өзінің құдіреті мен Мұса пайғамбардың серіктеріне қатысты өзінің ерекше мейірімі мен рақымын көрсеткенімен осындай белгілер мен нышандарға қарамастан адамдардың көпшілігі хақ пен ақиқатты іздемейді, иман келтіруді мақсат етпейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Егер адам хақты тануды мақсат етсе Құдайдың жаратылыстағы белгілері мен нышандарының анық және айқындығы соншалықты ол қанағаттанып, сенімділікке жетеді.

2. Тарихтағы Алланың сүннеті – хаққа жәрдемдесіп, жалғанды басып-жаныштау.

3. Құдай бұрынғылардың тарихын баяндау арқылы пайғамбар мен мүміндерді жұбатып, оларға шыдамдылық пен табандылықтың сабағын береді.