Қаз 25, 2016 17:42 Asia/Almaty

шұғыра-сүресі,-648-ші-бөлім,-78-82-аяттар

«Шұғыра» сүресінің 78-79-80 аяттары:

 «الَّذِی خَلَقَنِی فَهُوَ یَهْدِینِ»، «وَالَّذِی هُوَ یُطْعِمُنِی وَیَسْقِینِ»، «وَإِذَا مَرِ‌ضْتُ فَهُوَ یَشْفِینِ»

 

"Ол мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді." (78) "Ол маған жегізеді де ішкізеді." (79) "Ол ауырған кезімде маған шипа береді" (80).

Алдыңғы бағдарламада хазірет Ибраһимнің пұтқа табынушылармен сұхбатын баяндадық. Сол сұхбатта хазірет Ибраһим қисынды тәсілмен пұттардың адамдардың өмірінде рол атқармайтындығын айтқан кезде олар хазіретке өздерінің ата-бабалары мен ел үлкендерінің әдет-ғұрыптарын сақтайтындықтарын алға тартты. Бұл бағдарламада хазірет Ибраһимнің пұтқа табынушыларға айтқан сөздерінің жалғасын естиміз. Хазірет Ибраһим оларға былай деді: «Сендердің құдайларыңның қандай екендігін көрдік. Бірақ менің Құдайым – менің жаратылысым мен тәрбием соның қолындағы Құдай. Ол дұрыс жолды бұрыс жолдан ажыратуым үшін маған ақыл-ой берді. Мен түзу жолға нұсқалуым үшін маған жақсыны жаманнан ажырататын қабілет берді.

 Ол маған жолды көрсетуімен қатар менің физикалық қажеттіліктерімді де орындады. Ішіп, жейтінді маған берген және әлі де беретін Ол. Ауырған кезде соларды пайдаланып, тәуір болуым үшін маған емделудің құрал-жабдығын беріп, үйреткен де Сол. Ия, менің өткенім, қазіргім және болашағым, менің тәнім мен рухым, денсаулығым мен науқастануым Соның қолында. Ол ешбір жағдайда менен бөлек емес. Мен көңіл аудармасам да Ол менің қажеттіліктерімді орындайды». Осы аяттардан үйренетініміз:

Жарату нығметінен кейінгі жетекшілік нығметі Алланың адамға берген ең үлкен нығметі саналады.

Дәрі – емделудің құралы. Бірақ оның ауруды жойып, адамның жазылуындағы әсері Құдайдың қолында. Ол біздің денемізді аурудан айығып, ауру мүше жазылатындай етіп жаратқан. Дәріні де Ол жаратқан. Фармакология ғылымы да адамға берген ақылмен қалыптасты. Сондықтан барлық нәрсе Соның қолында.

 «Шұғыра» сүресінің 81-82 аяттары:

 

 «وَالَّذِی یُمِیتُنِی ثُمَّ یُحْیِینِ»، «وَالَّذِی أَطْمَعُ أَنْ یَغْفِرَ‌ لِی خَطِیئَتِی یَوْمَ الدِّینِ»

 "Ол мені өлтіреді де сонсоң тірілтеді." (81) "Ол сондай Алла. Қиямет күні қателерімді жарылқауын үміт етемін." (82).

Алдыңғы аяттарда хазірет Ибраһим Құдайдың осы дүниедегі роліне сілтеме жасады. Осы аяттарда пұтқа табынушыларға өзінің өлімі мен өмірінің, осы дүние мен о дүниесінің барлығы соның қолында дегенді түсіндіру үшін Құдайдың өлімнен кейінгі әлемдегі ролі баяндалған. Хазірет Ибраһим былай деді: «Мен жоқ болғанда мені осы дүниеге әкелгені сынды менің жанымды алып, осы дүниеден әкетеді. Бірақ мені еркіме жібере салмайды. Ол маған о дүниеде тіршілік сыйлайтын болады. Сонда жақсы істерімнің сауабы мен жаман істерімнің жазасын сол әлемде көретін боламын. Менің Құдайым – мейірімді Құдай. Осы дүниеде өзінің нығметтерін сыйлағанымен қатар ақыретте де пенделеріне мейірімділік білдіреді. Мен осы дүниеде жасаған әрбір қателігім мен кемшілігімді Ол өзінің ұлылығымен кешіріп, мені жарылқайды деп үміттенемін» дейді. Біз пайғамбарлар кез келген күнәдан пәк және ешқашан Құдайға бағынбаушылық танытпайды деп санаймыз. Алайда олар үнемі өздерін Құдайдың алдында кінәлі санап, пайғамбарлық ауыр міндетті орындауда кемшіліктері болатын болса Құдайдан кешірім сұрайды.

 Басқаша айтқанда, олардың мақсаттары мен ниеттері адамдардың барлығының жетекшілігі мен нұсқалуын көздейді. Бірақ іс жүзінде бұл тілек ешқашан жүзеге аспай, көптеген кедергілер пайда болады. Пайғамбарлар бәлкім, кедергілерді жойып, Құдайдың сөзін халықтың құлағына жеткізуде кемшілік орын алып, кінәлі болдым ба деп қорқады. Сол себепті Құдайдан, егер кемшілік орын алса оларды кешіруді сұрайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Илаһи дүниетанымда өлім адамның ісінің аяқталуы саналмайды, керісінше ол басқа өмірдің басталуы.

2.Өзіміздің жақсы істерімізге арқа сүйемейік. Еш адам Алланың мейірімі мен кешірімінен мұқтажсыз емес. Тіпті илаһи пайғамбарлар да өздерінің істеріне емес, Құдайдың мейірімі мен кешірімінен үміттенген.

3.Құдайдың кешірімінен үміттену және Құдайдан кешірім сұрау илаһи пайғамбарлардың тәсілі.

4.Адамның өмірінің басынан соңына дейінгі материалды және рухани қажеттіліктері Құдайдың қолында.