Ақп 29, 2016 18:23 Asia/Almaty

Қоршаған ортаның тұрақтылығына кепілдік беру

Қазіргі таңда адамзат баласы бетпе-бет келіп отырған ең маңызды түйткілдердің бірі – қоршаған орта дағдарысы және адамның табиғаттан алатын қажеттіліктерінің ұлғаюы. Адамдардың қоршаған ортаға әсері 1750 жылы индустриалдық даму басталғаннан бері үлкен қарқынмен артып келеді. Индустриалды елдердің өз экономикалық орнын жақсартуға ұмтылуы және көптеген елдердің дамуға қол жеткізу жоспары қоршаған ортаға көбірек зиян тигізетін жағдай тудырды. Басқа жағынан осы үдеріспен күресу үшін бүкіләлемдік ерік-жігердің болмауы адамдарды табиғаттың қатаң келбетімен бетпе-бет келтіріп, судың ластануы, қышқылды жаңбырдың салдарынан топырақтың эрозияға ұшырауы, шөлді жерлердің ұлғаюы, ормандардың құртылуы, климаттың өзгеруі және әлемдік деңгейде Жер планетасының жылынуы сияқты қоршаған ортаның көптеген мәселелері туындады.

Осындай жағдайда күн сайын үлкен қалалардың ауасы ластана түсуде. Көптеген жағалаулар зауыттардан төгілетін химиялық заттармен ластануда. Ақырында бәрінен маңыздысы, ядролық қалдықтарды көму және жою мәселесі шешілмейтін мәселе ретінде қарастырылды. Қоршаған орта мәселелері солтүстік пен оңтүстіктегі барлық елдерде бар. Осындай жағдайда, әсіресе соңғы онжылдықтарда әлем елдері өте күрделі жағдайға тап болып отыр, өйткені бір жағынан өз өмірін жалғастыру үшін технологиялық өнімдерді пайдалануға мәжбүр болса,  басқа жағынан осы шикізаттарды пайдалану әлемнің қоршаған ортасын күн өткен сайын ластап жатыр.

1972 жылы Швецияның астанасы Стокгольмде БҰҰ қоршаған ортаға қатысты әлемдік алаңдаушылыққа жауап беріп, адамдардың қоршаған орта қатерлері туралы пікірталас өткізуі үшін алғашқы басқосу өткізді. Бұл саммитте Жердің экологиясын сақтауға арналған топтық шараларды атқаруға ұмтылыс, елдердің трансшекаралық ластауларға қатысты жауапкершілігі, елдердің ұлттық қорларға қатысты тәуелсіздігі мен егемендігі, даму құқығы жөніндегі бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған принциптер қарастырылды.  «Планета басшылары саммиты» атты БҰҰ-ның қоршаған ортаға қатысты екінші үлкен конференциясы да 1992 жылдың басында Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өткізілді. Осы отырыста озон қабатының бұзылуы және климаттың өзгеруі негізгі тақырып ретінде қарастырылды.

Осындай үдерістің жалғасында 2000 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы  әлем елдері басшыларының ең үлкен басқосуында «Мыңжылдық жарғысын» дайындап, бекітуге куә болды. Осы жарғы бойынша 189 елдің басшысы 2015 жылға дейін 8 мақсатқа қол жеткізуді күн тәртібіне қойды. Бұл мақсаттардың барлығы әлемнің негізгі түйткілдеріне жауап береді. Ел басшылары тарапынан қабылданған мақсаттардың қатарында қоршаған ортаның тұрақтылығына кепілдік беру де бар. Бұл мақсат мыңжылдық дамудың барлық мақсаттарына жету үшін ауадай қажет. Осыған орай елдердің басшылары  бар күшін қоршаған ортаны сақтауға жұмылдыруға, тұрақты дамудың принциптерін саясаттары мен жоспарларына енгізуге, табиғи көздердің бұзылуының алдын алуға міндеттеме алды. Бұл мақсаттың айшықты әрі белгілі бір бағыттары бар. Табиғи қорлардың жойылуының алдын алу, әлемде балықтардың азаюына көңіл аудару, топырақ эрозиясымен күресу, климаттың өзгеруі, парниктік газдарды азайту – осылардың барлығы елдердің дамуындағы ең маңызды әрі әсерлі факторлардың қатарына жатады. Бұлардың барлығы – келісілген мақсаттар. Сондай-ақ, олар тұщы су тапшылығын көріп отырған адамдардың санын төмендетуге келісті. Қараңғы түкпірлерде тұратын кемінде 100 млн адамның санын жартыға жеткізу және олардың тұрмыс жағдайын жақсарту да осы құжаттың мақсаттарына жатады.

2000 жылы көптеген елдер тұрақты даму принциптеріне қол қойса да, қолда бар айғақтар бұл істің әлемдегі табиғи қорлар мен қоршаған ортаның бұзылу үдерісін кері қайтару үшін жеткілікті ілгерілеуге жеткізбегенін көрсетеді. Мысал ретінде қазіргі таңда таза тұщы суға қолжетімділік деңгейі артқанымен, бірақ даму үстіндегі елдердің жартысы  әлі де алғашқы санитарлық мүмкіндіктерге ие бола алмай отыр. Қалалық жерлерге қоныс аудару ауылдық жерлерге қысымды азайтқанымен, қаланың шетіндегі қауіпті әрі қараңғы түкпірлерде тұратын адамдардың санын арттырды. Қазіргі таңда шамамен 1 млрд адам қаланың айналасында тұрады. Өйткені қала тұрғындары санының арту жылдамдығы тұрғын үйлерді жақсарту және тиімді жұмыстармен қамтамасыз ету үдерісінен әлдеқайда көп. Жарияланған мәліметтер бойынша жануарлар мен өсімдіктердің түрлері де бұрын-соңды болмаған деңгейде жойылып барады. Климат өзгеруде. Теңіздерде  су деңгейінің жоғарылауы, құрғақшылық пен су тасқыны сияқты қатерлер адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Балықтар мен теңіз қорлары де шектен тыс пайдаланылуда.

Қоршаған ортаның ең маңызды мәселелерінің бірі, яғни өткен жылдарда климаттың өзгеруі өзінің бүлдіруші әсерлерін көрсетті. Атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің азаюы көптеген құрғақшылықтар мен су тапшылығына  соқтырды. 2014 жылы болған су тапшылығы деңгейінің жоғарылығы соншалықты, Дүниежүзілік экономикалық одақ су тапшылығынан туындаған қатерді әлемнің ең үлкен қаупі деп жариялады.

«Foreign Policy» басылымының сарапшысы Шин Херис өзінің мақаласында  климаттық өзгерістер менн су тапшылығын ұлттардың келешектегі дағдарысы деп атап: «Жақын болашақта мемлекеттер арасындағы шиеленістің артуына себеп болатын қиындық – климаттың өзгеруі. Бұл мәселе жаңа соғыс отын тұтатуы мүмкін»,-деп жазды.  Херистің сенімінше, алдағы төрт жылдың ішінде су тапшылығы мен азық-түлік және қуат көзімен қамтамасыз ету үшін қатты бәсекелестік те әлем елдері басшыларын ауыр қиындықтарға ұшыратады. Көптеген елдер климаттың өзгеруі мен азық-түліктің шектеулігінен туындаған жұқпалы аурулардың таралуы сияқты түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Қоршаған орта мамандарының мәлімдеуі бойынша, әлемнің  жаңбырлы жерлерінің жартысынан көбі жойылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі климаттық өзгеріс атмосфераның үлгісін өзгертіп, соңында су тапшылығы мен дағдарысқа әкеліп соқтырады.

Осылайша мыңжылдық даму құжатындағы жетінші мақсатқа да қол жеткізілмеді. Қоршаған ортаның тұрақтылығы табиғи көздерді рационалды пайдалану және күрделі экожүйелерді қорғау дегенді білдіреді. Адамзат өмірінің жалғасуы осыларға байланысты. Бірақ бұл тұрақтылық табиғи көздердің қазіргі тұтынысымен  орындалмайды. Бұл мақсатқа жету кедей елдердің ауыр жағдайына көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені олардың күнделікті өмірі тікелей және жанама түрде айналасындағы табиғи көздерге және бұрын-соңды болмаған деңгейде әлемдік әріптестіктерге тәуелді. Шын мәнінде дәл қазір әлемдік қауымдастық ұшырап отырған қоршаған орта қиындықтарының көбі мыңжылдық дамудың басқа мақсаттарынан бастау алады. Бұл мақсаттар әлемдік қауымдастық тарапынан қадағаланып, орындалуы тиіс. Мысалы, қоршаған орта мәселелерінің тамыры, әсіресе даму үстіндегі елдерде кедейшіліктен (тұрақты дамудың бірінші мақсаты) бастау алады. Өйткені кедейшілік қоршаған ортаның бұзылуына, ал ол өз кезегінде кедейшіліктің арта түсуіне себеп болады. Осы тұйық айналым ақырында экономика мен қоғамның құлдырауына, қоршаған ортаның бүлінуіне әкеліп соқтырады.

Сондықтан Жер планетасының экожүйесі мен табиғи көздерін тұрақты түрде сақтау үшін оларды өндіру және пайдалану үлгілері мен тәсілдері өзгертіліп, тұрақты даму мақсаттарына қарай ілгерілеуі қажет. Осыған орай БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қатысты халықаралық түйткілдерді шешуге бағытталған әралуан ортақ міндеттемелердің негізін қатаңырақ қадағалауы тиіс. Дамыған елдердің  қоршаған ортаны сақтауға қатысты міндеттемелері іске асатындай болуы керек. Басқа жағынан даму үстіндегі елдер де тұрақты дамудың мақсаттарын орындау жолында игі қадам жасау үшін өздерінің табиғи қорларын ең тиімді тәсілмен пайдалануы қажет.

Тегтер