Таһа сүресі, 544-ші бөлім, 110-114 аяттар
Таһа сүресі, 544-ші бөлім, 110-114 аяттар
«Таһа» сүресінің 110-111 аяттары:
" یَعْلَمُ ما بَیْنَ أَیْدیهِمْ وَ ما خَلْفَهُمْ وَلایُحیطُونَ بِهِ عِلْمًا " ، " وَعَنَتِ الْوُجُوهُ لِلْحَیِّ الْقَیُّومِ وَقَدْ خابَ مَنْ حَمَلَ ظُلْمًا "
Өйткені Алла олардың алдарындағыны да арттарындағыны да біледі. Басқалар оны толық білмейді. (110) Тірі, меңгеруші (Алла)-ға бастар иіледі. Кім зұлымдық арқаласа, қор болады. (111)
Алдыңғы бағдарламада өлгендердің қиямет күні илаһи әділ сотқа жиналатындығын, баршаның есебінің мұқият тексерілетіндігін айттық. Осы аяттар былай дейді: «Күнәһарлардың алдарындағы нәрселерді де, олардың осы дүниеде жасағандарын да Құдай біледі. Ол адамдардың барлық іс-әрекеттері мен сөздерінен және ниеттерінен хабардар. Бірақ олар Құдайдан ешнәрсені талап ете алмайды. Сол себепті адамдар қияметтің сахнасына бастарын төмен салып, мойынсұнған, бойсұнушы түрде жиналады. Осы дүниеде өзіне, басқаларға, пайғамбарларға және аспандық мектептерге зұлымдық жасағандардың илаһи рақымға бөленуден үмітсіз болатындықтары табиғи жағдай. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Осы дүниеде адамдардың болмыстары мен кісіліктерінің белгісі болып табылатын бет-жүз қияметте жұмақтықтарды тозақтықтардан ажыратудың факторы болады.2. Осы дүниеде тәубеге келіп, қателіктерді түзетуге болады. Бірақ қияметте шапағат тілеуден басқа құтқарылатын жол жоқ. Оның өзі әрбір күнәһар мен залым үшін емес, лайық адамдарға ғана беріледі.
«Таһа» сүресінің 112 аяты:
" وَمَن یَعْمَلْ مِنَ الصّالِحاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلا یَخافُ ظُلْمًا وَلا هَضْمًا "
Ал кім иман келтірген түрде түзу іс істесе, сонда ол жамандықтарының артуынан, жақсылықтарының кемуінен қорықпайды. (112)
Алдыңғы аят олардың иықтарына зұлымдықтың жүгі артылған және рақымнан үміттері жоқ күнаһарлардың жағдайларына тоқталды. Бірақ осы аят қияметтегі мүміндердің хал-жағдайлары туралы баяндап, былай дейді: «Өз істерін түзу және дұрыс орындап, жағымсыз және ұят істерден бойларын аулақ салатын адамдар Құдай мен қияметке иман келтірсе өздерінің сыйларын еш кем-кетіксіз алады. Олардың хақтары зая болмайды». Діни мәдениетте иман мен түзу ғамал бір ағаштың тамыры мен жемісі сынды бір-бірінен бөлінбейді. Ғамалсыз иман жемісі жоқ ағаш сияқты. Имансыз ғамал тамыры жоқ ағаш сынды. Негізінен дұрыс ақидаға ие болмаса адамнан ізгі іс шықпайды. Егер имансыз адам жақсы іс жасаса бұл оның негізінде илаһи пәк болмыстың бар екендігінің белгісі. Ол Құдайды теріске шығарғанымен сол болмыс оның ішінде әсер етіп, оны жақсылықтар мен ізгіліктерге ынталандырады. Жақсы істердің нәтижесі осы дүниеде адамға жететіндігі, сол адам мен оның отбасы үшін дүниелік жақсы өмірдің негізін әзірлейтіндігі түсінікті. Қияметті теріске шығаратын адам қияметте сый сұрай ала ма немесе Құдай үшін іс жасамаған, тек дүниелік мақсаттары үшін жұмыс істеген адамның Құдайдан сый дәметуі дұрыс па? Бірақ Құдай мейірімді де рақымды. Сол себепті пәк түрткілермен жасалған ізгі істерді сыйлықсыз қалдырмайды, пендесін мақұрым етпейді. Бірақ оның Құдайда ешқандай құқығының жоқ екендігі түсінікті. Өйткені ол Құдайды тіпті қабылдамады, қияметке де сенген жоқ. Осы аяттан үйренетініміз.1.Әр адам өзінің мүмкіндігі мен шама-шарқынша, ол аз бола ма, көп бола ма, түзу ғамал жасап, сый алады. 2.Түзу ғамалды қабылдаудың шарты иманнан туындайтын илаһи ниет пен түрткіге ие болу.
«Таһа» сүресінің 113 аяты:
" وَکَذلِکَ أَنزَلْناهُ قُرْآنًا عَرَبِیًّا وَصَرَّفْنا فیهِ مِنَ الْوَعیدِ لَعَلَّهُمْ یَتَّقُونَ أَوْ یُحْدِثُ لَهُمْ ذِکْرًا "
Осылайша Құранды арапша шешен тілде түсіріп, онда түрлі ескертулерді баян еттік. Мүмкін олар сақтанар. Немесе оларға тым болмағанда үгіт пайда қылар. (113)
Құранды түсірудегі мақсаттардың бірі адамдарға тозаққа тартатын факторларды түсіндіру болып табылады. Бұл іс үшін иман иелері содан ғибрат алып, жамандықтан аулақ болсын деп осы дүние мен ақыреттегі әртүрлі қауымдардың істерінің салдарларын көрсеттік. Пайғамбарлар да адамдар өмірдің бұралаңы мен бұлтарысты жолында бұрыс жолға және аңғарларда құрдымға түсіп кетпеулері үшін әрдайым ескерту жасап, ақыл-кеңес беруге міндетті болды. Осы аяттан үйренетініміз:1.Құран – тәрбие кітабы. Тәрбиенің қажеттілігі қауіп-қатерлер туралы қорқыту мен ескерту жасауда.2.Адам әрдайым ескертуге мұқтаж. Дәлел аяқталу үшін тым құрығанда ескерту жасалып, ғибрат болатын іс таныстырылуы қажет.
«Таһа» сүресінің 114 аяты:
" فَتَعالَى اللَّهُ الْمَلِکُ الْحَقُّ وَلا تَعْجَلْ بِالْقُرْآنِ مِن قَبْلِ أَن یُقْضى إِلَیْکَ وَحْیُهُ وَقُل رَّبِّ زِدْنی عِلْمًا "
Шынайы меңгеруші Алла әр нәрседен жоғары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған етілген уахи бітуден бұрын Құранды оқуға асықпа да: "Раббым, білімімді арттыр!",- де. (114)
Аяттың бірінші бөлімі қияметтің соты туралы алдыңғы аяттардың жалғасында былай дейді: «Қияметтегі билік пен үстемдік Құдайға тиесілі. Әлбетте билік хақ пен әділет негізінде. Ол барлық нәрсе мен барлық адамның Иесі болғанымен мақұлықтарымен әділдік және хикмет негізінде әрекет жасайды». Аяттың жалғасы Құранның пайғамбарға түсірілу әдісі туралы. Бірақ алдыңғы аятта түсірілудің принципіне сілтеме жасалды. Рауаяттар негізі бойынша Құран Кәрім пайғамбарға екі рет түсірілген. Бірінші рет толық түрде, бір жерде Қадір түні түсірілген. Екінші рет аят-аят түрінде пайғамбардың жиырма үш жылдық пайғамбарлық кезеңінде Мекке мен Медине қалаларында түсірілген. Сол себепті Жебірейіл түскенде пайғамбар уахидің басталуымен аяттарды оқуда асығыстық танытқан. Жебірейіл уахи сөздерін оқымастан бұрын хазірет алдынан білетін аяттарды оқитын. Осы аят хазіретті сол істен тыйып, былай дейді: «Тіпті уәхиді алуда асығыстық танытпа». Қарапайым адамдарда асығыстық пен сабырсыздықтың бастауы кейде кеуде керушілік пен өзін көрсету үшін болады. Бірақ Алланың елшісінде илаһи сөзге деген ғашықтық пен асқан құштарлықтағы асығыстықтың бастауы Құранды оқу үшін болды. «Қиямет» сүресінің 16 аяты да осы мәселеге сілтеме жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:1.Бұрынғы білетіндерді қуаттаудың орнына әрдайым жаңа нәрсе үйренуге тырысайық. Тіпті Алланың елшісі де бұрын білетін аяттарды еске алудың орнына жаңа нәрселерді алуды күтуі керек.2.Ғылым мен білімнің шегі жоқ. Оқу бітіру дегеннің мағынасы жоқ.