Сәу 06, 2017 17:19 Asia/Almaty
  • Иранға сапар (213)

Теһранның тарихи тартымдылықтарының арасында тарихи үйлер ерекше маңызды. Кейбір үйлер əлі күнге дейін нақты анықталмай, Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелмеген, алайда кейбіреулері тіркеу барысында қолданыс аясы өзгертіліп, Теһранның атақты мұражайларының тізіміне енгізілді. Солардың бірі – Мұқаддамның үйі.

Теһран университетінің Мұқаддам мұражайы, шын мәнінде, Мұқаддам үйі Насыреддин шах Қаджар дәуіріндегі әкім Мұхаммад Тақи хан Эхтесаб әл‑Мүлкке тиесілі салтанатты үйлердің бірі болған. Оның кіші ұлы Мохсен Мұқаддам х.ш.ж.с.б. 1315 жылы (1936 жылы) сурет салу, өнер тарихы мен археология саласы бойынша оқу бітіргеннен кейін отанына қайта оралып, өзінің француз жұбайымен бірге әкесінің үйінде, яғни қазіргі мұражайдың орнында өмір сүре бастады. Мұқаддам ұстаз Камал ул-Мүлктің шәкірттерінің әрі Иранның алғашқы археологтарының бірі болды. Ол өзінің археолог ұстаздарымен бірге тарихи алаңдарда жұмыс істеген. Сонымен қатар, Теһран университетінің көркем өнер факультетінің негізін қалаушылардың және осы университеттің үздік ұстаздарының бірі болған. Ол Теһран университетінің кіреберіс маңдайшасында әлі күнге дейін ілініп тұрған белгіні Иранның көне тарихы мен мәдениетінен шабыт алып жобалаған.

Мохсен Мұқаддам мен оның жұбайы –Иранның Ұлттық мұражайы мен кітапханасында жұмыс істеген Сулма ханым ғылыми жұмыстармен қатар көптеген ескерткіштер мен заттарды Иранның мәдени және тарихи мұраларын сақтау мақсатында жинастырған. Ұстаз Мұқаддам жинастырылған құнды ескерткіштердің көбін –  қыш бұйымдар, тастан қашалып жасалған заттар мен басқаларды дәстүрлі және тарихи  кеңістіктерден шабыт алып, көрнекті түрде осы көне ғимараттың жер-жеріне іліп, мата коллекциясы, түтік пен қорқор, қыш және шыны бұйымдары, картиналар, тиындар, мөрлер мен тарихи құжаттар сияқты басқа да заттарды әкесінің үйінде ерекше тәртіппен орнатқан.

Мұқаддам мұражайының көрнекті ерекшеліктерінің бірі – архитектуралық кеңістігінің салыстырмалы түрде үйлесімді болуы. 2117 шаршы метр ауданды алып жатқан кеңістік сыртқы аула, ішкі аула және күзет-тазалау бөлімінен тұрады. Әрбір аула әртүрлі бөліктерге бөлінген. Ауланың оңтүстік бұрышында орналасқан жаздық ғимарат көптеген бөліктерден тұрады.

Ғимараттың  оңтүстік бұрышында орналасқан қабылдау бөлмесі жұмыс істеп, ғылыммен айналысатын және қонақтарды қабылдайтын орын болған. Қазір Мұқаддам мұражайы кешеніндегі тарихи ескерткіштер мен заттардың бір бөлігін осы залда уақыт тұрғысынан бөліп қоюға талпыныс жасалған. Бұл заттар әртүрлі тарихи кезеңдердегі мәдениетті көрсетеді. Қыш бұйымдар, тас құралдар, қола заттар, шыны ыдыстар, мөрлер мен мөрлердің белгілері, металдан жасалған заттар мен т.б. ескерткіштер сақталынады.

Бүгінде Мохсен Мұқаддамның тірі кезінде қонақ күту залының қосалқы бөлмесі ретінде қолданылған кіреберіс бөлменің бір бөлігі ұстаз Мұқаддам мен оның ғылыми жұмыстарын фотосуреттер мен жеке заттары қалыбында таныстыру, екінші бөлігінде ағаштан жасалған  әшекей бұйымдар, ас үй заттары, көне үйлердің сандығы қойылған.

Мұзаффари дәуіріндегі хауызхананың ғимараты Эхтесаб ул-Мүлктің үйімен бір мезгілде салынған. Оның қабырғалары доктор Мохсен Мұқаддам тарапынан безендірілген. Қыш ыдыстары мен бұйымдары х.қ.ж.с.б. 4 және 13 ғасырларға тиесілі сирек кездесетін үлгілерден тұрады. Олар Ирандағы қыш бұйымдарын жасау өнеркәсібінің даму жолын жұрт назарына ұсынады.

Шеберхана Мохсен Мұқаддамның жұмыс орыны болған.  Ол х.ш.ж.с.б. 1337 жылы  салынған. Қазіргі таңда доктор Мұқаддамның кітаптары мен археология және өнерге қатысты кітаптарын зерттеушілер мен жалпы халық қолдану үшін бұл жер кітапханаға айналдырылды.

Ақсүйектер ғимараты доктор Мохсен Мұқаддамның тірі кезінде х.ш.ж.с.б. 1345 жылы (1966 жылы) Теһран университетінің көркем өнер факультетіндегі шәкірттерінің бірі доктор Абулғасемидің көмегімен Еуропаның ортағасырлық қамалдары түрінде салынған. Доктор Мұқаддам бұл жерде Иран халқының өнер түрлерінің бір бөлігін көрсетуге талпыныс жасаған. Бұл ғимарат әртүрлі бөліктерден, соның ішінде ауыл әкімінің бөлмесі, сырлы кірпіштерімен әрленген інжу бөлмесі, темекі шегетін бөлме және қыш тақташалармен көмкерілген жертөледен тұрады.

Доктор Мұқаддам ақсүйектер ғимаратының солтүстік жағында бірнеше баған мен аркадан тұратын терраса салынған. Бұл терраса Зендтер мен Қаджарлар дәуіріне тиесілі қыш тақташалармен көмкерілген. Ол «Қаджар террасасы» деген атпен танымал. Террасаның ортасына Фатхәли шахтың моншасына тиесілі кіші мәрмәр хауызша салынған. Бұл хауызшадан су атқылап ағып, жіңішке арық арқылы бассейнге қарай ағады. Сыртқы ауланың солтүстігінде орналасқан бұл бассейн х.ш.ж.с.б. 1335 жылы доктор Мұқаддамның Испания сапары барысында «әл-Хомейра» бағының бассейні мен субұрқағы (Испанияның ислам дәуіріндегі бағы) үлгісінде бірнеше көне сұрбұрқақтың қосындысынан салынған.

Мұқаддам үйінің солтүстік жағындағы батыс бөлігінде де эмальданған көне  қыш тақташалармен көмкерілген және гүл мен өсімдіктер мазмұнындағы тастан қашалған әдемі инсталляциямен безендірілген жылыжай орналасқан.

Ішкі және сыртқы екі аула бірнеше бұралған баған мен осы бағандардың үстіне сырлы кірпіштермен әрленіп салынған аркалар және Исфахандағы «Чеһелсутунның» бағандарының іргетасына ұқсас қашалып жасалған ернеулерден тұратын дуалмен бір-бірінен бөлініп тұр. Доктор Мұқаддам осы бағанның іргетастарын Насыреддин шахтың қарындасының сарайын бұзған кезде осы жерге тасытқан. Инженер Хушанг Сихун тарапынан жобаланып салынған бұл дуал «қайта жаңғыру» деп аталады. Ішкі ауланың жер асты бөлігі Мұқаддам үйі салынған соң бастапқы кезеңде монша және қойма ретінде пайдаланылған. Ал доктор Мұқаддам өмір сүрген кезде оның қолданыс аясын өзгертіп, қоймаға айналдырды. Қазір бұл бөлме жөндеуден өткізіліп, мұражайдың тарихи ескерткіштер қорын  сақтайтын орын ретінде пайдаланылады.

Қаджар бөлмесі – ішкі ауланың келесі бір бөлігі. Доктор Мұқаддам бұл жерді Зендтер мен Қаджарлар заманынан қалған ескерткіштермен, атап айтқанда Зендтер заманына тиесілі Исфаханнан келген алебастр жапсырмасымен көмкерілген арка, Насыреддин шахтың сүйікті жұбайы Фирузе ханымның сарайынан алдырылған ошақ сынды басқа да дүниелермен көмкерген.  Сол себепті оны «Қаджар бөлмесі» деп атаған. Қазіргі таңда да бұл бөлмеде Қаджар мен Пехлеви замандарының ескерткіштері жұрт назарына ұсынылған.

Сыртқа қараған терраса да ирандық алебастр жапсырмалармен көмкерілген екі жетіген пішіндес төрт бағанның үстіне салынған. Бұл терраса спираль пішіндес екі баспалдақ арқылы ауламен жалғасып жатыр және әлі күнге дейін өзінің ескі пішінін сақтап қалған. Бұл ауланы доктор Мұқаддамның өзі  Сефевилер заманына тиесілі бірнеше түсті қыш тақташалар, Зендтер мен Қаджарлар замандарына тиесілі айна сынықтары, Қаджарлар мен Пехлеви әулетінің бірінші шахы дәуірлеріне тиесілі кірпіштер мен ойып өрнектелген тақташалар пайдаланып безендірген.

Қонақ күту залы да доктор Мохсен Мұқаддам мен жұбайының өмір сүрген негізгі орындарының бірі болған. Бірнеше қаламсалғыш, Папье‑маше қобдишасы мен доктор Мұқаддамның өз қолымен  салынған суреттер көрмеге қойылған.

Ғимараттың шығыс бұрышында бір дуал бар. Мұқаддам мұражайының ескі суреттері көрсеткендей, доктор Мұқаддам бұл дуалды әртүрлі кезеңдерде Қаджарлар заманына тиесілі қыш тақташалар және ыдыстармен көмкеріп, дуалдың ортасына да әдемі шағын аркалар жобалап жасаған.

Ауланы да доктор Мұқаддам мен оның жұбайы Сефевилер мен Қаджарлар кезеңдеріндегі кілемдердің нақыштарынан шабыт алып жобалаған.

Күзетшілік  ғимараттың келесі бір бөлігі болып табылады. Бұл аула алдымен ас дайындау орны, қызметшілер мен күзетшілер өмір сүрген жер ретінде қолданылған. Мұражайдың оңтүстік‑шығыс жағында орналасқан аула қатты тозғандықтан, аздап өзгертіліп, қайта жөндеуден өткізіліп,  қазір мұражайдың әкімшілік бөлігі ретінде қолданылады.

Қыш тақташалармен көмкерілген барлық есіктер мен дуалдар және Мұқаддам ғимараты арқылы жер асты бөлмесіне алып баратын бір кішкене бөлме бар. Оның есігі мен қабырғасы қымбат, жартылай қымбат тастар, әдемі айқұлақтар және маржандармен көмкерілген. Осы салтанатты ғимараттан алтынмен апталған қыш тақташалар мен асыл тастарды көруге болады. Мұқаддам оларды бүлінуден сақтау үшін сол қабырғалардан қолайлы орындар жасаған. Бұл қыш тақташалардың кейбіреулері әлемде бірегей.

Ұстаз Мұқаддамның маталар коллекциясы да әлемдегі ең сирек кездесетін маталардың топтамасы болып табылады. Қымбат маталар бүгінде қатқан күйде топтама ішінде сақталынып, жұрт назарына ұсынылған. Бір матадан басқасының бәрі шынының астында сақталынған.  

Ұстаз Мұқаддам х.ш.ж.с.б. 1351 жылы абан айында (1972 жылы) өзінің әкесінің үйін ондағы құнды ескерткіштердің барлығымен бірге мәдениет саласында білім беріп, зерттеу жасау үшін Теһран университетінің археологиялық тобы мен көркем өнер факультетіндегі студенттерінің ықтиярына беріп, артынан жалпы халыққа берді. Ұстаз Мұқаддам х.ш.ж.с.б. 1366 жылы  (1987 жылы) қайтыс болды. Х.ш.ж.с.б. 1369 жылы  (1990 жылы) ол кісінің жұбайы қайтыс болғаннан кейін  Мұқаддамның мұражайын басқару Теһран университетінің тікелей ықтиярына берілді. Бұл мұражай х.ш.ж.с.б. 1388 жылы  (2009 жылдың тамыз айында) жөндеу аяқталған соң ашылды.

Америкалық ирантанушы профессор Артур Поп өткен ғасырдың 50-60 жылдарында жазған «Иранның өнер түрлерін зерттеу» атты мақаласында бұл үйді ондағы құнды тарихи ескерткіштердің топтамасына байланысты әлемдегі ең бай үй деп атады. Әлі күнге дейін Мұқаддамның үйі Иран мен әлемдегі бірегей үйлердің бірі саналады. Мұқаддамның үйі мен мұражайы Теһранның имам Хомейни көшесінің солтүстік жағында, шейх Хади көшесінде орналасқан. Ол х.ш.ж.с.б. 1379 жылдың 30 азарында (2000 жылы) Иранның ұлттық ескерткіштерінің бірі ретінде 2929 номерімен тіркелді.

Тегтер