Нау 12, 2016 17:18 Asia/Almaty
  • Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау (соңы)

Иран Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи 29 қараша күні батыс жастарына арнаған маңызды әрі әсерлі екінші хатын жариялады.

 Хазірет хатының басында батыс жастарына арнап екінші хатын жариялаудың себебіне тоқталып, былай деп жазды: «Бұлар Францияда орын алады ма, жоқ әлде Палестина да ма, я болмаса Ирак пен Сирияда болады ма, бәрібір, мейірім мен адамгершілік қасиеттері бойында бар адамдар мұндай көріністерді көріп, жандары ауырып, өкінішті күйге душар болады. 

Шәксіз, бір жарым миллиард мұсылман осы сезімге ие. Олар жиіркенішті апаттың себепкерлерін жек көреді. Алайда, мәселе мынада: бүгінгі күннің қиындықтары, егер жарқын әрі қауіпсіз ертеңді құру үшін себеп болмаса, тек ащы да нәтижесіз естеліктерге ұласады. Мен тек сіздер, жастар ғана бүгінгі тауқіметтерден сабақ алу арқылы болашақты жасау үшін жаңа жолдар тауып, Батысты қазіргі жағдайға жеткізген жолсыздықтарға бөгет бола аласыздар деп сенемін».

Ислам Революциясының жетекшісі осы хатында лаңкестік мәселесін Ислам әлемі мен Батыстың ортақ түйткілі деп атап, АҚШ-тың әл-Каида мен Талибан сияқты лаңкестік топтарды құру, қаржыландыру және қаруландырудағы кереғар саясаттарын айыптап, батыстықтардың лаңкестікпен күрес және сионистік режимді қолдаудағы екіұшты саясаттарын сынға алды. Хазірет хатының келесі бір бөлігінде Батыстың лаңкестікпен күрес және Таяу Шығыстағы бейбітшілік орнату сылтауымен ауқымды және толассыз түрде соғыс ашу әрекеттеріне тоқталды. Бұл әрекеттер аймақтық елдердің инфарқұрылымдарының қиратылуы мен адамдар арасында арақашықтық пен теңсіздіктің туындауы және олардың адам құқығының бұзылуынан басқа нәтиже берген жоқ.

Сонымен қатар, Иранның діни жетекшісі отаршылдық саясаттардың аймақта әсірешілдік ағымдардың қалыптасуындағы рөлі мен Батыс мәдениетінің басқа мәдениеттерге қарсы жасырын шабуылы және оның апатты салдарларына тоқталып, лаңкестік топтардың қалыптасуына және бастыстық жастардың оларға қосылуға ынта білдіруіне себеп болған факторларды сараптайды. Хазірет лаңкестікпен күрестегі асығыс реакциялар, Исламмен жауласу мен мұсылмандарға қарсы кемсітушіліктің дөрекілік, оқшаулану, мұсылман қоғамында үрей мен күйзелістің туындауына және оларды басты құқықтарынан айыруға себеп болатынын, ал ол өз кезегінде болашақта дағдарыстар тудыратынын айтады. Иранның діни жетекшісі батыс жастарынан осы оқиғалардың себептерін мұқият зерттеп, батыстың ақпарат құралдары мен олардың жалған уәждеріне алданып қалмауды сұрайды.

Иран Ислам Революциясы жетекшісінің екінші хаты 2015 жылдың бас кезінде 21 қаңтар күні жарияланған оның бірінші хаты сияқты әлемдік ақпарат құралдарында кең көрініс тауып, тіпті көптеген әлемдік танымал тұлғалар тарапынан дәріптелді.

Оттава университетінің физика пәні бойынша бұрынғы ұстазы әрі ғылыми кеңестің мүшесі Дэнис Ранкорт Иранның діни жетекшісіне жазған хатында былай деді: «Менің жас емес екенім рас. Бірақ сіздің 2015 жылдың 29 қараша күні батыс жастарына арнап жазған хатыңызды қызыға оқыдым. Бұл хат менің жүрегім мен сана-сезіміме қатты әсер етті. Сіздей жетекшіге ие Иран шынымен бақытты. Біздің Канадада тек ұсақ, екіжүзді әрі өзімшіл саясаткерлер бар. Олар ұлттық ақпарат құралдарында қайталамалы ұрандар айтып, ірі компаниялардың пайдасы үшін және Құрама Штаттарының талаптары үшін бәсекелеседі. Мен сізге халықаралық лаңкестіктің түп-тамырлары туралы жасаған психологиялық және геосаяси сараптамаңыз үшін шынымен алғыс айтамын. Сіздің сараптамыңыздың толығымен дұрыс екендігіне сенімдімін. Мен сіздің осы ақиқатпен қатынасыңызға таң қалдым. Батыс жастарының сіздің хатыңызды оқып, оны сараптайтындықтарына үміттенемін. Сіздің хатыңыз батыстықтардың жүректері мен сана-сезімінің оянуын тездетеді деп сенемін».

Ватиканның Әділет министрі кардинал Питр Турксон да аятолла Хаменидің хатының халықтар арасында сұхбаттасу кеңістігін құрудағы рөлін қуаттап: «Ол кісі осы хатында Батыс жастарын тарихи оқиғаларды қайта талдап, бүгінгі әлемнің шындықтарын саралап, тәуелсіз түрде төрелік етуге және шындықтарға жаңа көзқараспен қарауға шақырады» деді.

Аl-Mayadeen оnline сайтының басшысы әрі al-Monitor сайтының шолушысы Әли Хашем аталмыш екі сайтта жариялаған бір мақаласында діни жетекшінің екінші хатына сараптама жасады. Ол «Аятолла Хаменеидің Батысқа хаты –«Үлкен шайтанды» емдеу нұсқасы» атты мақаласында: «Бұл хат Батыс пен АҚШ-қа егер «Үлкен шайтан» атынан арылғылары келсе, өздерінің бұрын жасаған істерін зерттеп, оларды түзетулері керек екендігіне кеңес береді» деді. Сол себепті бұл хат «емдеу нұсқасы» болып табылады.

Америкалық мұсылман исламтанушы, саяси сарапшы әрі лаңкестікпен соғыс мәселесінің көрнекті сыншыларының бірі Куин Берт осы хат туралы былай дейді: «Иранның діни жетекшісі батыс жастарының әлем мұсылмандарымен ортақтастықтарына сүйене отырып, олармен ашық сұхбат бастады. Себебі, лаңкестік – бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс. Мейлі оның құрбандары палестиналық болсын, мейлі сириялық, ирактық немесе франциялық болсын. Діни жетекші өзінің екінші хатында айтып өткендей, әлемнің барлық елдерінің халықтары бір елде саяси мақсатпен бір адам өлтірілген кезде жандары ауырады. Ол кісі ортақ ауыртпашылықтарға тоқталып, осы қиыншылықтардың көлеңкесінде кімдердің тұрғанын көрсетуге талпынады. Жастармен сұхбаттасуының себебін Батыстағы бұрынғы ұрпақтың көбінесе жаңа мағлұматтарға ие бола тұра, өз ойлары мен пікірлерін өзгертуді қаламайтындығында деп көрсетеді».

Адам құқығы, бейбітшілік, бостандық, лаңкестікпен күрес соңғы жылдары батыс елдері теріс мақсатта пайдаланып жүрген сөздер болып табылады. Батыстық алпауыт елдер «жақсы лаңкестік» деп атайтын нәрсені өздерінің мүдделері мен сыртқы саясаттағы мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдаланады. Шындық мынада: Батыстың үкімет басшылары өздерінің әлемдік бейбітшілік орнату және адамзаттың армандары туралы уәждеріне қарамастан, іс-жүзінде соғыс ашу, әсірешілдікті қолдау және өмір сүру үшін қажетті бастапқы инфрақұрылымдарды жою арқылы Таяу Шығыс аймағы мен исламдық елдер халықтарының айтарлықтай бөлігі үшін әділет, теңдік пен адам құқығын жүзеге асыру үшін қажетті алғышарттардың жойылуына себеп болды.

Жалпы қарағанда бұл әрекеттердің барлығы бейбітшілік пен әлемдік қауіпсіздікті жою, адамдардың бір-бірінің қасында бейбіт өмір сүруіне кедергі келтіру, адамзаттың болашақ ұрпағын жою шеңберінде жүзеге асырылады. Себебі қатыгездік пен әсірешілдік кемсітушілік пен теңсіздік аясында қалыптасады. Бұл құбылыс бүгінде тек исламдық елдерді ғана емес, сондай-ақ, Батыс әлемін де жайлап, жергілікті лаңкестіктің қалыптасуы мен осы елдерде қауіпсіздіктің жойылуына соқтырды.

Оның үстіне Батыс өзінің отаршыл саясаттарынан бас тартуға әлі дайын емес. Батыс өз мәдениетін әлем елдеріне таңу арқылы мәдени отаршылдық пен жұмсақ шабуылды күн тәртібіне қойған. Батыс әлемі дамыған технологияларды қолдану арқылы әлемді мәдени тұрғыдан ұқсастыру мақсатын діттеп отыр. Батысқа қарсы бай мәдениеттерді кемсіту және осы мәдениеттердің ең маңызды құндылықтарын қорлау батыстың орын алмастыруға ұсынып отырған мәдениеті мүлдем лайық болмаған жағдайда орын алып отыр. Мысалы, өкінішке орай, Батыс мәдениетінің екі басты принципіне айналған агрессия мен ахлақтық бейбастақтық, тіпті олардың өздері пайда болған жерлерде де өз орнын жоғалтқан. Осындай жағдайда Батыс бұрынғысынша өз мәдениетін түрлі елдерге, соның ішінде Ислам әлемінің елдеріне таңуды жалғастырып отыр. Әркелкі орта мен жағдайда араласу осы елдер үшін көптеген қоғамдық қиыншылықтар тудырды.

Құрметті тыңдармандар, хазірет аятолла Хаменеидің екінші тарихи хатының басты өзектерін талдауға арналған «Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау» бағдарламасының соңғы бөліміне жеттік. Айта кетер жайт, аятолла Хаменеидің Батыс жастарына арнаған бірінші хаты 2015 жылдың қаңтар кезінде жарияланған болатын. Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи бұл хатты Франциядағы оқиғалар мен франциялық бір басылымда исламдық қсиеттерді қорлайтын суреттер жарияланып, батыс қайраткерлері мен БАҚ тарапынан Исламмен жауласу ағымы күшейтілгеннен кейін Еуропа мен Солтүстік Американың жастарына қаратып жазды. Бірінші хаттағы маңызды жайттардың біріне батыс жастарын Ислам мен мұсылмандарға тәуелсіз көзқараспен қарауға және өздері жасаған зерттеулерге сүйеніп, әлемнің өткен тарихына сапар жасауға шақыру болды.

Алайда ең маңызды мәселе осы жолдауды Батыс жастарына жеткізу болды. Шындық мынада: Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өзіне және өз мүдделеріне қарсы жолдауларды бұрмалап, шындықты жалған деп көрсетіп, азаттық жетекшілерінің бейнесін бұзуға талпынады. Осы арада барлық жастар мен азаматтар, ассоциациялар мен ұйымдар, бейбітшілік пен адам құқығының шынайы қорғаушыларына әлемдік бір міндет жүктелген. Нақтырақ айтқанда, батыс елдерінде осы жолдауды тыңдаған адамдарға оны таратуға қатысты ахлақтық және адамгершілік міндет жүктеледі. Қоғамдық желілер сияқты ақпарат тарату құралдары хаттың маңызды өзектерін сараптау үшін түрлі отырыстар өткізу немесе сұхбаттасу орталарын құру арқылы осы хаттың мазмұны мен маңызды әрі тиімді функцияларын талдау еркін әрі ақиқат іздеуші адамдардың басты міндеттерінің бірі болмақ.


Тегтер