Иранға сапар(220) (Соңғы бөлім)
Осы бағдарламаның тізбегі барысында Иранның әртүрлі қалаларының әралуан тарихи, мәдени және көркемдік тартымдылықтарымен қысқаша таныстырып өттік. Бағдарлама тізбегінің соңғы бөлімдері Теһран қаласын таныстыруға арналғандықтан бүгінгі бағдарламаны Теһранның ең көне әрі танымал көшелерінің бірі «Си-е тир» (бұрынғы Қавам ас-Салтане) көшесімен таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.
Бұл көшеде ескі үйлер мен құнды мұражайлар болумен қоса, Иранның ресми діндерінің барлығы, соның ішінде христиан, иудаизм, зороастризм мен исламның ғибадатханалары орналасқан. Басқа сөзбен айтқанда, бұл көше Иран жерінде бағзы замандардан бері әртүрлі діндер арасында тату тіршіліктің болғанын көрсетеді.
Теһранның тарихи бөлігі осы қалада тұратын әртүрлі дін өкілдері мен шетелдіктердің өмір сүруі үшін қолайлы махаллелерге толы. Осы махаллелердің арасында Теһранның ескі бөлігіндегі бір көше алуан түрлі талғамдарды айналасына жинаған. Бұл көшеде әртүрлі діни азшылықтар, соның ішінде зороастрлар, иудейлер мен армяндар мұсылмандармен қатар өмір сүріп, әрқайсысы өздеріне тиесілі ғибадатханаларға ие. Мұнымен қоса, зороастрлар мен армяндардың мектептері сияқты орындар мен осы азшылықтардың кәсіпшілер орналасқан жерлері бұл көшенің тартымдылығын арттыра түсті.
Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Теһранда «Қавам ас-Салтане» деп аталған Си-е тир көшесі шіркеулер, мешіттер мен синагогалардың көп болуына байланысты «Теһранның діндер көшесі» деген атпен танылған.
Си-е тир көшесінің оңтүстігінен солтүстікке қарай жүргенде осы көше мен бұрынғы Сепаһ, қазіргі имам Хомейни (р.) көшесінің қиылысында Иранның алғашқы мұражайы – Ежелгі Иран мұражайы орналасқан. Осы мұражайдан өткеннен кейін осы кешеннің жалғасы саналатын бір ғимаратты көруге болады. Ол архитектуралық құрылысы жағынан Ежелгі Иран мұражайына ұқсайды. Бұл ғимарат Иранның Ұлттық кітапханасының алғашқы орны болған. Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламаларда Ежелгі Иран мұражайы мен Ұлттық кітапханамен таныстырдық. Жолдың жалғасында Си-е тир көшесінің солтүстік жағында биік ғимарат орналасқан. Оның үстіне Теһранның алғашқы ауруханасы – «Сина ауруханасы» деген атау жазылған. Насыреддин шахтың кезінде Теһранның бұл жері солтүстік бөлік болып саналған.
Сәл жоғарырақ «Қасиетті Питерс» (Інжіл шіркеуі) атындағы протестанттық шіркеу орналасқан. Оның жұмыс істеп тұрғанына 150 жыл болды. Бұл шіркеу өте қарапайым архитектуралық стильге ие. Шіркеу мен оның ғимараты Қаджарлар дәуіріне тиесілі. Ол қазір де өз ұстанушыларының ғибадат ететін жері болып табылады. Өте үлкен аумақта салынған шіркеу өте қызықты да көрнекті болып табылады. Інжіл шіркеуі (Қасиетті Питерс шіркеуі) х.қ.ж.с.б. 1379 жылы 14 хордадта 2684 номерімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.
Си-е тир көшесінің ең қызықты жерлерінің бірі – Хаиим синагогасы. Ол иудейлер махаллесінен тысқары алғашқы синагога болып табылады. Бұл синагога х.ш.ж.с.б. 1292 жылы (1913 жылы) салынған. Маңыздысы – бұл ғимараттың І-ші Дүниежүзілік соғыстан бұрын салынғаны. Ол заман Қаджар билігінің соңы болатын. Сол жағдайда діни азшылық саналатын иудейлер қаржылай мүмкіндік тұрғысынан қазіргідей мықты болмаса да, осы орынды салған. Ерекше архитектуралық көлемдер мен ерекшеліктерге байланысты бұл синагога дүние жүзіндегі иудейлердің мақтаныштарының бірі саналады. 100 жылдан астам уақыт бойы Иранда әртүрлі дінді ұстанушылардың ғибадатханаларының кедергісіз жұмыс жасап тұрғанын ескеру қажет.
Си-е тир көшесінде Иранның шыны және қыш ыдыстарына арналған бірегей мұражай өзінің әдемі бұйымдарымен Қавам ас-Салтанеге тиесілі үйде орналасқан. Өткен бағдарламалардың бірінде оны таныстырып өттік. Көшенің тура оң жағында Шыны мұражайының жанында орналасқан көшенің соңында Пехлеви ІІ заманында хазірет Ибраһим Халилулланың мешіті салынған. Ол қазір мұсылмандардың ғибадат ететін жері. Бұл ғимараттың атауы мағынаға толы. Өйткені хазірет Ибрахим монотеистік діндердің символы саналады. Осы мешітке оның атының берілуі осы көшенің діни құрамымен байланысты.
Си-е тир көшесінің Джумхури-е ислами көшесінен кейінгі жалғасы «Мырза Кучекхан» деп аталады.
«Фируз Бахрам» деп аталатын зороастрлар ғибадатханасы осы көшеде орналасқан. Ғибадатханаға жақын жерде «Фируз Бахрам» орта мектебі зороастр дінін ұстанатын балаларға білім беру үшін салынған. Сонымен қатар осы ғибадатхананың арт жағында «Ирәдж Хосроу» залы орналасқан. Мұнда Маздаясна дінін ұстанушылардың әртүрлі рәсімдері, соның ішінде үйлену тойы мен жаназа шығару рәсімдері өткізіледі. Зороастрлардың ғибадатханасы – қабырғалары ақпен боялған кішкентай ғимарат. Зороастрлар ғибадат пен дұғаға арнайы уақыт бөледі. Алайда қажеттілікті сезінген әрбір кезде Құдайға құлшылық ету үшін ғибадатхана барады. Бұл ғимаратта әрдайым от жанып тұрады. Түні бойы мұнда бір адам қызмет етіп, отқа ағаш салып тұрады. Таңертең қайтадан лаулатып жандырады. Бұл ғибадатхана отының өзі осылай жағылған күйі Йездтен Теһранға жеткізілген. Зороастрлардың сенімінше, бұл от ешқашан өшпеген және өшірілмеуі тиіс. Бұл отқа табыну орынын х.ш.ж.с.б. 1296 жылы (1917 жылы) сол замандағы ықпалды да әйгілі зороастр Кейхосроу салдырған.
Зороастр ғибадатханасына қарама-қарсы «Хазірет Мариям» деп аталатын христиандардың шіркеуі орналасқан. Бұл шіркеу х.ш.ж.с.б. 1324 жылы (1945 жылы) Роман Исаян деген қайырымды адамның жеке қаражатымен салынған. Оның сәулетшісі Николай Марков болған. Бұл ғимарат архитектуралық стиль тұрғысынан Армения, Кавказ және Әзірбайжанның шіркеулеріне ұқсайды және Теһрандағы армяндардың ең маңызды шіркеулерінің бірі саналады. Бұл шіркеудің михрабы әлемде бірегей саналатын күміс өрнектерге ие. Шіркеудің жанында архиепископ Артак Манукиянның мұражайы орналасқан. Бұл мұражайда Иранда өмір сүретін армяндардың көркем туындылары, соның ішінде картиналар мен мүсіндер көркем галереялар сияқты залдарда көрмеге қойылған. Галереялар армяндардың көрнекті діни тұлғаларының портреттері мен басқа да тақырыптардағы көркем туындылардан тұрады. Мұражайдың басқа бөлігінде кішкентай мүсіндер қойылған. Олардың әрқайсысына тарих бойындағы армяндардың әртүлі киімдері кигізілген. Бұл бір жағынан осы азшылықтың этнографиясы мен олардың киімдерінің өзгеріс жолын көрсетеді. Мұражайдың басқа бір бөлігінде Иран армяндарының құнды мирасының жиынтығы: олардан қалған қасиетті кітаптың қолжазба нұсқалары мен ағашпен өрнектелген орындықтар бар. Мұражайға қойылған ең тартымды ескерткіштердің бірі – көне аппарат. Оны шам жасау үшін қолданған. Бұл шамдар Ирандағы барлық шіркеулерде қолдану үшін өндірілетін. Мұражай Иранның барлық тарихи шіркеулері жайлы мәліметтерді жинайтын жер болып табылады. Иран тарихи шіркеулердің саны жөнінен әлемдегі ең бай ел болып табылады. Иранда 400-ге жуық тарихи шіркеу бар. Бұл Италиядағы тарихи шіркеулердің санынан артық. Аталмыш мұражайдың бір бөлігінде әрбір шіркеуге қатысты мәлімет сол шіркеудің суретінің жанына ілінген.
Хазірет Мариям шіркеуі х.ш.ж.с.б. 1381 жылдың 12 бахманында 7237 номерімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.