Иран базары (2)
Бүгінгі бағдарламада Иранның «қызыл алтыны – «шафранмен» таныстырамыз.
Әралуан климат, құнарлы жер, еңбекқор халық Иранды нығметі мол елге айналдырды. Иран жерінде әртүрлі өсімдіктер өседі. Олардың кейбірлеулері әлемге танымал. Шафран өсіру тарихы б.з.д. дәуірлерден басталатын өсімдіктердің қатарына жатады. Ирандықтар осы құнды өсімдікті анықтап, оны өсіре бастаған алғашқы қауым көрінеді. Иранның батысында орналасқан Хамадан мен Керманшахтағы Алванд тауларының етегі б.з.д. 728-549 жылдар аралынған билік құрған Мадтар заманында осы өсімдік өскен негізгі жер болған. Уақыт өте келе шафран егу Иранның басқа қалаларына ғана таралып қоймай, ғасырлар бойында шафран саудасы бұл өнімнің басқа жерлердің халқына таныстырылуына себеп болды. Тарихшылар Александр Македонскийдің Иранға шабуылы (б.з.д.334 жыл) осы құнды өсімдіктің гректер мен римдіктерге, содан кейін қытайларға таныстырылуына себеп болды деп санайды. Бұған қарамастан, дүниежүзілік сауда нарығында екі атау – «шафран» мен «Иран» әлі де бір-бірімен байланыстырылады. Ирандықтар әрдайым сапалы шафран өндіріп, әлем елдеріне сатумен айналысқан. Шафран суға қажеттілік мөлшері ең аз өсімдікке жатады. Сондықтан елдің әртүрлі бөліктерінде оны егуге жағдай жасалған. Бүгінде Иранда әртүрлі жерлер, әсіресе елдің шығысы мен солтүстік-шығысы шафран өсімдігін егуге бөлінген. Иранның әртүрлі облыстарының арасында елдің шығысындағы Оңтүстік Хорасан облысы шафранның орталығы ретінде әлемге танылған.
Шафран «денсаулық гүлі», «дәмдеуіштердің сұлтаны» және «қызыл алтын» деген атпен танымал. Өсімдіктану мен егін шаруашылығы тұрғысынан шафран көптеген қасиеттерге ие. Бұл өсімдіктің өсу және гүлдеуі күзде орын алса, жапырақтары қыс кезінде жайқалады. Шафранның сарғайып, жапырақтары түсетін кезі – көктем. Күз мезгілінде таң ата шафранның гүлдерін теру науқаны басталады. Әртүрлі қалалардың тұрғындарының көбі шафран гүлін жинау науқанын тамашалау үшін осы өсімдік егілетін ауылдарға барып, әлемнің ең қымбат дәмдеуішін жинау тәсілін көреді.
Шафран – күлгін түсті гүлі мен қызыл түсті әрі шұңғыма тәрізді аналығы бар өсімдік. Бұл үш талшық аналық өте жағымды иіске ие. Гүлдің осы бөлігінен тағамға пайдаланылатын коммерциялық өнім «шафран» алынады. Шафран гүлі қысқа уақыттың ішінде егіс алқабынан жиналып алынуы керек. Содан соң белгілі бір жағдайда шафранның қызыл аналығы одан бөлініп алынып, жақсы сапа мен қасиеттерін сақтап қалуы үшін баппен кептіріледі. Шафранның қолданылғаны туралы ең көне дерек Ахеменилер заманына (б.з.д. 550-330жж) тиесілі. Сол заманнан қалған жазба тақташаларында Иран патшасы сарайында қолданылатын шафранның мөлшері шамамен 1 кг деп жазылған. Айта кету қажет, 1 кг құрғақ шафран дайындау үшін 100 мыңнан 200 мыңға дейін шафран гүлі қажет. Бір жұмысшы 150 мың шафран гүлін жинау үшін 40 сағат жұмыс істеуі керек. Әлемде жылына орташа есеппен 200-300 тонна шафран өндіріледі. Оның 90 пайыздан астамы Иранда өндіріледі. 250 тонна шафран өндіру үшін 25 млн шафран гүлі қажет.

Шафран фармацевтика, тамақ және өнеркәсіп салаларында қолданылатын құнды өсімдіктердің қатарына жатады. Бұрынғы замандарда танымал ирандық дәрігерлер, соның ішінде Закария Рази, Әбу Әли Сина мен Әбу Райхан Бируни әртүрлі ауруларды емдеуде шафранның дәрілік қасиеттерін пайдаланған. Емдік тұрғыдан шафран обырға қарсы қолданылатын каротиноидтердің алуан түріне ие. Шафран Альцгеймер мен Паркинсон сияқты аурулардың алдын алып, суық тию, диспепсия, сары ауру, гепатит пен диабет сияқты физикалық аурулардың көбін емдеуде әсерлі деп танылған. Шафранның басқа пайдаларынан оның бүйрек пен бауырды тазартудағы рөлі, бронхитті емдеуге оң әсер етуі, қан қысымы мен майлылығын азайту және ауруды басуын атауға болады. Шафранның тырыспаға қарсы әсері бар. Ол тыныштандырып, ұйқыны келтіреді, есте сақтау қабілетінің нығаюына көмектеседі. Онда адамның денесіне қажетті В1, В2, В6 және С сияқты дәрумендер бар. Осы хош иісті әрі түсі тартымды өсімдікті бағзы замандардан бері танымал етіп келген емдік әсерлерінің бірі – күйзеліске қарсы қасиеті. Шафранмен демделген бір кесе шай ішу адамға шаттық сезімін сыйлайды. Шафранды қолдануда басқа тамақтар сияқты белгілі бір шекті білу керек. Айына 3 грамм шафран қолдану пайдалы, 5 граммнан артық қолдану зиян.
Шафран тамақ өнеркәсібінде де көп қолданылады. Әртүрлі елдерде, соның ішінде АҚШ-тың тамақ және дәрі ұйымында жүргізілген зерттеулер бойынша, шафран табиғи бояу ретінде рұқсат етілгендіктен оны тағамды дәмдеп, иіс беру үшін қолдануға еш кедергі жоқ. Шафранды тағамға пайдаланудың тарихы тереңнен басталады. Ежелгі заманда ирандықтар өз мейрамдары мен мерекелерінде шафранды түсінің әдемілігі, жағымды иісі мен дәміне байланысты тәтті-дәмділер, балмұздақтар, әртүрлі тағамдар, соның ішінде әртүрлі тұздықтарды дайындауда және безендіруде пайдаланған.
Шафранның келесі қолданыс аясы өнер мен өнеркәсіп саласына тиесілі. Ирандықтар шафранды табиғи әрі тұрақты бояу ретінде өнер туындыларында, соның ішінде алтынмен аптау, каллиграфия, кітапты әрлеу, кілем тоқуда көптеп қолданған. Шафранның жалпы халықтың мәдениетіндегі маңызы мен қасиетіне байланысты өнер иелері ұзақ уақыт бойы Құран мен дұға кітаптарын жазу және әрлеуде осы гүлдің бояуын қолданған.
Иран шафранының сапасының жоғарылығы оның әлемнің ондаған еліне, соның ішінде Испанияға экспортталуына себеп болды. Испания соңғы жылдарға дейін әлемде шафран өндіруші екінші ел ретінде танылған болатын. Бұл елдің өз шафранының сапасын жарнамалауы өзі Ираннан шафран алатын негізгі ел болып отырған жағдайда орын алуда. Иран шафраны сапасының жоғарылығы көптеген елдердің, соның ішінде Испанияның шафранды үлкен көлемде алып, содан соң әртүрлі қаптамаға салып, халықаралық нарыққа өз атымен шығаруына себеп болды. Қытай, Үндістан, Сингапур, Малайзия, Жапония, Тайвань, Франция, Италия мен Германия «шафранды өндірушілер» тізіміне тіркелген елдердің қатарына жатады.

Соңғы жылдары Иранда әртүрлі салалар бойынша жұмыс істейтін іргелі ғылымға негізделген компаниялар ашу көбейді. Мұндай компанияларда мамандар мен зерттеушілер практикалық зерттеулер жүргізу арқылы жаңа идеялар тудырып, өз өнімінің қосылған құн салығын арттыруға күш салуда. Шафран саласында да іргелі ғылымға негізделген компаниялар жаңа тәсілдер табу арқылы осы құнды өнімді өндірушілер мен экспорттаушыларға егіс алқаптарын және қосалқы өнімдерді максималды түрде пайдалануға көмектесіп, оның құнды қасиетінің зая кетуіне тосқауыл қоюды мақсат тұтып отыр. Мысалы, шафран гүлі (күлгін түсті бөлігі) – осы өсімдіктің ғасырлар бойы қолданусыз қалған құнды бөліктерінің бірі. Соңғы жылдары зерттеушілер шафранның осы бөлігін зерттеп, антиоксиданттардың болуына байланысты одан емдік тұрғыдан құнды сығынды шығарды.
Шафранды зерттеу
Сонымен қатар тұтынушыларды тарту мақсатында идея тудырушылар шафранды таблетка сияқты әртүрлі қалыптағы қаптамаларға салып ұсыну арқылы осы өнімді пайдалануды отандық және шетелдік тұтынушылар үшін жеңілдетуді көздеп отыр.