Нау 15, 2016 17:58 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, халық ауыз ертегілерінде пайғамбарлар үш түрлі рөл атқарған.

Солардың бірінде олар кейіпкерлердің бірі ретінде әңгіме желісіне қатысқан. Бұл қатысу кейде шынайы дүниеде, кейде ұйқы әлемінде болған. Пайғамбарлардың ертегі кейіпкерінің түсіне еніп, оның қиындығын шешуі осындай ертегілерде көп қайталанатын мотив болып табылады. Мысалы, проза тіліндегі «Ескендірнамада» Ислам пайғамбарын (с.ғ.с.) түсінде көру, «Бади ул-Джамал уа бади ул-Молк» еңбегінде хазірет Адамды (ғ.с.) түсінде көру арқылы қиындықтың шешілуі қайталанған. «Хамзанама» кітабында ғайыптан келетін түстер көп. Оларда кейбір пайғамбарлар кейіпкерлердің түсіне еніп, оларға жол көрсетеді. Мысалы, осы кітаптың бір бөлігінен былай деп оқимыз: «Түсінде аспан қақ айырылып, бір тақ пайда болады. Тақтың үстінде бір қария отыр екен. Әлгі қария әмір Хамзаға бір кесе шарап ішкізіп: «Ей, перзентім, мен Ибраһим пайғамбармын. Сені жігерлендіру үшін келдім». «Хамзанамада» Омар Умайе төрт пайғамбарды, яғни хазірет Адам, хазірет Ибраһим, хазірет Исмаил мен хазірет Сүлейменді түсінде көріп, олардың әрқайсынан тілек тілейді. Сондай-ақ,  хазірет Ибраһим (ғ.с.) Самандун диюдің хаят суын оны жою үшін Хамзаға көрсетеді. «Джунейднама» ертегісінде сейіт Джунейд Рим патшасының қолына түсіп, онымен бірге Римге бара жатады. Сейіт Джунейд Ислам пайғамбарын түсінде көріп, одан үйренген дұғасының көмегімен тұтқыннан қашып кетеді.

Кейде кейіпкер дағдарысты жағдайда – өмір мен өлімнің арасында қалып, түйінді шеше алмайтын  кезге тап болады. Мұндайда тек  илаһи күш араласып, дертті немесе жараны жаза алады.  

Ежелгі ирандықтар басқа ұлттар мен тайпалар сияқты ауруды сиқырлаудың салдарынан туындайды, оны емдеу үшін онымен күресе алатын адамға бару қажет деп санаған. Иранның ежелгі аңыз-ертегілерінде күш-құдірет, емдеу және сиқырлаудың біртұтас рәсім ретінде жинақталуына үнемі назар аударылған. Мысалы, Фердоусидің «Шахнамасындағы» Феридунның патшалық кұдіреті оның емдік қасиетімен қатар жүреді. Халық ауыз ертегілерінде әдетте қиындыққа ұшыраған кейіпкер пайғамбарлар немесе имамдардың бірін түсінде көріп, пайғамбарлардың бірінің киіміне қол тигізгенде жазылып кетеді немесе өлгеннен кейін пайғамбарлардың бірінің мұғжизасы  арқылы қайта тіріледі.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Хазірет Сүлейменнің алмасы» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, баяғы өткен заманда бір патша болыпты. Оның Малек Мұхаммад, Малек Ибраһим және Малек Джамшид деген үш ұлы болған екен. Патшаның үлкен де таңғажайып бағы болыпты. Патша өлер алдында ұлдарына баққа кірмеңдер деп кеңес береді.  Бір күні үлкен ұл баққа кіріп, бір құланды көріп, соның артынан жүреді. Жол бойында құлан оған бірнеше сұрақ қояды. Ақыры бір қаланың қақпасына жетеді. Ұлды патшаның алдына апарады. Патша: «Жылдар бойы тілге келмеген қызымды таңға дейін сөйлете алсаң, оны саған тұрмысқа беремін, болмаса басыңды аламын»,- деп шарт қояды. Екінші ұл үлкен ағасы келмегендіктен патшалықты Малек Джамшидке тапсырып, үлкен ұлды табуға аттанып, ағасының кебін киеді. Малек Джамшид те ағаларынан хабар жоғын көргенде баққа кіріп, құланның артынан жүріп отырып  қаланың қақпасына жетеді. Сол жерде бір кемпірмен танысады. Кемпір оған: «Бұл құлан кейпіне енген патшаның қызы. Ол осылай осы күнге дейін 200 жігітті өлтірді»,-дейді. Содан кемпір Малек Джамшидке хазірет Сүлейменнің алмасын беріп, оны қалай қолдану керектігін үйретеді. Малек Джамшид патша сарайына барып, кемпір айтқандай істейді. Қыздың сөйлемейтінін көргенде, білдірмей алманы қалтасынан алып шығып, шырақтың астына қойып, оған қарап: «Ей, алма, хазірет Сүлейменнің қабірінің бұрышымен ант етемін, бүгін аман қалуым үшін сөйле»,-дейді. Жігіт ант берген кезде алма сөйлей бастап, мынадай ертегіні баяндап береді. «Ерте заманда молда, ағаш ұстасы мен тігінші дос болыпты. Бір күні олар бір бақты бірігіп жалға алыпты. Кеш батқанда баққа аң түсіп, өздерін талап кетпесін деп, және басқа адамдар келіп, алма мен жүзімдерін ұрламасын деп, екі адам ұйықтап, бір адам кезекпен күзететін болып келіседі. Алдымен күзету кезегі ағаш ұстасына беріліп, молда мен тігінші ұйықтап қалады. Ұста аздап арлы-берлі жүрген соң көзін ұйқы қысып бара жатқанын сезеді. Ұйықтап кетпес үшін өзін алдандырып, қолындағы ағаштан бір қыздың мүсінін жасай бастайды. Ұстаның кезегі біткен кезде қыздың мүсіні де жасалып біткен еді. Ұста мүсінді шетке қойып, тігіншіні оятып: «Менің кезегім аяқталды, енді сен күзет»,-дейді. Тігінші тұрып қараса, ұста әдемі қыздың мүсінін жасап қойыпты. «Өнер деген осы. Ұйықтап қалмайын деп мүсін жасаған шығар» деп ойлайды. Тігінші заттарының арасынан табылған матаның қиындыларынан ағаш мүсінге көйлек тігіп, кигізіп, алғашқы орнына қойып қояды. Осылайша уақытты өткізіп, күзетінің кезегін аяқтайды. Жылдам барып молданы оятып: «Енді сенің кезегің. Мен ұйықтаймын»,-дейді. Молда күзетке шығады. Ұстаның бір ағаш мүсін жасағанын, тігіншінің оған киім тігіп, кигізгенін көреді. Молда да жылдам іске кірісіп, өзі білетін тәсілмен дұға оқып, ағаш мүсінге жан бітіреді. Таң атарда қыз оянып, нағыз адам сынды отырады. Ұста мен тігінші оянып, жұмыстарына кіріспек болады. Қызды көргенде әрқайсысы «Ол маған тиесілі» деп ойлайды. Ақыры осы мәселені шеше алмай, бір-бірін жағадан алады. Ұста: «Мен жасадым, сондықтан менікі»,-дейді. Тігінші: «Киімін мен тігіп, кигіздім, сондықтан ол менікі»-дейді. Молда да қыздың оған тиесілі екенін айтады, өйткені ол қуыршаққа жан бітіріп, адам етті. Ал енді, Малек Джамшид, сен айтшы: кімдікі дұрыс?»,-дейді алма.

Малек Джамшид: «Ұстанікі дұрыс. Егер ол мүсін жасамағанда басқалары ештеңе істей алмаған болар еді»,-дейді. Малек Джамшид осыны айтқанда патшаның қызы тілге келіп: «Жоқ, Малек Джамшид. Дұға оқып, қуаршаққа жан бітірген молданікі дұрыс. Болмаса, ағаш пен мата не істей алатын еді»,-дейді.   

Кенеттен патша қызы сөйлеп қойғанын түсінеді. Перденің ар жағында тұрған нөкерлер патшаға барып: «Қызың сөйледі»,-деп хабар береді. Патша осы хабарды естігенде қатты қуанып, өз құлағымен естіп, сенімді болу үшін қыздың бөлмесіне келеді. Қыз енді теріске шығарудан пайда болмасын көріп, басқа жағынан Малек Джамшидті ұнатып қалғандықтан сөйлей бастап, жігітке: «Сен мен іздеген адамсың»,-дейді. Қызды ұнатып қалған Малек Джамшид те: «Мен саған тек бір шартпен үйленемін. Осыдан былай мұндай іс істемеуге уәде бер»,-дейді. Қыз уәде беріп, жүз қапшық ашрафиді кедейлерге таратып береді. Патшаның бұйрығымен қала шырақтармен безендіріліп, жеті күн, жеті түн той болады. Жетінші түні қыз бен Малек Джамшидтің некесі қиылады. Жоғары көтерілдік, ұн екен, төмен түстік, қамыр екен, біздің ертегі осы екен.

Тегтер