Иран базары (4)
Уылдырық – Иранның қара інжуі (екінші бөлім) Бүгінгі бағдарламада уылдырықтың тағамдық және емдік құндылығы мен Иранның Каспий теңізіндегі бекіре балықтарын сақтап, көбейту үшін жасап жатқан талпыныстарына тоқталамыз.
Алланың атымен бастаймыз!
Ең құнды әрі ең нәрлі теңіз тағамдарының бірі – уылдырық. Оның әлемдік саудадағы пайдасы зор. Уылдырықты көтерме бағамен сату бойынша жылына 1 млрд долларға сауда жасалады. Сондықтан уылдырықтың саудамен айналысатын елдер үшін қандай табыс әкелетінін елестете беріңіздер. Әлемдегі ең қымбат теңіз тағамы уылдырық әдетте таңғы аста әртүрлі формаларда қолданылады. 100 гр уылдырықтың тағамдық құндылығы – 25000 ккал. Ешбір азық-түліктен мұндай көлемде калория ала алмайсыз.

Уылдырық жалпы шикі күйінде пайдаланылады. Кейбіреулер жұмыртқаның сарысымен, хош иісті шөптер, лимон немесе нан мен майға қосып жейді. Бұл нәрлі тағам В2, В6, В12, А, D, Е және С дәрумендеріне толы. Онда минералды заттар, протеин, май қышқылы, антиоксиданттар мен омега-3 бар. Уылдырықты пайдалану қанның құрамында холестериннің көбеюіне жол бермей, жүрек және қан тамырлары ауруына шалдығудан, буындардың ісуі, ас қорыту жүйесіндегі аурулар мен кейбір обыр ауруларынан сақтайды. Сонымен қатар, уылдырық жеу бет терісінің балғындануына септігін тигізіп, бұлшық еттерді нығайтуға өте күшті ықпал етеді. Уылдырықтан алынатын май жүйке жүйесінің бұзылуын емдейді.
Бекіре балығының еті басқа балықтар сияқты әр түрде ұсынылады. Бекіре балығында ұсақ сүйекшелерінің болмауы мен майы аз болғандықтан, мұндай балықтардың еті шұжық, колбаса және котлет сияқты өңделген күйде отандық және шетелдік нарықтарға шығарылады.
Уылдырық бекіре балықтарының ең маңызды әрі ең негізгі өнімі болса да, әлемдік саудада бекіре балығынан түсетін табыс тек оның уылдырығы және етімен шектелмейді. Бүгінде техникалық ғылым мен өңдеу технологиясын пайдалану арқылы бекіре балықтарының басқа мүшелері, соның ішінде ас қорыту жүйесі, терісі, шеміршегі мен жұлынын тамақ, фармацевтика, косметология және гигиенада пайдалануға талпыныс жасалып жатыр. Мысалы, бекіре балықтарының терісі былғары жасауда пайдаланылады. Оның шеміршегі желатин мен бетке арналған иісмай жасау үшін қолданылады. Бекіре балықтарының тағы басқа қосалқы өнімдерінен олардың торсылдағын атауға болады. Ол балық желімі мен сусындарды мөлдірлету үшін және стоматология өнеркәсібінде пайдаланылады. Балықтың қанаттары мен ішек-қарыны балық ұнтағын жасауға қолданылады. Ол бекіре балығын өсіру орталықтарында қосалқы өнім ретінде қарастырылып, табыстың бір бөлігі саналады. Тірі өнімдерді сату да бекіре балығын өсіру орталықтарының табыс көзі саналады.

Бүгінде бекіре балықтары декоративті балықтар нарығында көне де әдемі пішініне байланысты жоғары маңыздылыққа ие. БҰҰ-на қарасты CITES ұйымы тарапынан жыл сайын жарияланатын бекіре балықтары саудасына бөлінетін үлесте бекіре балығының уылдырығы мен етін экспорттау көлемімен қоса, бірінші нәсілді немесе қолдан өсірілетін саусақ бойлы шабақтарды экспорттау көлемі жайында да айтылады. Бекіре балықтары саудасының табысы мол болғандықтан әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Франция, АҚШ, Қытай, Италия, Жапония, Уругвай мен Мексика бекіре балықтарын қолдан өсіріп, көбейтуге бет бұрды. Алайда Иранның қолдан өсірілген бекіре балығы басқа елдердің қолдан өсірілген бекіре балықтарының сапасынан жоғары. Бұған Иранның көптеген жерлерінде осы балық түрін оңтайлы өсіруге қолайлы температураның болуы, жылдам өсетін қортпа сияқты түрлердің болуы, осы салада жұмыс істейтін мамандардың ғылыми-техникалық қабілеті, бекіре балықтарын өсіруге арналған тоғандарды салу қаражатының төмендігі, бекіре балықтарын өндіру құнының төмендігі және бекіре балықтарын өсіріп-өндіру кешендерінде жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы сияқты жағдайлар себеп болып отыр.
Бүгінде әлемде қолдан өсірілген уылдырық пен бекіре балықтарының еті көлемінің жоғары болуына қарамастан, табиғи ортада ауланған уылдырық пен балықтардың еті әлемдік саудада әлі де өзінің орны мен маңыздылығын сақтап отыр. Аквакультура мамандары мен кейбір зерттеушілердің айтуынша, Иран жағындағы Каспий теңізінің тереңдігі және соның айналасындағы ортаның таза да табиғи болуы Иран уылдырығының Каспий теңізінің солтүстігінен алынған уылдырықтан сапа жағынан жақсырақ болуына себеп болды.

Кеңес Одағы құлағаннан кейін Каспий теңізінің солтүстік жағында орналасқан елдерде, соның ішінде Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркіменстанда қортпа балығын жөн-жосықсыз аулау және уылдырық контрабандасы бұл теңізде қортпаның азайып кетуіне себеп болды. Осы мәселемен қоса, зауыттардың қалдықтары мен қалалық және өнеркәсіптік қоқыстар және әртүрлі ауыл шаруашылық улардың теңізге тасталуы оның қоршаған ортасын ластады. Сонымен қатар қортпа балықтарының ұрық тастайтын табиғи жерлерінің бұзылуы, Каспий теңізіне құятын негізгі өзендердің үстіне бөгет пен көпірлер салу және мұнай кен орындарын дамыту бұл теңізде бекіре балықтарының жойылып кету қаупін арттырып отыр. Сол себепті мамандардың осы құнды балықтардың ұрпағын сақтап қалу үшін кеңес берген ең маңызды шешім жолдарының бірі қортпа балығын тудырудан бастап көбейтіп, өсіріп, ет өндіргенге дейінгі барлық кезеңін тоғандарда атқарып, уылдырық өндіру болып табылады. Иранның солтүстіктегі қалаларының бірі Рештте орналасқан Доктор Дадманның Халықаралық бекіре балықтарын зерттеу институты (Iranian Fisheries Science Research Institute) Каспий теңізіндегі тіршілік иелерінің осы құнды түрін сақтап, оның табиғи қорын қайта қалпына келтіру және тіршілігін жалғастыру мақсатында жұмыс жасайтын зерттеу орталықтарының бірі болып табылады.
Бұл институт 1995 жылы Каспий теңізі маңындағы елдер арасында және әлемде осы теңіздегі бекіре балықтарына қатысты ең алғашқы халықаралық зерттеу орталығы ретінде өз жұмысын бастады.
Иранның Халықаралық бекіре балықтарын зерттеу институты әрдайым әлемдегі бекіре балықтарына қатысты бірден-бір мекеме ретінде зерттеушілер мен мамандарға жағдай жасап, практикалық зерттеу жобаларын ұсынып, орындау, бекіре балықтарына қатысты мәліметтерді талқылап, алмасу, ұлттық, аймақтық және халықаралық симпозиумдар өткізу арқылы бекіре балықтарының қорын сақтап, қайта қалпына келтіру мақсатында ғылыми тәсілдерді жүзеге асыруға талпынып келеді. Осыған орай экология, қорды басқару, көбейту, өсіру, генетика мен биотехнология, физиология мен биохимия сияқты әртүрлі бөлімдер мен балық өнімдерін өндіру технологиясы бөлімі осы институтта жұмыс жасайды.
Иранның Халықаралық бекіре балықтарын зерттеу институтының көңіл аударуға тұрарлық белсендігі аз уақыттың ішінде әлемдегі балық өнеркәсібіне қатысты зерттеу орталықтары арасында айрықша орынға ие болуына себеп болды. Уылдырық мәселесінде теңіздің бұл дәмді тағамының атауы Иранмен байланысты болғандықтан, Иранның балық өнеркәсібіндегі басшылар бекіре балықтарын аулауды бақылауға алу, оны өсіру және көбейту, содан соң әртүрлі бекіре балықтарының миллиондаған шабақтарын Каспий теңізіне жіберу арқылы осы теңіздің бұрынғыдай әлемдегі бекіре балықтарының тіршілік ету ортасы болып қалуына күш салуда.