Шіл 30, 2017 11:26 Asia/Almaty
  • Иран базары (6)

Иранның кілем өнеркəсібі осы елдің тарихы сияқты көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткергенімен, əлі күнге дейін бұрынғы əйгілі де айшықты өмірін жалғастырып келеді.

Ирандағы кілем өнеркəсібінің бірнеше мыңжылдық тарихы бар. Бұл өнімде қолданылған нақыштар мен нəзіктік ұзақ жылдар барысында кемелдене түсті. Бұл ирандық өнер осы елдің тарихы сияқты көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткергенімен, əлі күнге дейін бұрынғы əйгілі де айшықты өмірін жалғастырып келеді. Кілемнің жобасын жасаушы əрі жазушы Шырын Сурисрафил ханымның айтуынша, "Иран кілеміндегі өзіндік жобалар осы елдің тарихы, мəдениеті мен дəстүрлі өнер түрлерімен тығыз байланыста болғандықтан, ешқашан оны ескілік пен жойылудың шаңы баспайды. Исфахандағы мешіттердің көгілдір күмбездеріндегі нақыштарынан, Тахт-е Джамшидтегі тастар мен бағандардағы нақыштардан жəне Реза Аббасидің дəстүрлі нақыштарынан да көнеліктің белгісін байқамайсыз". 

Иран кілемі

Тарихи өзгерістер, климаттық ерекшеліктер, жаңалықтар мен жасампаздықтар ирандық өнер иелерінің кілем сияқты өнер туындыларын жасауда əртүрлі стильдер мен тəсілдер қолдануына себеп болған факторлардың қатарына жатады. Иран кілемін бағалағанда төрт фактор – дəстүрлі жəне жергілікті жобалар, өсімдіктерден алынған табиғи бояулар, материалдар, кілем тоқудағы техникалық мəселелерді нақты сақтау назарға алынады. Мысалы, бояу тұрғысынан кілемдер табиғи түске немесе боялған түске ие бола алады. Өз түсіндегі кілемде оның жіптері боялмайды. Боялған кілемде өсімдіктер, жануарлар, минералдар мен химиялық заттардан алынып боялған аршылмаған жібек қолданылады. 

Ескеретін жайт, 20 ғасырдың басына дейін Иранда жіп пен жүнді тек табиғи заттармен бояған. Иранның əртүрлі аймақтарының қолайлы климаты əртүрлі өсімдіктердің өсуі мен бұл елде хайуанаттардың алуан түрінің тіршілік етуіне жағдай жасады. Осындай табиғи нығметтердің болуымен қатар, Иранда  бай кен орындардың болуы да осы елдің шебер бояушыларына берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, ең əдемі əрі сапалы бояуларды жасауға мүмкіндік берді. Иран кілемінің сапасы, əдемілігі мен беріктігі факторларының бірі талшықтарды бояуда қолданылған белгілі бір тəсіл екендігінде күмəн жоқ.

Иран кілемін дəстүрлі жолмен бояуда қолданылатын шикізаттар

Осы саладағы куəлер мен ұстаздардың айтуынша, ертеден осы күнге дейін шамамен 3 мың түс Иранда дəстүрлі тəсілмен дайындалған. Иранның көптеген қалаларында, соның ішінде Йезд, Кашан мен Исфаханда өнеркəсіптік негізде талшық бояу шеберханалары болған. Қазіргі таңда химиялық бояулар бар болғанымен кілем саласындағылар əдемі де тұрақты дəстүрлі түстерді  қолдануға қайта бет бұрды. 

Иранның қалы кілемдерінің көрнекті ерекшеліктерінің бірі қолданылған нақыштары саналады. Кілем өнеркәсібіндегі кейбір эксперттер иран кілемдеріндегі жобалар мен нақыштар негізінде оларды жалпы 19 түрге бөлген. Аббас шах, арабеска, аңшылық, илиати (тайпалық), геометриялық, көне ескерткіштер мен тарихи ғимараттардың суреттері және сауырағаш пішінді нақыштар осындай жобалардың қатарына жатады. Бір кілемнің бетінде бірнеше жоба қолданылуы мүмкін. Мысалы, Аббас шах жобасының өзінде бірнеше түр бар.  «Аббас шахтың гүлдері» деген атпен танылған жоба ерекше гүлдер мен бұталар негізінде қалыптасқан. Бұл гүлдер арабеска мен қытайлық және басқа да ирандық кілемдердің жобаларында көп таралған нақыштармен бірге кілемнің негізгі беті мен шет жағасындағы негізгі суреттерді құрайды. Арабеска жобасы – ирандық кілемдерде қолданылатын келесі бір жоба. Оның да бірнеше түрі бар. Шын мәнінде, ол бұтақтар мен жапырақтардың бүкіл иірімдерімен салынған ағаштың символы. «Қытайлық» жоба – ирандық кілемдердің келесі бір түрі. Онда да бұта бейнеленген. Осы екі жобаның ұқсастықтарына қарамастан, кейбір зерттеушілер арабеска мен қытайлық жобалардың арасындағы өзгешеліктерді ескеріп, арабеска нақышын нақты да дөрекілеу, «қытайлық» нақышты нәзік те биязы жоба деп атаған.

Кілемдерде қолданылған нақыштардың бірі – илиати (тайпалық) нақышы. Осындай кілем түрінің құрылымында табиғи элементтер, соның ішінде гүлдер, өсімдіктер мен жануарлардың суреттері қолданылады. Илиати жобалардың негізгі ерекшеліктердің бірі – суреттердің геометриялық пішінде болуы. Мұнда гүлдер, бұталар мен жануарлар таңғажайып тәсілмен қарапайым сызықтармен бір-біріне жалғанып, ойдан шығарылған суретке айналады. Осындай нақыштардың стилі Иранның кілем тоқу жобаларындағы ең көне стилдердің бірі саналады. Бұл әлі де Ирандағы ауылдар мен көшпенді тайпалардың арасында қолданылады. Илиати жобасы деп аталатын жоба көшпенді тайпалардың талғамы негізінде туындаған. Олар алдын ала дайындалған жобаларсыз-ақ, тек өздерінің табиғи дарындарын пайдаланып, кілем тоқыған. Әлемде осындай дәстүрлі де текті стильде тоқылған кілемдерге  қызығушылар көп. Ең танымал илиати нақыштары Иранның түркімендері, қашқайлары, бахтиярлары, лурлары мен күрдтері арасында салынады.

Аббас шах нақышы

Ирандық кілем тоқушылар қолданатын жобалардың тағы бірі олардың ғимараттар мен сырлы кірпіштердің декоративті формалары мен нақыштарынан шабыт алуынан туындаған. Осындай кілемдерді жобалаушылар кейде ғимараттардың негізгі жобасын дайындауда өз талғамдарына қарай өзгерістер енгізгенімен, кілемнің ғимараттың негізгі жобасына ұқсастығы сақталынады. Осы  топтағы ең әйгілі жобалардың бірі ретінде Исфаханда орналасқан шейх Лүтфолла мешітінің күмбезін, Нишапурдағы имамзада Махруқтың кесенесінің маңдайшасы мен күмбезін, Исфахандағы Имам мешітінің күмбезін, Шираздағы Персеполис тарихи кешенін, Керманшахтағы Тақбустан кешенін атауға болады.

Кілемнің тоқылуымен таныс ирандықтар әдетте кілемдерді олардың аты және нақышымен таниды. Алайда ирандық жобалар әлемде әдетте олардың тоқылған жерімен танымал. Мысалы, «Дуйдух» кілемін Солтүстік Хорасан облысындағы Джерглан ауданында орналасқан Дуйдух ауылында тұратын түркімендер тоқиды. Бұл аудан түркіменнің текті жылқыларымен қоса, түркімен өнерпаздары тоқитын әдемі кілемдерге ие. Әлемнің әртүрлі елдерінде бұл кілемге қызығушылар көп.  «Дуйдух» кілемінің тоқылу ерекшеліктерінің қатарында жоғары сапа, техника, ерекше нәзіктікпен қоса, жобалардың көбінің ойдан шығарылуын атау керек. Екі жағы да жібектен тұратын бұл кілемді тоқу тәжірибесі өнерпаз түркімен әйелдер мен қыздар арасында ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Бұл кілемнің өзіндік тұтынушылары бар. Ол тапсырыспен тоқылады. Канада, Германия, Аустрия, Италия, Ливан, Ресей мен Жапония елдері «Дуйдух» кілемдерін сатып алушылардың қатарына жатады.  

Арабеска нақышы

Осы уақытқа дейін Иранның қолдан тоқылған кілемдерінің әртүрлі географиялық атаулары Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (World Intellectual Property Organization/WIPO) тарапынан тіркеуге алынды. Мұндай қалаларға Табриз, Харис, Хой, Исфахан, Құм, Мешхед, Хамадан, Кашмар, Кашан, Керман, Гаиг, Саруқ (Арак), Йезд, Ардебиль мен Туркаман (Гүлстан)  жатады. Осы қалалардың арасында Табриз мұражайлары, мәдени-көркемдік орталықтары мен тарихи және исламдық ескерткіштерінің болуына байланысты және әртүрлі фестивальдерді, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары және көшпенділердің өнімдерін сатуға арналған жәрмеңкелер өткізетін болғандықтан, ислам елдері арасында 2018 жылғы ең үлгілі туристік қала болып таңдалды. Бұл қала Дүниежүзілік қолөнер кеңесі (World Crafts Council) тарапынан «Дүниежүзілік кілем тоқу қаласы» деген атауды да иемденді. Кілем тоқу өнерін дамытудың маңызды орталықтарының бірі ретіндегі Кілем мұражайы мен Мұзаффарие тарихи базарының болуы Табриз қаласының «дүниежүзілік кілем тоқу қаласы» ретінде таңдалуының себептерінің бірі болды.  

Табриз кілемі

Иранда кілем өнеркәсібін таныстырып, сапа және сан жағынан жоғарылатумен айналысатын әртүрлі орталықтар мен институттар бар. Осындай орталықтардың бірі – Иранның ұлттық кілем орталығы. Бұл орталық х.ш.ж.с.б. 1382 жылы (2003 жылы) Иранның қолдан тоқылған кілемдерінің құндылығын елдің іші мен сыртында таныту үшін  кілем тоқушылар мен осы құнды өнімді экспорттаумен айналысатындарды қолдауды бастады.  Иранның ұлттық кілем орталығы осы уақытқа дейін елдің ішінде әртүрлі көрмелер өткізді. Сонымен қатар кілем тоқушылар мен өндірушілердің басқа елдердегі халықаралық кілем көрмелеріне қатысуына жағдай жасады. 1395 жылдың шахривар айында Теһранда өткен қолдан тоқылған кілемдердің 25-ші халықаралық көрмесінде кілем-онлайн энциклопедиясының  ағылшын тіліндегі нұсқасы жұрт назарына ұсынылды. Оны мына сайттан www.wikicarpet.com көруге болады.  Бұл жан-жақты энциклопедия Иран кілеміне қызығушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Соңғы жылдары кілем өнеркәсібімен айналысатын әлемнің кейбір елдері, соның ішінде Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай, Мысыр, Румыния мен басқа елдер өздерінің кілемдерін кейде Иранның  атымен немесе ирандық нақыштар мен жобалардың көшірмесімен шығарып, кілем нарығына қатысып отыр. Алайда ирандық тоқушылар әлі де әлемдегі кілем индустриясында бірінші орында. Әлемдік нарықтағы тұтынушылар алдында кілемге тектілік сыйлайтын жайт – Иранның атауы.