Қыр 02, 2017 11:37 Asia/Almaty
  • Иран базары (9)

Бүгінде тамақ стратегиялық тауар ретінде қарастырылып, тамақ өнеркәсібі мен соған қатысты салалар әлемдегі ең ірі индустриялар мен сауда тармақтарының бірі саналады.

Иран базары

Бүгінде тамақ стратегиялық тауар ретінде қарастырылып, тамақ өнеркәсібі мен соған қатысты салалар әлемдегі ең ірі индустриялар мен сауда тармақтарының бірі саналады.

Кейбір халықаралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2050 жылға дейін әлем халқы 9 млрд-қа жетеді. Адамдар тіршіліктерін сақтап қалу үшін  әртүрлі салада, соның ішінде тамақ саласында минималды тұрмыстық стандарттардың сақталуын қажет етеді. Адамдарды тамақпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік өндірісін кемінде 50 пайызға арттыру қажет.  Мұндай жағдайда егіс алқаптары, биологиялық әралуандық, мұхиттар, ормандар мен басқа да табиғи көздер айтарлықтай жұтап барады. Әлемдегі климаттық өзгерістер осы күнге дейін әртүрлі елдерде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің 25 пайыздан астамын жойды.  БҰҰ-ның болжамдары бойынша,  2050 жылға дейін тұрғындар санының арту көрсеткіші тұрақты қалса, әлемнің әртүрлі елдерінде халықтың 51 пайызы өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оның импортталуын қажет ететін болады.

Халық санының өсуі және адамдардың тамаққа қажеттілігінің күн өткен сайын артуы азық-түлік көздерінің азаюымен бірге үкіметтер мен зерттеушілердің назарын өздеріне аударып отырған маңызды мәселелердің бірі болып отыр.  Осыған орай қолда бар тамақ көздерін оңтайлы пайдаланып, ауылшаруашылық өнімдерін дұрыс сақтау және ысырап етпеу тәсілдерін қолдану, жаңа тамақ көздерімен қамтамасыз ету, өнімдердің сапасын сақтау үшін тиісті қаптама қолдану – осының барлығы азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық саясат ретінде қарастырылып отырған мәселелердің қатарына жатады. 

Мұнымен қоса, қоғамның өркендеуі және ғылым мен өнеркәсіптің дамуы жаңа тағамдық әдеттер мен стильдердің пайда болуына себеп болды.  Тіпті өнімдердің әралуандығы, жаңа тағам өнімдері мен ББҚ-тың шығарылуына қажеттіліктің артқаны күн сайын сезіледі. Тағамның адам денсаулығымен тікелей байланысы және үкіметтер мен қоғамдардың тамақтың саны мен сапасына ерекше көңіл аударуы тамақ өнеркәсібі мен соған қатысты өндірістердің маңыздылығының артуына себеп болды.

Тамақ өнеркәсібі

Тамақ өнеркәсібі деп егіс алқаптары мен бақтардан өнімдерді жинап, малды сойғаннан кейінгі шикізатты қолдануға болатын тамаққа айналдыратын барлық белсенділіктер аталады. Өңдеу сияқты амалдарға физикалық және химиялық өзгерістер, сақтау және буып-түю тәсілдері, азық-түліктің сапасын бақылау, фабрикаларда өндіріс желісін жобалау және оңтайландыру жатады. Тамақ өнеркәсібінің мамандары бұл амалдарды өнімдердің саны мен сапасын жоғарылату мақсатында орындайды. Бүгінде әлем деңгейіндегі мыңдаған компания тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Бұл өнеркәсіптің құндылығы бүкіл әлем бойынша 8 мың миллиардтан асады.

Иран – салыстырмалы түрде  құрғақ климатқа ие үлкен ел. Иран өзінің географиялық жағдайы, климатының әралуандығы, құнарлы егіс алқаптары, егін, мал және балық шаруашылығында мамандандырылған жұмыс күшіне ие болуына байланысты елдің тамақ кәсіпорындарының көмегімен сапалы өнімдерді өндіріп, экспорттау үшін жағдай жасай алды. Иран жері  12 түрлі климаттық белдік пен құнарлы жерлерге ие болу арқылы қоңыржай, жартылай тропикалық және тропикалық аймақтардың әртүрлі өнімдерінің барлығын жоғары сапамен өндіру мүмкіндігіне ие. Иран шамамен 20 ауылшаруашылық өнімін, соның ішінде пісте, құрма, анар, жүзім, қызанақ пен лимонның түр-түрін өндіретін әлем бойынша негізгі 5 елдің қатарында.  Елдің бау-бақша өнімдері түсі, нәрлілігі пен дәмі тұрғысынан жоғары сапаға ие. Иранның кейбір егін шаруашылығы өнімдері ішкі қажеттіліктен көп өндірілетіндіктен, олардың зая кетуінің алдын алу үшін өңдеу кәсіпорындарының көмегімен қосымша құн салығы қосылған өнімдерге айналдырылып, ішкі нарықта тұтынылады немесе шетелдік нарықтарға экспортталады.   

Иранның тамақ өнеркәсібі

Бүгінде Иранда мыңдаған экономикалық кәсіпорын тамақ өңдеу саласында жұмыс істеп жатыр. Бұл сала өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын байланыстырушы буын болып табылады. Ол елдің бүкіл өнеркәсібінің 18 пайыздан астамын құрайтын тамақ өнеркәсібінің Иранның мұнайдан тыс өнімдерінің экспортында маңызды рөл атқаруына көмектеседі. Бұл саланың аясы өте ауқымды.  Минералды судан бастап сұйық май, бала, әртүрлі сүт өнімдері, соя, шай, күріш пен ет өнімдерін қамтиды. Мысалы, егін шаруашылығы өнімдері саласында тамақ өнеркәсібін зерттеушілер күріш зауыттарының қосалқы өнімдерінен күріш кебегін алып, оны тағамдық майға айналдырады немесе өңдеу өнеркәсібінің арқасында ағаштың бұтағы, жапырағы, діңгегі мен құрма ағашы сияқты кейбір ағаштардың жемісі мен сүйегін өнеркәсіптік (сүйектен әртүрлі май алу, ағаштың діңгегін  қағаз зауыттарында пайдалану) және тағамдық мақсаттарда (тәтті-дәмділер, маринадтар пен мармелад жасау, сусындар үшін эссенция алу) қолданып, олардың қалдықтарын мал мен құс жемінің құрамында пайдаланады. Компот, түрлі тосаптар, мармелад пен тоңба түріндегі өңделген өнімдер, әртүрлі құрғақ немесе кептірілген жеміс-жидектер мен көкөністер, тұздалған және маринадталған өнімдер, көкөністер мен бұршақ тұқымдастардан жасалған дайын тамақтардың барлығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің осы тобын оңтайлы пайдалану үшін жасалған жұмыстардың қатарына жатады.

Қазіргі таңда әлем халқы қолданатын ет өнімдерінің 15 пайыздан астамын балықтар мен олардың өңделген өнімдері құрайды. Балық өнеркәсібі өнімдерін қолдану әралуан түр, дәм мен көптеген қолайлы қаптамалардың болуына байланысты арту үстінде. Иран Каспий теңізінде 600 км-ден астам, Парсы шығанағы  мен Оман теңізінде 1800 км-ден астам жағалауы болғандықтан, теңіз қорларына  қолжетімділік тұрғысынан жоғары орынға ие. Су шекарасының ұзындығы ирандық экспорттаушыларға  балықтың өте құнды түрлеріне ие болуға мүмкіндік берді. Иранда балық өнеркәсібімен айналысушылар бүгінде  өңдеу өнеркәсібінің арқасында балықты  сақтау мерзімін ұзартумен қоса, оны әртүрлі тартылған өнімдерге, соның ішінде сосиска, fish burger, fish finger және дайын сорпаларға айналдырып, дәмді де протеині мол тамақты консервілейтін кәсіпорындар ашу арқылы өнімдерін ішкі-сыртқы нарықтарға шығаруда.

Тамақ өнеркәсібінде буып-түю өнеркәсібі ерекше орынға ие.  Қаптама тұтынушы табуда маңызды рөл атқарумен бірге өнімнің көбірек сақталуын қамтамасыз етіп, тасымалдаудың шығыны мен қалдықтарды азайтады. Тұтынушылардың қолайлы қаптамадағы сау әрі таза тамаққа қызығуы тамақ өнеркәсібінде нанотехнологияның дамуына себеп болды. Нанотехнология – 21 ғасырдағы ең маңызды заманауи технологиялардың бірі. Ол адам өмірінің стандарттары мен экономиканың жақсаруына таңқаларлықтай әсер етеді. Бұл технология азық-түлікті  өңдеу мен сақтауда, наножасушаларды пайдалану арқылы жабын жасауда, азық-түлік зауыттарының құрылғыларындағы микробқа қарсы наноэмульсия арқылы ластықты жоюда және ауру тудыратын ластаушыларды анықтау үшін биологиялық датчиктерді жасауда пайдаланылады. Қаптама – тамақтың қауіпсіздігі саласындағы негізгі мәселелердің бірі. Нанотехнология тамақ өнеркәсібінде бәрінен көп буып-түю саласында, тамақтағы ауру тудыратын факторларды анықтауда, материалдың құрамын жасуша деңгейінде өзгертуде қолданылады.  Нано ғылымын қолдану буып-түюде қолданылатын материалдың сапасы мен тиімділігін жақсартуға себеп болып, нәтижесінде тамақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

Иранда да мыңдаған зерттеуші 260-тан астам университет пен зерттеу орталығында нанотехнология саласында зерттеумен айналысуда. Тіпті, нано ғылымымен айналысатын 10 елдің арасында Иран алтыншы орында тұр.  Нанотехнологияны азық-түлік пен дәрі-дәрмекті буып-түю өнеркәсібінде пайдалану бойынша ирандық зерттеушілердің нанокомпозит қаптамасын жасаудағы  сәттілігін атауға болады. Бұл қаптама өнімді сақтау мерзімін айтарлықтай арттырады. Аталмыш ғылыми жетістікте ирандық зерттеушілер екі наножасуша мен темір оксидін пайдалану арқылы азық-түлік қаптамаларында қолданылатын полимердің қасиеттерін жақсартуға қол жеткізді.

Бүгінде Иранда нанотехнологияны қолданатын ондаған компания әртүрлі салаларда, соның ішінде гигиена, өндіріс құрылғылары, тұрмыс заттары, наноматериалдар, фармацевтика мен медицина, анықтау және сараптау құралдары, текстиль мен киім-кешек, көлік пен тасымал, құрылыс пен архитектура, бояу мен түстер, энергетика, мұнай мен соған қатысты салаларда, су мен қоршаған орта, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсіптерінде 300-ден астам өнім өндіріп, жұмыс істеп жатыр.