Қыр 20, 2017 11:58 Asia/Almaty
  • Иран базары (12)

Иран Жер планетасының пайдалы қазбалары мен экономикалық әлеуеттері тұрғысынан өте бай аймақта орналасқан. Иранның пайдалы қазбалары арасындағы темір кентасының қоры Иранды он үздік елдің қатарына қосты. Бүгінгі бағдарламаны Иранның темір қоры мен болат өнеркәсібіне арнаймыз.

Иран базары

Иран Жер планетасының пайдалы қазбалары мен экономикалық әлеуеттері тұрғысынан өте бай аймақта орналасқан. Маккензи экономикалық институтының сараптамасына сәйкес, «Иран дәлелденген газдың үлкен қоры мен дәлелденген мұнайдың төртінші қорына ие болғанына қарамастан, бұл елдің экономикасы жоғары экономикалық алуандығына байланысты мұнай мен газға қатты тәуелді емес. Көтерме сауда, жылжымалы мүліктер, кәсіби қызметтер мен бай пайдалы қорлар Иранның экономикалық әлеуеттерінің қатарына жатады. Иранның анықталған кен орындарда  68-ден астам пайдалы қазба бар. Олардың құны осы уақытқа дейін 700 млрд долларға бағаланған. Иранның қазба байлықтарының арасында осы елдің темір кентасы Иранды он үздік елдің қатарына қосты».

Иран кен орындарының картасы Mineral Distribution Map of Iran

Темір кентасы – темір металынан тұратын минералды тастың түрі. Темір – Жер планетасында кең таралған элементтердің бірі. Оның оксиді Жер қабатының шамамен 5 пайызын құрайды. Бұл металл табиғатта 300-ден астам кен орнынан табылған. Темір кентасы гематит пен магнезит таралған жерлерден алынады. Гематиттің 70 пайызы, магнезиттің 72 пайызы темірден тұрады.

Темір кентасының бір үлгісі

Адамдардың ерте замандарда темірді қалай алғаны жайлы әртүрлі болжамдар бар. Кейбіреулердің сенімінше, адамдар ерте заманда темір кентасынан алынған әртүрлі қоспалық дәрежесіндегі темірді өздеріне қажет заттарды жасау үшін пайдаланған. Кейбіреулердің сенімінше, сол замандағы адамдар темір таза күйінде көбірек кездесетін метеоритті пайдаланған. Қай тайпа мен ұлттың алғаш рет осындай маңызды элементті тауып, қолдануды үйренгені беймәлім. Әлемнің шығысында ұлы өркениеттер қалыптасқан Месопотамия (қазіргі Ирак), Кіші Азия, Мысыр мен Қытай сияқты ең маңызды аймақтарда темірдің пайдаланылғаны жайында деректер бар. Археологтардың Иранның орталығында орналасқан Сиалк төбесінде жүргізген қазба жұмыстары барысында б.з.д. 5 мыңжылдыққа тиесілі табиғи гематиттен тұратын көптеген темір түйіршіктер табылды.

Кашанның Сиалк төбесінен табылған кейбір заттар

Таза темір жер бетінде өте сирек кездеседі, өйткені ол оттегі мен ылғалға жақын жерде оңай тотығады. Таза темірді алу үшін  кен орнынан алынған темір кентастарды байыту қажет. Сонда құрамындағы қоспалардан тазартылады. Қолда бар археологиялық ескерткіштер бойынша, балқытылған темір б.з.д. екінші мыңжылдықтан бастап пайдаланылған. Уақыт өте келе, темір заттар әртүрлі қалыптарда, соның ішінде құрал-сайман, қару-жарақ, тіпті әшекей бұйымдар түрінде қолданылған.  Б.з.д. 1 мыңжылдықтың басында арий тайпасы Иранға келгеннен кейін темірді пайдалану бұл жерде көбірек тарала бастады. Ежелгі ирандықтар кейбір құрал-саймандарды, әсіресе семсер, найза мен оқ сияқты соғыс құралдарын жасау үшін темірді пайдаланған. Батыс Әзірбайжанда орналасқан Хасанлу аймағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан б.з.д. 9 ғасырға тиесілі әскери құрал-жабдықтар табылды.

Хасанлу төбесінен табылған тас шоқпарлардың бастары

Сонымен қатар, Ежелгі Иранда темірді пайдалану саласында Ахеменилер заманынан қалған Пасаргад пен Персеполис кешендеріндегі бағандардың  төмен бөліктері мен маңдайшаларға тоқталуға болады. Онда қолданылған қашалған ірі тастар бір-біріне темір мен ағаш арқаулар арқылы жалғанған.

Археологиялық деректерге сәйкес, Иранның ең үлкен темір кен орындары саналатын Чодурмалу, Гүлгохар мен Санган сияқты кейбір кен орындары  ежелгі замандарда қолданыста болған. Иранның солтүстік-шығысындағы Хорасан-е Разави облысында орналасқан Санган темір кені –   әлемнің ең үлкен темір кен орындарының бірі. Санган кен орнының әртүрлі бөліктеріндегі үңгірлер мен шұңқырлардан қалған қалдықтар көне замандарда бұл жерде темір кентастарының өндірілгенін көрсетеді. Сарапшылардың есептеулерінше бұл кен орнында 2 млрд-тан астам тонна темір кентасы бар. Санган темір кен орнының ерекшеліктерінің бірі – оның жоғары сынамасы.

Санган  темір кен орнының көрінісі

Темір кентасының сынамасы, ондағы су мен ылғалдылық, құрамындағы қоспалар, кентастың көлемі, оның сынамасының көбею қабілеті – кентастарды бағалаудың ерекшеліктерінің бірі. Сондықтан минералогияның кентастарды пайдалануда маңызы зор. Бір минералда темірдің сынамасы жоғары болуы мүмкін, алайда минералдың құрамы, мысалы, күшәні бар минерал мен оның қоршаған ортаны ластауы салдарынан оны темір мен болат алудың шикізаты ретінде пайдалануға болмайды. Бүгінде темір кентастарының көбінің үстіне сынамасын арттыру немесе қоспалардан тазарту үшін минералдық өңдеу жасалады.  Минералдық өңдеудің тарихы тас дәуірінен басталған деседі. Адамдар тас құралдарын жасау үшін тастардың қасиеттерін білуді қажет еткен. Минералдық өңдеу – өндірілгеннен кейін кентасқа жасалатын амалдардың жиынтығы. Минералдық өңдеу амалдарының мақсаты – кентасты көбінесе бір немесе бірнеше құнды минералды кентасты құрайтын басқа да қосалқы немесе бос элементтерден  бөліп алу.

Иранда тау-кен өнеркәсібінің қосымша құн тізбегін толықтырып, дамыту, шикізат сатудың алдын алу және жан басына шаққандағы табысты арттыру   мақсатында темір кентасынан концентрат пен түйіршік сияқты өнімдерді алуға талпыныс жасалады. Темір концентраты темірдің сынамасы жоғары өңделген өнім болып табылады. Ол ұнтақ түрінде болғандықтан биік және дөңес пештерде қолдануға келмейді. Сондықтан  оны түйіршік қалпына енгізеді. Ол темір кен орны мен болат өндіру пештерінің арасындағы өнім болып табылады. Түйіршік жасау дегеніміз концентраттан алынған немесе алдымен шикі, содан соң пісіріліп, қатырылған темір кентасынан түйіршік өндіру.   Түйіршік – шикі темір мен кеуекті темірді өндіру үдерісінде қолданылатын шикізат.  

Иранда темір түйіршіктер мен кеуекті темір өндіру

«Гүлгохар» кен орны – Иранның Фарс облысында орналасқан ең үлкен темір кен орындарының бірі. Онда кен өндірісі кемінде 900 жыл бұрын басталған. 1 млрд тоннадан астам темір кені бар. Мұнда болат өндіру тізбегінде тепе-теңдік тудырып, өндірістің қосымша құнын арттыру үшін түйіршік жасау жобасын жүзеге асыру арқылы елдің осы саладағы қажеттілігін қамтамасыз етуге талпыныс жасалды.  Темір кентасынан алынатын келесі өнім – темір концентраты. Иранның орталық шөлінде орналасқан «Чадурмалу» кен орны – өндірілген кентасы концентрат жасауға пайдаланылатын кен орны.

 «Чадурмалу» – Ирандағы темір концентратын өндіретін ең үлкен кен орны

Темір кентасы – темір мен болат өндіру үшін қажет ең маңызды шикізат. Әлемде темір кен орындарынан алынатын кентастың 90 пайыздан астамы болат өндіруге пайдаланылады. Темір металы аздап жұмсақ әрі осалдау болғандықтан, болат сияқты берік құйма алу үшін көміртек, марганец пен кремний сияқты элементтермен синтезделеді. Болат темірге қарағанда әлдеқайда мықты әрі төзімдірек. Бүгінде темір мен оның болат сияқты құймасы әлемдегі машина жасау технологиясының негізін құрап, ғимараттар мен көпір салу, машина, кеме  мен локомотив жасау секілді әртүрлі салаларда жоғары қолданысқа ие. Елдердің дамуындағы болат өнеркәсібінің маңыздылығы, бұл өнімнің қоршаған ортаға үйлесімдігі және халықаралық ұйымдардың алдағы бірнеше онжылдықта әлемде болатқа сұраныстың артатыны туралы болжамы үкіметтер мен жеке сектордағы инвестициялық компаниялардың өнеркәсіптің осы саласына инвестиция салуына себеп болды. Қазіргі таңда Иранда Исфаханның «Фулад-е мубараке» кешені, Кавиан болаты, Бонаб болат кешені, Саве прокат пен профиль жасау зауыттары, Хузистан болат компаниясы, Сепахан өнеркәсіптік тобы сияқты ондаған кәсіпорын болат пен оның өнімдерін, атап айтқанда, арқау, арқалық пен табақ түрлерін өндіру саласында жұмыс істейді. Иранның болат өнеркәсібіндегі өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қоса,  Таяу Шығыс, Африка мен Еуропаның кейбір елдеріне экспортталады.