Иранның ғылыми-техникалық және медицина саласындағы жетістіктері (16)
«Иранның ғылыми-техникалық және медицина саласындағы жетістіктері» бағдарламасының кезекті бөлімінде Иранның Ислам революциясынан кейінгі жылдардағы ғылыми, техникалық және медицина саласындағы жетістіктеріне тоқталамыз.
Нанотехнология Ислам револциясынан бұрынғы кезеңде, тіпті әлемдік деңгейде де таралмаған болатын. Бірақ, назар аударар жайт, осы технология жаңа бағыт ретінде әлемге тарала басталғаннан кейін ИИР да нанотехнология алаңына аяқ басып, бұл жолда айтарлықтай ілгерілеп, бүгінде әлем бойынша алтыншы орынға жетті.
Нанотехнология адамның өміріне көп ықпал етті. Себебі бұл технология белгілі бір саламен шектеліп қалмай, электроника, медицина, күнделікті өмір және тағы да басқа алаңдарда түрлі қызметтер атқарады. Сонымен қатар қазіргі таңда Иранның нанотехнология саласында 330 түрлі өнім өндіріледі. Бұл өнімдер 15 елге экспортталады.
БҰҰ-ның Даму және сауда конференциясы ұйымы ИИР-ның соңғы жылдары ғылым, технология және инновация салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін мойындады. Осы мәліметке сәйкес, соңғы онжылдықтарда Иран білім саласында, әсіресе, іргелі, техникалық, инженерлік ғылымдар бойынша білім беруді нығайту аясында көп талпыныс жасады. Иран Азияның батысындағы басқа елдермен салыстырғанда жоғарғы және арнайы білім беру бойынша жыныстық теңдікке негізделген адам капиталының мықты базасын дамыта алды.
Иран техникалық-инженерлік білімге ие адами ресурстың біліктілігі бойынша халықаралық рейтингтерге кірді. Мысалы, жаһандық инновациялық индекс есебі бойынша, 2014 жылы техникалық-инженерлік салада білім алушылардың саны Иранның барлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің шамамен жарты бөлігін құрайтынын көрсетті. Бұл мөлшер Бразилия, Малайзия мен Түркия сияқты елдердің көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Осы аяда Иран техникалық-инженерлік мамандықтар саласында білім алғандардың үлесі бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұр.
БҰҰ-ның сауда және даму конференциясы ұйымының мәліметі бойынша, Иран 2000 жылдан бері ғылым, технология және инновацияның дамуының екінші толқынына қосылған. Осы аяда мектептер, университеттер, зертханалар мен ғылым және технология парктері мен даму орталықтары сияқты инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында талпыныстар жасады. 2016 жылға дейін Ирандағы ғылым және технология парктері 39-ға жетіп, елде 1700 даму орталығы қызмет атқаруда.
2014-2016 жылдар аралығында жаһандық инновациялық индекс рейтингіндегі Иранның орны 42-ші орынға көтеріліп, 2014 жылғы әлемдік рейтингтегі 120-шы орыннан 2016 жылы 78 орынға шықты.
Биотехнология технологияның келесі бір маңызды саласы ретінде соңғы жылдары әлемдіктердің назарын өзіне аударды. Бұл технология жоғары оқу орындарына енгізілгеннен кейін ирандық зерттеушілер аталмыш саланың жаңадан бой көтеруіне қарамастан қысқа мерзім ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Адамдар мен жануарлардың 65 түрлі ауруына қарсы вакциналардың 3 миллиардтан астам дозасын өндіру арқылы Таяу Шығыста вакцина мен іріткі өндірісі бойынша бірінші орынды иелену биотехнология саласындағы зерттеушілердің маңызды жетістіктерінің бір бөлігі саналады. 2010 жылдың өзінде ғана Иранда 100 биотехнологиялық өнім өндірілді. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, бұл мөлшер 500 өнімге дейін жететін болады.
Сонымен қатар, бағаналы жасушалар мен қалпына келтіру емі жаңа бой көтерген салалар болғанымен, ИИР-ның осы алаңдағы жетістіктері ирандық зерттеушілердің жоғарғы біліктілігін көрсетеді. Биотехнология және медицина салаларында білім алатын ирандық студенттер осы ғылымды пайдалана отырып, бағаналы жасшулар технологиясы мен зерттеулері бойынша әлемдегі озық он елдің қатарына енді.
Ирандық зерттеушілер бағаналы жасушалардың көмегімен ми, сүйек, тері, тіпті жүректің зақымданған тіндерін қалпына келтіре алды. Сонымен қатар, бағаналы жасушаларды клондауды да іс-жүзінде іске асырды. Бағаналы жасушаларды көздің қасаң қабығының трансплантациясы, PRP-терапиясы, жүрек және жүйке тіндері мен сүйек жасушаларын емдеу мақсатында кіндіктің бағаналы жасушаларын көбейту, жұлын миына келтірілген зақымдарды емдеу, клондау және эмбрионалды бағаналы жасушалар өндірісі елдің осы технология алаңындағы ірі жетістіктерінің қатарын құрайды.
2006 жылы Иранда алғаш рет клондау арқылы «Ройана» атты қойдың пайда болуы елдің клондау алаңындағы алғашқы табысты қадамы болды. Одан кейін де Ройана тәжірибесінде қолданылған жаңа технологиялар мен әдістер жетілдіріліп, «Хана» есімді лақ клондау арқылы пайда болды. Бұл да ирандық зерттеушілердің клондау саласындағы екінші табысты қадамы саналды.
2008 жылы индукцияланған плюрипотенттік бағаналы жасушалардың өндірілуі, сол жылы елде алғаш рет алапес ауруына шалдыққан науқастарды емдеу және жағдайдарын жақсарту үшін емдік жасушаларды пайдалану, сондай-ақ, алғаш рет кіндік қанының жалпыға ортақ банкінің құрылуы, 2009 жылы ІХ қан ұю факторын тудыратын адамның генін қамтитын алғашқы трансгендік лақтың пайда болуы, 2010 жылы адамның ұлпалық плазминогенді белсендіргіш tPA генін қамтитын алғашқы трансгенді лақ ирандық зерттеушілердің осы саладағы жетістіктерінің қатарын құрайды.
Медицина саласында да Иран көзге көрінерліктей жетістіктерге қол жеткізді. Иран қазіргі кезде өмір сүру ұзақтығын арттыру, ана мен баланың өлімін азайту, медицина саласында білім алушылардың санын арттыру, емдеудің жаңа тәсілдерінде алдыңғы қатардан көріну, жаңа технологиялардың көмегімен дәрі-дәрмек өндіру бойынша әлемдегі озық елдердің қатарына кіріп отыр. Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы революцияға дейін 54-57 жас болса, 38 жыл өткеннен кейін қазір ерлер үшін 76 жас, ал әйелдер үшін 79 жасты құрайды.
Ислам революциясына дейін Иранның жер-жерінде 5890 маман болды. Оның 68 пайызы Теһранда қызмет етті. Бірақ қазіргі кезде Иранның медициналық жүйесінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 78 мың жалпы практикалық дәрігер, 36 мың дәрігер мен салалық маман, 24 мың жалпы практикалық тіс дәрігері, 2 мың тіс дәрігері, 19 мың фармацевт, 200 ғылыми-зертханалық саланың маманы, 35 мың акушер және 15 мың кәсіптік дипломы бар мамандар қызмет атқаруда.
Бүгінгі таңда Иранда жалпы практикалық дәрігер мамандығы бойынша 30000 докторант оқып жатыр. Бұдан кейін де жалпы практикалық дәрігерлер қоғамына жыл сайын 2000 адам қосылып отырады деп болжануда. Иранның жалпы практикалық дәрігерлер қоғамына мүше 10 мыңға жуық адам арнайы мамандықтар бойынша жоғары білім алып жатыр.
Иранның фармацевтика өндірісінің 80 жылдық тарихы болғанымен, бұл өндірістің өркендеуі тек Ислам револциясынан кейін басталды. Шамамен 20 жыл ішінде 5-6 ірі фармацевтикалық зауыт салынғаннан кейін Иранның фармацевтика өндірісі биотехнологиялық дәрі-дәрмектерді өндіру кезеңіне аяқ басып, науқастарға қажет арнайы биотехнологиялық өнімдерді өндіре бастады. Қазіргі кезде Иранда 34 биотехнологиялық дәрі өндіріледі.
Иран сонымен қатар жұлынды трансплантациялау алаңында ота жасау мөлшері бойынша әлемде Италиядан кейін екінші орында тұр. Өткен 26 жылдан осы уақытқа дейін Теһранның Шариати ауруханасының өзінде ғана 5373 рет жұлын мен қанның бағаналы жасушаларының трансплантациясы жасалды. Иранда жылына орта есеппен 700 рет осындай ота жасалады.