Қаз 11, 2017 13:55 Asia/Almaty
  • Иран базары (14)

Иранды асыл тастармен әрленген жасырын жұмақ деп атайды. Геологиялық құрылымына байланысты бұл жердің әрбір бөлігінен асыл тас тауып алатын мүмкіндік бар. Бүгінгі бағдарламада Иранның асыл тастар кен орындарының әлеуеттеріне тоқтаймыз.

Иран базары

Иранды асыл тастармен әрленген жасырын жұмақ деп атайды. Геологиялық құрылымына байланысты бұл жердің әрбір бөлігінен асыл тас тауып алатын мүмкіндік бар. Асыл тастар – кен орындарынан табылатын пайдалы қазбалар. Асыл тастардың адам өміріне енуі шамамен 6-7 мың жыл бұрын басталған. "Асыл тастар" атауы әдетте кейбір ерекшеліктеріне байланысты басқа тастар мен кен түрлерінен өзгешеленетін пайдалы қазбаларға қатысты қолданылады.Тек інжу мен маржан құнды органикалық тастар саналады. Асыл тастардың көбі кристалды тау жыныстары болып табылады.

Асыл тастар пайдалы қазбалардың қатарына жатады

Алғашқы адамдардың алғашқы әшекейі өмір сүрген жерінің табиғаты мен мәдениетіне байланысты қабыршақ, сүйектің сынықтары, піл сүйегі, ауланған жануарлардың тісі немесе құстың қауырсыны болған. Олар  осы заттардың көмегімен өздерін тылсым күштерден қорғап, бәле-жала мен аурулардан аулақ болып, дене күшін арттырамыз деп сенгенге ұқсайды. Біртіндеп, сиқырлық және емдік сенімдерден бөлек, әшекей бұйымдарды пайдаланудың жеке қызығушылық, жанұялық белгі, әлеуметтік дәреже мен байлық сияқты қырлары пайда болды. Тіпті, егер адам әшекей бұйымдарын қолданбаса, басқалардың алдында төмен көрінетін болған.  

Тарихи деректер көрсеткендей,  асыл тастар алғаш рет әшекей бұйымдарын жасау үшін пайдаланылған. Бұл тастар азды-көпті барлық тайпалар мен ұлттардың арасында болған.

Ирандықтар да табиғатта бар минералдарды пайдаланып, олардың қалыбын өзгерту арқылы осы әдемі тастардан әшекей жасаған қауымдардың қатарына жатады. Олар ұзақ ғасырлар бойы жиналған білім мен тәжірибенің арқасында гемология ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Бағзы замандардан қалған  ғылыми еңбектер мен көне жазбаларда ирандықтардың пайдалы қазбалар және асыл тастармен таныс болғаны айтылған. Абу Райхан Бируни (973-1048 ж.ж.), Джабир бен Хайян (8-9 ғасырлар), Мұхаммад бен Закария Рази (9-10 ғасырлар), Әбу Әли ибн  Сина (10-11 ғасырлар) сияқты ирандық ғалымдар пайдалы қазбалардың ерекшеліктері анықталғаннан бірнеше ғасыр бұрын одан хабардар болған. Сол замандарда барлау, тас кесу мен қашау, сату және гемология ғылымын оқыту қарқынды дамыған әртүрлі кәсіптердің қатарында болған.

Иран – асыл тастардың жұмағы

Асыл тастар 19 ғасырдың ортасынан бастап қымбат және жартылай қымбат тастар болып екіге бөлініп, топтастырылды. "Асыл тастар" деген термин алмаз, лағыл, көк лағыл және зүмірет сияқты тастарға қолданылады. Бұл тастар алтын сияқты әдемілігі, беріктігі және сирек кездесетіндігіне байланысты өте қымбат. Алмаз – ең қатты пайдалы қазба. Ол кристалды көміртек түрінде келеді. Лағыл мен көк лағыл – "корунд" деп аталатын басқа бір қатты минералдың түрлерінің бірі. Зүмірет – берилл текті минералдың бір түрі.   Ол корунд сияқты қатты емес, бірақ кварцтан қаттырақ.

Жартылай қымбат тастар – көбінесе кварц текті асыл тастар. Ақық (агат), көгілдір ақық (бирюза), магнит, күлгінтас (аметист), жасыл ақық (аквамарин), авантюрин, халцедон, цитрин, яшма, турмалин мен топаз сияқты тастар жартылай асыл тастардың қатарына жатады. Кез келген асыл тастың құны  әдемілік, беріктік, мықтылық, жалтырлық, көлем, қордың молдығы, кесілімі мен танымалдығы тұрғысынан анықталады. Малахит пен лазурит сияқты кейбір жартылай асыл тастардың әдемілігі кей кездері оларға жоғары бағаның белгіленуіне себеп болды. Сол себепті асыл тастар саудасында қымбат және жартылай қымбат тастар деген терминдерді қолдану азайып барады.

Асыл тастар саудасы соңғы онжылдықтарда гемология ғылымының дамуы, асыл тастарды өндіру, өңдеу және бұйым жасау саласының дамуына байланысты әлемдік деңгейде айтарлықтай кең тарады. Тіпті кейбір елдердің экономикасы осы саудаға тікелей байланысты. Әлемдегі асыл тастар саудасында жылына жүздеген миллиард доллар қаржы айналысқа түседі. Асыл тастар әртүрлі қасиеттерге ие. Олардың көбі әлемдегі маңызды да стратегиялық өнеркәсіптерде қолданылады. Бұл тастар зергерлік бұйымдарды жасауда қолданылумен қатар, өнеркәсіптің кейбір маңызды салаларында, соның ішінде нанотехнологиялар, ядролық жобалар, медициналық құрал-жабдықтар мен ғарыш телескоптарын  жасауда  қолданылады. Сонымен қатар,  тастар мен олардың ерекшеліктері бүгінде "gem therapy" деп аталатын емдеу түрінде пайдаланылады. Медицинаның қосалқы салаларының бірі ретінде таныстырылып, классификацияланған  бұл емдеу тәсілі ежелгі медицинадан бастау алады.

Иранда ірі барлау жұмыстарын жүргізу және пайдалы қазбалар туралы бастапқы мәліметтерді жинау міндеті елдің Геология және барлау ұйымына жүктелген. Бұл ұйым 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Жоғары технология мен білікті мамандарының болуына байланысты бұл ұйым әлем бойынша Таяу Шығыстың геологиялық картасы мен әлемнің сейсмотектоникалық картасын жасаған ең үздік 8 геология ұйымының қатарына жатады. Иранның геология ұйымы осы уақытқа дейін асыл тастар кен орындары саласында жүргізген жұмыстарының нәтижесінде анықталған 40-қа жуық асыл тасқа ие болғандықтан, Иранның осы салада әлеуеті жоғары. Құм, Хорасан, Керман, Хамадан, Исфахан, Семнан мен Күрдістан облыстары елдің асыл тастар кен орындары орналасқан ең маңызды аймақтары саналады. Тіркелген кен орындарының арасында  Құмдағы ақық пен Нишапурдағы көгілдір ақық кен орындары өте маңызды. Ақық пен көгілдір ақық тастары ислам мәдениетінде рухани мағынаға ие. Діни тұлғалар тұрғысынан мұсылмандарды осы тастарды қолдануға шақырған әртүрлі рауаяттар қалған. Мысалы, имам Садық (ғ.): "Ақық тасы бар сақина тағыңыздар. Ол Құдай берген тас. Мұндай сақинаның иесінің тағдыры жақсы боларына үміт бар",-деген.  

Ақық қондырылған сақина

Құмдағы ақық кен орны – Иранның маңызды асыл тастар кен орындарының бірі. Мұндағы кен орнында 5 мыңнан астам тонна ақық бар деп болжануда. Осы уақытқа дейін ақықтың 80 түсі, соның ішінде қою қызыл, ашық қызыл, көк, сұр, қоңыр, көкшіл, қара мен жасыл түсі анықталған.

Ирандағы асыл тастардың бірі – көгілдір ақық. Көгілдір ақық – сирек кездесетін құнды минералдардың бірі. Бұл тастың түсі ашық көктен қою жасылға дейін барады. Бұл асыл тас Иранның әртүрлі жерінде, соның ішінде  Хорасан-е Разави, Оңтүстік Хорасан, Керман, Йезд пен Семнан облыстарында кездеседі. Иранның ең танымал көгілдір ақығы –  Хорасан-е Разави облысында орналасқан Нишапурдың көгілдір ақығы. Ол әлемге танымал.  Persian Quality – Ирандағы Нишапурдың көгілдір ақығына қатысты қолданылатын термин. Нишапурдың көгілдір ақығы әлемдегі осы тастың сапасын анықтайтын өлшем болып табылады. Нишапурдың көгілдір ақығы кен орны – осы тасқа қатысты әлемдегі ең көне кен орындарының бірі. Мыңдаған жыл бұрын онда көгілдір ақық өндірілген. Нишапурда өндірілген ең көне көгілдір ақықтан жасалған бұйым – шамамен 7 мың жылдық тарихы бар бұзау кейпіндегі мүсін. Бұл мүсін бүгінде Теһранда орналасқан Иранның Ежелгі мұражайында сақталынған.

Айтып өту қажет, Хорасан-е Разави облысының асыл тастары әлемге танымал. Бұл Хорасан-е Разави облысының орталығы Мешхед қаласының Дүниежүзілік қолөнер кәсібі кеңесі (World Crafts Council Aisbl) тарапынан асыл тастардың дүниежүзілік қаласы ретінде таңдалуына себеп болды.  

Иран жеріне аяқ басатын көптеген туристер Иранның Ұлттық асыл бұйымдар мұражайын көруді мақсат етеді. Теһранда орналасқан бұл мұражай әлемдегі ең қымбат зергерлік бұйымдар топтамасына ие. Онда 182 каратты қызғылт түсті "Нұр дария" алмазы, алмазбен әрленген "Тахт-е хуршид" немесе "Тахт-е Тауыс" патша тақтары, зүмірет пен лағыл, 34 кг таза алтын мен зүмірет, алмаз, ашық және көк лағыл тастардың  51 мыңнан астам бөлшегі пайдаланылып, Жер планетасының картасында теңіздер, құрлықтар мен географиялық шекаралар өте шеберлік әрі нәзіктікпен бедерленген "Асыл тасты глобус" көрмеге қойылған. Бұл мұражайда, сондай-ақ, Киани тәжі, Надери тағы, інжу бұйымдарына арналған сандықша, алтын белдік, зүмірет сөре, шахтың семсері, асыл тас қондырылған қақпақ пен тағы да басқа әдемі асыл тастардан жасалған жүздеген бұйымды көруге болады. Олардың әрқайсысы Иран халқының көркемдік талғамы мен жасампаздығын көрсетеді.

"Нұр дария" алмазы