Жел 18, 2017 15:39 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (125)

Бүгінгі бағдарламада Иранның алдағы жылға арналған бюджет жобасы, Иран мен Еуропаның экономикалық қарым-қатынастары, Иранның  Ресей, Кавказ және Каспий маңы елдерімен байланыстарына шолу жасаймыз.

Иранның шамси жыл санағы бойынша 1397 жылға арналған бюджет жобасы осы аптада қарастырылып, бекітілуі үшін Иран Ислам кеңесі мәжілісіне тапсырылды. Экономикалық журналымызды осы тақырыптағы хабармен бастаймыз.

Иранның Жоспарлау және бюджет ұйымының мәлімдеуі бойынша, Иранның алдағы жылға арналған бюджеттің жалпы ресурсы 368 трлн. тұманды құраса, салық және кедендік алымдар мен басқа да кірістердің мөлшері 193 трлн. тұманды құрады.

ИИР президенті Хасан Рухани жексенбі күні Мәжілістің отырысына қатысып, шамси жыл санағы бойынша 1397 жылға арнаған бюджеттің үлкен мақсаттарына тоқталып: «Бұл жоба өткен жылдардағы жобалармен салыстырғанда өзгеше тәсілдермен құрастырылып, бюджеттің аппараттарға емес, облыстарға бөлінуі қуатталды. Осы мәселені жүзеге асыру облыстардың тең түрде дамуы мен кемшіліктерді жоюға көмектесе алады. Алдағы жылдың бюджет жобасында мұнайдан түсетін табыс әр баррель үшін 55 доллар деп белгіленді. Мұндай  кірістің болуы Иранның орта және ұзақ мерзімді экономикалық мәселелерін шешу үшін маңызды. Алдағы жылдың бюджетінде экономиканың 6-7 пайыздық өсімі де болжанып отыр. Алайда экономикалық жобаларды жүзеге асыру мен инвестиция тарту үшін үкіметтің валюталық және риалдық кірісі жеткіліксіз болса, экономикалық өсімнің бұл деңгейіне жету қиынға соғады» деді.

Мәжіліске ұсынылған бюджет жобасындағы үкіметтің макрэкономикалық бағдарламалары екі бөлімді: бірі – елдің қаржылық, банктік және валюталық жүйесіне түзету енгізуді, екіншісі – салықтық кірістерді іске жарату мен қаржылық дисциплина бөлімдерін қамтиды. Сонымен қатар, мұнай сатудан түсетін кірістерге арқа сүйегенде өте абай болу керек. Себебі, мұнайдың бюджеттегі орны әрдайым алаңдаушылық тудырады. Осындай жағдайда мұнай саудасынан түсетін кіріс өткен жылдар бойы мұнай бағасының күрт төмендеуінен туындайтын қатерлерді азайту үшін жасалған талпыныстарға қарамастан бұрынғысынша бюджетті реттеуде маңызды рөл атқарыап отыр. Мұнай саудасынан түсетін кірісті ел экономикасына енгізудің оң әсерлері болғанымен көптеген жайттарда мұнайдан түскен кірістің басым бөлігі елге аса қажеті жоқ тұтыну тауарларын импорттауға жұмсалады. Иранның экономикасына салада ауыр зиян тиді.

Осындай жағдайда алдағы жылға арналған бюджеттің Мәжілісте қаншалықты қолдауға ие болатынын байқау керек.

Иранның ірі әрі дамуға бет алған нарығы еуропалық елдер үшін аса тартымды болып. Осы аяда еуропалық делегациялардың Иранға сапарларының бұрынғы қарқынмен жалғасып жатқанына куә болып отырмыз. Өткен аптада Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Теһранға келді. Екі елдің қайраткерлері келіссөздерінің бір бөлігі экономикалық дипломатия мәселелеріне арналды.

Иран қайраткерлері Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Борис Джонсонмен кездесуде «Ортақ қадам» келісімінен кейін Ұлыбританияның Иранмен экономикалық ынтымақтастық саласында әріптестік жасамағанын сынға алды. Кездесулер барысында Ұлыбританияның Иранмен банктік байланыстардағы қиындықтарды әлі шешпегені айтылды.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі ИИР-на жасаған сапарының мақсатын екі елдің түрлі салаларда, соның ішінде, саяси, экономикалық және парламенттік салалардағы ынтымақтастықтарын арттыру деп атап, бұл мақсатты іс жүзінде асыруға мүмкіндіктің бар-жоғын байқау керек екенін баса айтты.

Өткен аптада Иран мен Испания экономикалық алаңда бір ортақ отырыс өткізді.

Осы сапарлар мен отырыстардың өткізілуі ирандық-еуропалық кәсіпкерлердің келіссөздері үдерісінің жалғасып жатқанын көрсетеді. Көптеген еуропалық елдер, соның ішінде, Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания мен Италия Иранда жұмыс жасауға әзірліктерін мәлімдеп, экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделі екенін айтты.

Алайда еуропалықтардың Иранмен қандай сауда қатынастарын көздейтіні туралы сауал туындайды: тауар сату нарығы, ма әлде ортақ инвестициялар ма?

Осы келіссөздердің деңгейі Еуропа одағына мүше көптеген елдердің Иранмен түрлі қатынастар орнатуды көздейтінін көрсетеді. Дегенмен, олар бәрінен бұрын экспортты көздейді. Инвестициялар мен ортақ инвестициялар да олардың жоспарларының басты өзегінің бірі болып табылады. Мысалы, испаниялық компаниялар ұзақ мерзімді жобалар, әсіресе, инфрақұрылымдар, тасымал , темір жол, әуежай бөлімдерінде әріптестік жасауға мүдделі. Германия, Франция мен Италия да Иранмен осы алаңдар бойынша ынтымақтастық жасай бастады. Иран осы алаңдарда технологиялар жөнелту негізінде әріптестік жасауды қуаттап отыр.

Иран экономикаға әртүрлілік енгізетін қарсыласу экномикасын күн тәртібіне енгізді. Сол себепті Иран тек мұнай мен газға арқа сүйеп отырған жоқ. Иран экономикасын жоспарлаушылар елдің түрлі нфрақұрылымдық салалардағы экономикалық байланыстарын кеңейту үшін жағдай тудыруды көздеп отыр. Осы мақсаттар мен сын-қатерлерді назарға алып, барыс-келістер екі тарап арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың бірдей дамуына көмектесіп, қиындықтарды шешу мен ынтымақтастықтар үшін қолайлы жағдай тудыруға септігін тигізеді деп күтілуде.

Иран мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстары экономикалық, кәсіптік, туристік, тасымал және кеме жүргізу салаларын қамтитын екіжақты ынтымақтастықтар тақырыптарының кең спектрін қамтиды. Осы ретте сейсенбі күні Владикавказда «Иран мен Солтүстік Кавказ: ынтымақтастық тарихы мен әріптестіктер көкжиегі» атты форум өтті.

ИИР мен Солтүстік Кавказдың ынтымақтастықтар форумына Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Моджтаба Хосроутадж бастаған осы министрліктің делегациясы қатысты.

Мұсылмандар мекендейтін облыстар мен республикаларды қамтитын Солтүстік Кавказ аймағы Иранмен түрлі салаларда әріптестік жасай алады. Әріптестіктер барысында күре жолдар, темір жол, әуежай мен порттарды қамтитын инфрақұрылымдар кеңейтіліп жатыр. Иран да порттар мен кеме жүргізу ісі бойынша көптеген мүмкіндіктерге ие. Ресей мен Каспий маңындағы басқа елдер, соның ішінде, Қазақстан және Түркіментстанмен теңіз қатынасын орнатқан. Иранның солтүстігіндегі тасымал саласының мүмкіндіктері, соның ішінде, Бандар Анзали мен солтүстік облыстардағы әуежайлар осы салада ықпалды түрде көмектесе алады.

Форум барысында түрлі бөлімдер арасында жасалатын келісімдер мен меморандумдардан кейін Иран мен Солтүстік  Кавказ арасында сауда-экономикалық және академиялық  байланыстардың мөлшерінің күрт артатыны болжанып отыр. Соның нәтижесінде, Иран мен Ресейдің аймақаралық байланыстарының үлесі де артады.

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағы Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Солтүстік Осетия, Кабардино Балкария, Карачаево-Черкесия республикалары мен Стравополь аймақтарын қамтиды. Бұл аймақ Грузия мен Әзірбайжан республикасымен көршілес орналасқан. Оның халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайды. Осы кешеннің Иранмен ынтымақтастық жасау үшін көптеген мүмкіндіктері бар. Каспий теңізіндегі тасымал кешені жобасын жүзеге асыру бойынша әріптестік жасау Солтүстік Кавказдың қызығушылығын тудырып отыр. Сол себепті Иран мен Ресей арасында сауда одағын құру сияқты ұсыныстарды Ресейдің Сауда және өнеркәсіп палатасы мен Иран-Ресей Сауда кеңесі қарастырып жатыр.

Ынтымақтастықтарды кеңейту Каспий теңізінде кеме жүргізу саласының дамуына,  Иранның солтүстік облыстары мен Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағы арасында жолаушы және жүк тасымалы рейстерінің ашылуына себеп болады.

Өткен аптада Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Бакуге сапармен барды.

Мохаммад Джавад Азари Джахроми Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Ақпарат министрлерінің екінші саммитіне қатысу үшін Бакуге барды.

Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі сонымен қатар «Баку-Тел» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл көрмеде ЭЫҰ-на мүше 10 елдің компанияларымен қатар, АҚШ, Канада, Ресей, БАӘ, Қытай, Финляндия, Франция, Швеция, Нидерланды мен тағы басқа бірнеше елдің компаниялары байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы өз жетістіктерін жұрт назарына ұсынды.

Иран, Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан мен Әзірбайжан респубикасы ЭЫҰ-на мүше 10 елдің қатарын құрайды.

Джахроми осы сапарында Әзірбайжан республикасының президенті Илхам Әлиевпен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы «Решт-Астара» темір жолы, фармацевтикалық және көлік жасау зауыттары сияқты ортақ жобалардың жүзеге асырылуы үдерісі қарастырылды.

Иран мен Әзірбайжан республикасы – Каспий теңізі жағалауында орналасқан екі көршілес ел. Географиялық байланыс екі және көпжақты ынтымақтастықтар үшін қолайлы мүмкіндік болып табылады. Иранның Сыртқы істер министрі өткен аптада Мәскеуде Каспий теңізі жағалауындағы елдердің Сыртқы істер министрлерінің жетінші отырысына қатысып, осы аймақтағы елдердің ынтымақтастықтарын кеңейту үшін бірқатар ұсыныс жасады.

Зариф Каспий маңы елдерінің Каспий теңізінің құқықтық режимі туралы конвенцияны қорытындылаумен қатар, ортақ инвестициялық қор құру, ортақ кедендік терезе ашу, кедендік алымдардың тарифтерін бірыңғайлау, арнайы және еркін сауда аймақтарының әріптестіктері, ортақ тасымал компанияларын құру, мәдени-қоғамдық қатынастарды кеңейтіп, толықтыру, туримзді кеңейту, визаны рәсімдеуде барынша жеңілдік жасау және визалық режимді толығымен алып тастау үшін әрекет ету мәселелерін алдағы келіссөздер мен кеңесулерде жұмыс тәртібіне қосуға ұсыныс жасады.

 

Тегтер